Accessibility links

Нижат Рахимовтың ескі допинг дауын еске салып жатыр


Қазақстандық атлет Нижат Рахимовтың олимпиадада жаңа рекорд орнатқаннан кейін шаттанған сәті. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Қазақстандық атлет Нижат Рахимовтың олимпиадада жаңа рекорд орнатқаннан кейін шаттанған сәті. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Шетел баспасөзі Риода серпе көтеруден әлем және олимпиада рекордын жаңартқан қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовқа назар аударған. «Кезінде допингпен ұсталғанына» бола оның жеңісіне күмән білдіретіндер де бар.

23 жастағы қазақстандық атлет Нижат Рахимовтың 10 тамыз күні Рио-де-Жанейро олимпиадасында алған алтын медалі мен рекорд жаңартуы спортшы мен жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп қана қоймай, оның бұрын допинг дауына қалғанына қатысты қызу пікірталасқа да түрткі болды.

2013 жылы Әзербайжан құрамасындағы өзге 17 ауыр атлетпен бірге допингпен ұсталғаннан кейін бұрынғы әзербайжандық спортшы, қазір Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүрген Нижат Рахимов екі жылға жарыстан шеттетілген болатын.

2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадасы кезінде алынған допинг-сынамаларды қайта тексеру нәтижесі бойынша Қазақстанның ауыр атлеттер құрамасы Рио-де-Жанейро олимпиадасынан түгелге жуық шеттетілгені мәлім. 2012 жылғы олимпиаданың ауыр атлетикадан төрт чемпионы – Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло және Илья Ильиннің допинг сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылған. Төртеуі де тексеру аяқталғанға дейін жарысқа қатысудан шеттетілген.

Допинг жанжалынан соң ресми жарыстардан уақытша шеттетілген ауыр атлет Илья Ильин Рио олимпиадасына көрермен ретінде келді. 12 тамыз 2016 жыл.

Допинг жанжалынан соң ресми жарыстардан уақытша шеттетілген ауыр атлет Илья Ильин Рио олимпиадасына көрермен ретінде келді. 12 тамыз 2016 жыл.

Бірақ кейін халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг-сынамаларды қайта тексеру олимпиада ойындары басталар сәтке дейін аяқталмады деп мәлімдеп, Қазақстанға жарысқа қатысуға рұқсат еткен.

АЙТЫС-ТАРТЫС

Американың Stamford Advocate газеті «Қазақстандық спортшы олимпиададағы «алтынын» тойлап жатыр, бірақ оның жеңісіне талас туды» деген мақаласында Нижат Рахимов спортқа небәрі бірер ай бұрын ғана қайта оралғандықтан, ол әлем рекордын жаңарту түгілі, алтын медаль алады деп ешкім күткен жоқ деп жазады.

Ұлыбританияның Guardian газеті «Қазақстандық штангистің жеңіс салтанатының шырқын допинг жайлы дау бұзды» деген мақаласында допингке қатысты жанжалдарға байланысты спортта дағдарыс өршіген кезде Рахимовтың әлемдік рекорды сыншыларды бей-жай қалдырмасы анық деп жазады. Мысалы, олимпиада қола жүлдегері египеттік атлет Мохамед Махмуд «Нижат Рахимовтың бұрын жарыстардан шеттетілгенін ескерсек, нәтижесін күрт жақсартуы тым күдікті» деп мәлімдеген.

«Допинг тыйымын бұзған спортшы ауыр атлетикадан олимпиада алтынын жеңіп алды» деген мақаласында Rappler агенттігі Махмудтың «кей сынамаларды қайтара тексеріп жатыр, сондықтан тағы бірнеше египет чемпионын көріп қалармыз» деген сөздерін келтірген.

Қазақстандық атлет Нижат Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Қазақстандық атлет Нижат Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Bdnews24.com интернет-газетінің «Олимпиада фанаттарының медаліңізге қатысты күдігіне не айтар едіңіз?» деген сұрағына Нижат Рахимов ондай проблема жайлы ештеңе білмейтінін айтқан. «Табысқа ең әуелі ұстанған дінім мен қатаң жаттығу кестелері арқасында жеттім» деп мәлімдеген Рахимов.

Guardian газеті Рахимовтың «жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда, біз жаттығу жасаумен болдық. Қазақстанда тізеден жауатын қарға қарамастан, мейлі сағат [түнгі] 11-12 болсын, жаттығудан қалмайтынбыз» деген сөзін келтірген.

Рио-де-Жанейрода Азаттыққа берген сұхбатында Нижат Рахимов өз атына айтылған кез-келген күмәнді жоққа шығарды.

Рахимовтың жеңісінен кейінгі дау ауыр атлеттер арасындағы допинг жанжалдары басылмай тұрған тұста қозды.

Guardian газетінің жазуынша, 9 тамыз күні допинг сынамасы нәтижесі нормаға сай келмеуі себепті тайваньдық ауыр атлет қыз Лин Цзы-Ци бәсеке басталардан бірер сағат бұрын жарыстан шеттетілген. Польшалық ауыр атлеттердің допинг сынамалары оң нәтиже көрсеткеннен кейін елдің ауыр атлетика федерациясы басшысы отставкаға кетті. Ол елдің спортшыларының бірі биылғы олимпиадаға қатысуы тиіс еді.

СЕГІЗІНШІ ЖОЛАҚТАҒЫ ЖЕҢІС

Ал қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландиннің тамыздың 10-ы күні 200 метрге брасс әдісімен (құлаштай) жүзу жарысында жеткен жеңісі де күтпеген сенсацияға баланды.

21 жастағы Дмитрий Баландин Қазақстан тарихында жүзуден алғашқы олимпиада чемпионы атанды. Бангладештің Bdnews24.com газетінің «Бұрын көзге түспеген қазақстандық жүзгіш Баландин брасстан алтын алды» деген мақаласында ең баяу жүзгіш ретінде оған сегізінші жолақта жүзу бұйырған еді деп жазады. Әдетте финалдық жарыста ортадағы төртінші және бесінші жолақтар ең ұтымды деп саналады. Бірақ Баландин мәреге 2 минут 7,46 секундта жетіп, америкалық Джош Пренатты 0,07 секунд, ал ресейлік Антон Чупковты 0,24 секундқа артқа тастады.

200 метрге брасс әдісімен жүзуден мәреге бірінші болып жеткен қазақстандық Дмитрий Баландин. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

200 метрге брасс әдісімен жүзуден мәреге бірінші болып жеткен қазақстандық Дмитрий Баландин. Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Бангладештің Вdnews24.com интернет-газеті Баландиннің «Мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Бір жағынан, жан-жағыңдағы қарсыластарыңды толық көре алмайсың, сол – жаман. Бірақ бұл жолақтың артықшылығы – мен бүкіл күшімді салдым» деген сөздерін келтірген.

Қазір Қазақстан құрамасында екі алтын, екі күміс, үш қола медаль бар әрі бұл жақсы нәтижелердің бірі деп есептеледі. Қазақстан жалпы есепте 14-орында тұр.

XS
SM
MD
LG