Accessibility links

«Қазақтелеком» компаниясының жаңадан «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» енгізетіні туралы хабарды батыс баспасөзі интернетке бақылауды күшейту деп қабылдады.

«ДЕЛДАЛ АРҚЫЛЫ ШАБУЫЛ»

«Қазақтелеком» ұлттық компаниясы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар компания сайтына кіріп, «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» орнатуға тиіс екені туралы мәлімдемесінен соң, Американың New York Times газеті бұл жаңалықты Қытай билігінің интернетке цензура қоятын шараларымен салыстырған.

«Қытайдан үлгі алған Қазақстан билігі интернеттегі құпия-парақтар мен Қазақстан шекарасы арқылы түсетін және шығатын мобильді трафиктің шифрін ашу үшін өз «Ұлы әрі отты дуалын» үн-түнсіз құрып жатыр» деп жазады басылым. Қаңтар айында іске қосылады деп жоспарланған ақпаратты ұстап қалу жүйесі биліктің «интернет пен ұялы байланыстың қазақстандық пайдаланушыларына арналған көп ақпараттың мазмұнын бұғаттауына көмектеседі».

New York Times газетінің жазуынша, егер Қытай интернеттегі ақпаратты «Ұлы брандмауэр» деген қымбат әрі күрделі сандық инфрақұрылымның көмегімен сүзгіден өткізсе, Қазақстан бұған арзанырақ амалдармен қол жеткізуді көздеп отыр. Ел азаматтарына компьютер, смартфондарға «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» орнатуды міндеттеу жоспарланған. Сертификаттың көмегімен шетелдік сайттардан түсетін ақпараттарды ұстап қалу мүмкін болмақ. Қауіпсіздік сарапшылары «делдал арқылы шабуылдау» деген терминмен атайтын бұл амал биліктің қазақстандық пайдаланушылар мен шетелдік серверлер арасындағы трафикті ашып оқуына жол ашады. Әдетте мұндай жүйені жұмыс уақытында қызметкерлердің белгілі бір сайттарға кіруіне кедергі келтіру үшін, ақпаратты ұрлау мен қауіпті вирустардан қорғану мақсатында ірі корпорациялар қолданады.

ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ҚАТЕР

Америкалық Verge сайты Қазақстан жаңа жүйені интернетке бақылауды бұрынғыдан да күшейте түсу үшін пайдаланбақшы деген қауіп барын жазады. «1989 жылдан бері билікте отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимі веб-сайттарға цензура орнатып, өзгеше ойлайтын жандарды түрмеге қамау арқылы 2012 жылдан бері баспасөзге бақылауды күшейткен» дейді «Қазақтелеком» компаниясы жаңадан енгізбек болып жатқан «ұлттық қауіпсіздік сертификатына» қатысты мақалада.

Сайт сарапшыларының деректері бойынша, қазақстандық стратегия бұдан ертеректе де қолданылған – 2011 жылы ирандық хакерлер Gmail желісіндегі 300 мыңға жуық қолданушының электронды адресіне мониторинг жүргізу үшін осындай әдісті пайдаланған. Бұл үшін олар Голландияның DigiNotar сертификатын қолданған. Сәл кейінірек Google, Microsoft және өзге компаниялар DigiNotar сертификатын қара тізімге енгізген соң голландиялық компания банкротқа ұшыраған. «Егер олар қазақстандық сертификатты да қара тізімге енгізсе, қазақстандық пайдаланушылар интернеттегі ақпараттың көбіне қол жеткізе алмайды» деп ескертеді Vergе сайты.

Ғылым және технология саласындағы жаңалықтарды жариялайтын америкалық Tom’s Hardware сайтында түсіндіргендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар «Қазақтелеком» компаниясы сайтына кіріп, «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» орнату жөніндегі нұсқауларды орындауы тиіс. «Бұл, шын мәнінде билік бүкіл HTTPS трафикті ашу мүмкіндігін алып, өз азаматтарын аңдуға көшеді дегенді білдіреді. Билік құпияландырылған трафикті оқып қана қоймай, кейбір парақтарға цензура да енгізе алады» деп жазады Tom’s Hardware сайты.

Биліктің «қауіпсіздік мақсатында» деген сөзіне сайт авторлары «бұл сертификатты орнату қазақстандық қолданушыларды ел билігі ғана емес, түрлі қылмыстық топтардың алдында қорғансыз етеді» деген қарсы уәж келтіреді. «Егер хакерлер сертификат түбірін ашатын жеке кілтке (қазақстандық биліктің ол жеке кілтті қорғайтындай [әлемдік деңгейде танылған қауіпсіздік деңгейінде] мүмкіндігі жоқ деп болжауға болады) қол жеткізсе, олар кімнің болсын коммуникациясын ашуға мүмкіндік алады» деп жазады Tom’s Hardware сайты.

Мақалада жаңадан енгізілгелі отырған бұл әрекетке тосқауыл қоюға технологиялық компаниялардан өз серверлері немесе қосымшалары әлгі сертификатты танымайтындай етіп шара қабылдауын сұрау арқылы қол жеткізуге болатыны айтылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG