Accessibility links

Хосни Мүбәрәктің 9 қателігі


Демонстрант өзгертілген Хосни Мүбәрәктің портретін ұстап тұр. Каир, 31 қаңтар 2011 жыл

Демонстрант өзгертілген Хосни Мүбәрәктің портретін ұстап тұр. Каир, 31 қаңтар 2011 жыл

Foreign Policy («Форин Полиси») журналы ақпанның 1-і күнгі санында Египет президентінің елде саяси толқудың тууына себепші болған нендей басты-басты тоғыз қате жібергенін жазады.


Журналдың тұрақты авторы Блэйк Хоуншелл Египеттегі режимге қарсылық шаралары өтіп жатқан уақытта елді 30 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Хосни Мүбәрәктің ешқандай мәмілеге келмейтін сыңай байқатып мәлімдеме жасағаны туралы жазады. Өткен сейсенбінің кешінде президент елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында келесі президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбайтыны жайында айтқан.
Египет президенті Хосни Мүбәрәк мемлекеттік телеарна арқылы үндеу жолдап тұр. Каир, 1 ақпан, 2011 жыл

Осы мәлімдемесін нығырлай түсу үшін президент бұдан былай халықпен бірге болатынын, Египет топырағында өлуге дайын екенін және елінен қашып, қуғынға ұшыраған Тунис президенті Зин әл-Әбидин Бин Әлидің күнін кешкісі келмейтінін жеткізген. Хосни Мүбәрәк осымен бесінші мерзім бойы ел басқарып келеді.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ЕЛДІҢ КЕУДЕСІН ЕЗІП ТАСТАДЫ

Осыдан кейін-ақ Хосни Мүбәрәктің биліктен кетуін талап еткен Тахрир алаңына жиналған наразылық танытушылар халықты президенттің тағы бірнеше айға орнында қалу ниетінен бас тартқызуға шақырды. Foreign Policy-дің авторы Блэйк Хоуншелл осы мәлімдемесі арқылы Мүбәрәк Бен Әлидің жолына түсіруі мүмкін тағы бір қателік жасады деп санайды. Автор ары қарай Хосни Мүбәрәктің ел басқарып отырып жіберген басты 9 қатесін таратып айтуды жөн көреді.

Автордың айтуынша алғашқы қателік – президенттің ел байлығын көптің игілігіне айналдыра алмауы. Жалпы алғанда, Египеттің экономикасы біршама жақсы дамығанымен, египеттіктердің басым көпшілігі оның пайдасын көре алмай отыр. Мұның есесіне биліктегі Мүбәрәк басқаратын Халықтық-демократиялық партиямен байланысы бар ауқатты бизнесмендер көптің көз алдында ел байлығын жымқырып, талан-таражға салғанын айтады автор.
Демонстрант Хосни Мүбәрәктің портретін Гитлерге ұқсатып бояп алған. Каирдегі Тахрир алаңы, 31 қаңтар 2011 жыл

Парақорлық пен жемқорлықтың мемлекеттің барлық саласына енуіне жағдай жасау – Хосни Мүбәрәк жіберген екінші қателік. Автордың жазуынша, жоғарғы һәм төменгі деңгейді дендеген парақорлық пен жемқорлықтың кесірінен египеттіктер адал еңбегімен күн көруден қалғанын айтып зар қағады. Қандай да бір шаруаны бітіру үшін міндетті түрде тамыр-таныс қажет болады немесе пара беруіңе тура келеді. Бұған қоса, ысырапшылдық етек жайған.

Президенттің үшінші қатесі – көзбояушылығы. Хосни Мүбәрәкке дейінгі Гамаль Әбдел Насыр мен Әнуар Саадат жайлы қандай пікір айтсақ та, олар мемлекетке не қажет екендігін білді және соған орай жоспарлары болды. Мәселен, Әбдел Насыр социализм мен ешкімге қосылмау ұранының аясында Араб елдерінің бірлестігін құруды көздеді. Ал Әнуар Саадат Израиль және Батыс елдерімен бейбіт қарым-қатынас орнатудан бұрын Египеттің әскери қуатын қалпына келтіруді мақсат тұтты. Ал Хосни Мүбәрәктің тұсында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап, инфрақұрылымдар күйреді, Египет АҚШ-тың қолбаласына айналды дегенді алға тартады автор.
Демонстранттар Мүбәрәктің кетуін талап етіп тұр. Каирдің Тахрир алаңы, 1 ақпан 2011 жыл

Басы бар, аяғы жоқ реформалар – Хосни Мүбәрактың төртінші қатесіне кіреді. Автор египеттіктердің үкіметтің жалаң ұран мен науқаншылдыққа негізделген реформаларынан әбден шаршағанын айтады. Халық реформа жүргізілетінін естісе болды, одан биліктің президенттікке таласатын тәуелсіз үміткерлерді тықсыратын қандай да бір кезекті айла-шарғысын іздеп тұрады.

Соңғы он жылда Хосни Мүбәрәктің Ұлыбританияда білім алған ұлы Гамаль Мүбәрәк елдің ішкі саясатын қалыптастыруға араласып жүр. Египеттіктер Гамаль Мүбәрәктің болашақта мемлекетті басқарғанын қаламайды. Бұл тұста ол түсініксіз либералды экономикалық реформалар арқылы және сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан дәулетті топтармен байланыс орнату жолымен өзін танытуға тырысады. Ал соңғы уақыттағы шеруге шығушылардың басты ұраны – мемлекетте мұрагерлік арқылы билік құруға жол бермеу. Бұл да президент жіберген үлкен қателердің бірі дегенді айтады автор.
Каирдің жүздеген мың тұрғыны Мүбәрәкке қарсы "Миллиондар маршына" шықты. Каир, 1 ақпан 2011 жыл

Ішкі істер министрлігі полиция қаңтардың 25-і наразылық танытушылар соншалықты тас-түйін, берік болады деп ойламаған еді. Бұған дейін елдегі бытыраңқы, әлсіз оппозиция тарапынан ұйымдастырылатын шағын қарсылық шараларын ауыздықтап үйреніп қалған Египеттің қауіпсіздік күштері осы жолы да үйреншікті қарсылық күтті. Алайда бұл жолғы наразылық танытушылардың артында бір-бірімен өзара байланысқан, техникалық тұрғыдан жарақтанған, әрі өз аудиториясымен және сыртпен қалай байланысу керектігінен жан-жақты хабардар ұйымдастырушылар тұрды. Тағы бір айта кетерлігі, бұлар саяси партиялардың өкілдері емес еді. Осыдан келіп қаңтардың 28-і, жұма күні полицияның дымы құрып, шарасыз күйге түскендіктен іске әскерилер араласуға мәжбүр болды. Яғни, шеруге шығушылардың әлеуетін дұрыс бағамдай алмай Хосни Мүбәрәк тағы бір қателікке ұрынды деп жалғастырады өз пікірін автор.

Президент жіберген келесі қателік - оның елді үнемі алдап келуі. 30 жыл бойғы ел басқару кезеңінде парламенттегі талас-тартыстарда Хосни Мүбәрәк оппозициялық партияларға қатысты жасанды шегіністер жасағанын айтады автор. Бірақ 2010 жылы өткен сайлау кезінде Халықтық демократиялық партия дауыс беру нәтижесін көпе-көрінеу бұрмалап, парламенттегі көпшілік орынды иеленіп, сайланған Вафд партиясына аз ғана орын қалдырды. Ал «Мұсылман бауырлар» тобынан парламентке бірде-бір өкілді өткізбей тастады.

ҚЫСЫЛТАЯҢ ШАҚТАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР

Блог авторы Блэйк Хоуншелл Хосни Мүбәрәк қасына кәнігі сыбайластарын топтастыру және басбұзарларды пайдалану арқылы соңғы сәтте екі қателік жіберді деп санайды. Қаңтардың 28-і, наразылық шараларының төртінші күні полиция жұмбақ күйде ғайып болып, аяқ-астынан пайда болған баскесерлер көше-көшені кезіп наразылық танытушыларға шабуыл жасаған. Қарашы топ үйлер мен дүкендерді тонаймыз деп қарапайым тұрғындарға қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл басбұзарлардың көбісінде қауіпсіздік күштерінің немесе полицияның өкілі екендігін айғақтайтын құжаттары болған. Егер Хосни Мүбәрәк осы шара арқылы орта тап өкілдерінің бетін бері қаратуға үміт артқан болса, онда ол мүлдем қателесті. Себебі сол күннен бастап-ақ наразылық танытушылардың қатары көбеймесе, кеміген жоқ дейді автор.
Мүбәрәктің жақтастары мен оған қарсы жұрттың арасындағы қақтығыс. Каир, 2 ақпан 2011 жыл

Ал қаңтардың 28-күні жасаған мәлімдемесінде Хосни Мүбәрәк елде саяси және конституциялық реформалар жасауға уәде бергеніне қарамастан, Қауіпсіздік органының басшысы Омар Сүлейменді өзіне вице-президент, ал әскери әуе күштерінің отставкадағы генералын премьер-министр етіп тағайындады. Оппозиция жетекшілері мен сарапшылар мұны бірден Хосни Мүбәрәктің әдеттегі айла-шарғысы деп бағалады.

Автор Хосни Мүбәрәктің қателіктері бұдан кейін де жалғаса беруі әбден мүмкін деп түйіндейді өз ойын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG