Accessibility links

Әскерде қаза болған Ерлан Төребековтің үй-іші жұмбақ өлімнің шындығын білгісі келеді


Марқұм Ерлан Төребековтің әкесі Тоқтасын (сол жақта) мен ағасы Ергеш. Шымкент. 4 маусым, 2010 жыл.
Марқұм Ерлан Төребековтің әкесі Тоқтасын (сол жақта) мен ағасы Ергеш. Шымкент. 4 маусым, 2010 жыл.

Ерлан Төребеков Түркістан қаласынан әскер қатарына алынған соң 20 күн өткенде көз жұмды. Ата-анасы ұлдарының мәйітінен қанталаған дақтар көргенін айтады. Ал әскери бөлімдегілер сарбаз өз-өзіне қол жұмсап қаза болған дейді.


ЖҰМБАҚ ҚАЗА

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Төребековтер отбасы әскер қатарында жүрген осы үйдің кенжесі Ерланның кенеттен қаза болғаны туралы суық хабарды мамырдың 16-ы күні алған. Содан бір күн бұрын ғана, мамырдың 15-і күні кешкі сағат 18.30 шамасында үй-ішіне телефонмен хабарласып ата-анасымен, ағаларымен сөйлесіп, жағдайының жақсы екенін, 30 мамыр күні ант қабылдайтынын қуанышпен жеткізген Ерланның қазасы туралы хабар үйдегілерді есеңгіретіп тастаған.

Үй-ішінің айтуынша, оған дейін де Ерлан ағасымен бірнеше рет ұялы телефон арқылы сөйлесіп, белгісіз абонент нөмірлеріне ақша төлеуді сұрапты.

Мамырдың 16-сында таңертең әскери қызметкерлер келіп, Ерлан Төребековтің қайтыс болғаны жайлы қаралы хабарды естіртеді. Оның
Ерлан Төребековтің қазасы туралы келген қара қағаз. Шымкент. 4 маусым, 2010 жыл.
неден қайтыс болғаны туралы ата-анасының сұрағына, Кентау қаласынан келген әскери қызметкер Ерлан киімінің жағасын тігіп отырып, байқаусызда инені жұтып қойып қаза болғанын айтады.

Бірақ, Алматы қаласының әскери ауруханасының медбикесінің айтуынша, Ерлан әскери ауруханадағы әжетхана есігіне сүлгімен асылып өлген.

– Ұлымның денесін үйге алып келгенде әскерилер оны сол күйінде жерлеуімізді сұрады. Өз көзімізбен көрейік деп жақындарымыз жиналып, ұлымның денесін аштық. Сау жері жоқ. Арқасы жырылған. Екі бүйрегі қызарып кеткен. Мойнында қанталаған дақтар мен иненің іздері болды. Бұл қандай дақтар дегенімде, есікке асылып тұрғанда медбике есікті ашқанда есіктің тұтқасы арқасын жырып кеткен дегенді айтты, – дейді марқұмның әкесі Тоқтасын Төребеков.

Әскери бөлімше қызметкерінің Төребековтер отбасына айтуынша, Ерлан ине жұтып қойған соң 7 мамыр күні әскери ауруханаға түскен екен. Онда бір аптадай жатқаннан кейін оны Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізген.

– Бір апта бойы ұлым қиналып, кейін оны Алматыдағы орталық әскери ауруханаға ауыстырыпты. Сол жерде инені денесінен алған екен. Қазір ине әскери тергеуші Ерғали Ережеповте. Ол кісі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұлым сонша уақыт қиналғанын бізге ешкім де айтпады. Өзі хабарласқанда да айтпады. Кім білсін, мүмкін оның жанында біреулер бақылап тұрып, артық сөз айтқызбаған шығар, – дейді Тоқтасын Төребеков.

ӘСКЕР ҚАТАРЫНА ТЕЛЕФОНМЕН ШАҚЫРУ

Ерлан Төребеков Қазақстанның қарулы күштері қатарына биылғы жылы көктемде алынды. Ерланның денсаулығын тексерген медициналық комиссия екі рет оны әскер қатарына жарамсыз деп қортынды жасапты.

Алғашында оған «көзің жарамайды» десе, екінші жолы дәрігерлер оған «екі омыртқаң қисық» депті. Осыдан кейін ол көңілі босап, үйге
Әскерде қаза болған Ерлан Төребековтің жеке куәлігі. Шымкент, 4 маусым, 2010 жыл.
көңілсіз оралған еді деп еске алады отағасы Тоқтасын ақсақал.

Оның айтуынша, 23 жастағы ұлының құрдастары әскерден оралып қойғандықтан, Ерлан сол кезде өзінің әскер қатарына алынатындығына сенбеген болса керек. Алайда, биылғы жылы сәуірдің 22-і күні ол құрылыста жұмыс істеп жүрген жерінен үйіне қуанышты хабар алғанын айтып жүгіріп жетіпті. Оған әскери бөлімшеден ұялы телефон арқылы хабарласып, екі күннен кейін жолға шығатыны жайлы ескерткен екен.

– Өзіміз де түсінбей қалдық. Өтпей қалған еді. Аяқ астынан телефонына хабарласып, әскерге кетесің деді. Қуанып, дереу қажетті заттарын жинап, бір күннен кейін баламызды Шымкентке шығарып салдық. Құдайы жасап, ауыл ақсақалдарының батасын да ала алмадық деп өкінем. Содан кейін оның Отарға кететінін естідік, – дейді Тоқтасын Төребеков.

Мамырдың 8-і күні үй-іші одан алғашқы хат алады. Хат Жамбыл облысы Қордай ауылы Гвардейский қалашығы деген мекен-жайдан келген. Ерлан өзінің жағдайы жақсы екенін хабарлапты, жақындарының халін сұраған. Оның хатының жанында 82796 әскери бөлімшесінің командирі полковник Арман Даутовтың хаты да болды дейді туыстары.

Онда Ерланның әскери бөлімшеге аман-есен түскенін және оған әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Елубай Абжалаловтың жауапты екенін жеткізіпті.

Тоқтасын Төребековтің айтуынша, Ерланға әр уақытта қамқор болып және күнделікті қызметте жәрдем беретін әйелдер бекітілгендігі жайлы да жазылған. Хат соңында әскери бөлімше командирі Ерланның мінездемесін жазып жіберуді сұрапты. Осыдан кейін туыстары сол мінездемені әлгі хатта көрсетілген мекен-жайға жазып жібергендерін айтады.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚҰЖАТТАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР

Медициналық құжатта Ерлан Төребековтің дарға асылып өлгені жайлы жазылған. Оның өз-өзіне қол жұмсағанына ата-анасы да, бауырлары да сенбейді.

– Біз 17 мамырда әскери бөлімше командирі Даутовқа телефон шалдық. Ол Ерланның асылып өлгенін және бұдан былай бұл іске жауап
Cот-медициналық сараптамасында Ерлан Төребековтің өзіне өзі қол жұмсап қаза болғаны туралы жазылған. Шымкент. 4 маусым, 2010 жыл.
бермейтінін айтты. Тіпті «бір ағасы мен жездесі асылып өлген, демек, тұқымында сондай ауру бар» деген жалған құжат жасаған. Бұл не деген сұмдық екенін өзіміз де түсінбедік. Ешкім жөнді жауап та бермейді. Есік қағып шаршадық. Жеке ісін сұрап жүргенімізге де қаншама уақыт өтті. Бізді бұлар адам құрлы көріп жүрген жоқ, – дейді Ерланның ағасы Ергеш Төребеков.

Туыстары Ерланның құжаттарында оның Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінің тарих факультетін бітірген деп толтырылғанын айтады. Мұны марқұмның өзі жазуы мүмкін емес дейді туыстары. Өйткені ол ешқашан жоғары оқу орнында оқымаған. Демек, жалған құжат толтырған деп есептейді Төребековтер отбасы.

Олар аталмыш жоғары оқу орнынан Ерланның онда ешқашан оқымағанын растайтын құжат алған. Ерланды оқыған деп жазған бұл жайттың өзі күдік туғызып отыр дейді марқұмның туыстары. Бір жыл мерзімге әскер қатарына шақырылып, арада 20 күн өткенде темір табытпен оралған ұлдарының өзіне өзі қол салып қаза болған деген ресми қортындыға марқұмның ата-анасы сенбейді.

– Оны бізге ештеңе айтпауына мәжбүрлеп, қинаған да болуы керек. Денесіндегі көгерген іздер ұлымның ұрып-соғылғандығын көрсетеді. Мен оның дарға өзі асылғанына сенбеймін. Ұлымның өліміне жауаптылар заң жүзінде жауап берсін, – дейді Ерланның әкесі Тоқтасын Төребеков.

ӘСКЕРИ БАСҚАРМА ӨКІЛІНІҢ ЖАУАБЫ

Оңтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшылығының айтуынша, қатардағы Ерлан Төребековтің
Оңтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жомарт Ысқақов. Шымкент, 4 маусым, 2010 жыл.
өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Әскерге аттанарда оның денсаулығы сыр бермегенін айтқан басқарма басшылығы Ерланның қарапайым, үлгілі отбасынан шыққанына да мән берген.

– Ол жаяу әскер қатарына жіберілген. Ата-анасы қайғыдан есеңгіреп жүргенін түсінем. Мен де сіздер білетінді ғана білем. Ата-анасы әрине, оның суицидке барғанына сенбейді. Ол түсінікті ғой. Оның ине жұтқанын, не жұтпағанын да білмеймін. Тергеу барлығын анықтайды, – деді Оңтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жомарт Ысқақов Азаттық тілшісіне.

Биылғы жылы көктемде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша әскер қатарына 2 мыңнан астам жас азамат алынған. Сарбаздардың тағы бір легі 8 маусым күні 1 жылдық мерзімге Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақшы.
XS
SM
MD
LG