Accessibility links

Eurasia View («Еуразия вью») басылымы наурыздың 9-ындағы санында Орталық Азия мен Қазақстандағы әскери қорғаныстың жай-күйіне талдау жасайды. Басылым Қазақстанда әскери мамандар даярлау ісінің кенже қалғаны туралы жазады.


Мемлекет үшін қорғаныс саласында әскери білім беру мен оқытудың маңызы әскери іс-қимылдар мен қару-жарақ саудасынан анағұрлым жоғары. Франциялық Орталық Азияны зерттеу институтының қызметкері, ғалым Себастьян Пейруз: «Әскери білім беруге аса көп мән беріле бермейді, әйтпесе бұл сала біз ойлағаннан гөрі маңызды» деген пікір айтады.

ӘСКЕРИ ӘЛЕУЕТТІҢ АРТУЫНА КЕДЕРГІ КӨП

Eurasia View француз ғалымның пост-советтік елдердегі билік институты журналында (серияның толық атауы «Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен әскери реформа») Орталық Азиядағы әскери дайындық бойынша жарияланған зерттеуінен деректер келтіреді. Ғалымның зерттеуі бойынша ауқымды әлеуметтік, саяси алғышарттар себебінен аймақтағы қалыптасып отырған әскери қорғаныс жағдайы көңіл көншітпейді. Дегенмен Қазақстанның әскери саладағы жағдайы бірқалыпты, ал Өзбекстан мен Түркіменстан оқшау саясат ұстап орта жолда келе жатса, Қырғызстан мен Тәжікстанның әскери әлеуетін арттыруына кедейлік қолбайлау болып отыр.
Өзбекстан әскерінің саны жағынан басым болғанымен, Қазақстанның әскери күші біршама жаңарып қалған.

Орталық Азияда қордаланып қалған бірнеше мәселе бар деп жазады басылым. Мысалы, Совет Одағы тұсында дайындалған біліктілігі жоғары мамандардан айырылып қалу, әскери әкімшілік тарабының сылбырлығы мен жоғары шенді офицерлердің реформаларды жүргізуге құлықсыздығы, жемқорлықтың модернизациялану үрдісіне кедергі келтіруі, қоғамда әскери мораль мен әскерилердің беделінің төмендеуі және қатардағы сарбаздар мен офицерлердің жалақысының мардымсыздығы. Осы мәселелер қабаттаса келіп Совет Одағынан қалған әскери мұраны, қаржылық іс жүргізу мен жиырма бірінші ғасырдағы қауіпсіздік мәселесін бір-бірімен үйлестіруді қиындата түспек. Бұның барлығы ақыр аяғы Орталық Азиядағы бірқатар мемлекеттердің жалпы әскери әлеуетінің артуына тұсау болып отыр.

ҚАЗАҚСТАНДА РЕФОРМАЛАР ҮСТІРТ ЖАСАЛАДЫ

Eurasia View-дің жазуынша аймақта Өзбекстан әскерінің саны жағынан басым болғанымен, Қазақстанның әскери күші біршама жаңарып қалған. Астана қорғаныс саласында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен де, НАТО әскерімен де біріге қимылдай алатын, сонымен бірге Ресеймен де байланысын сақтап қалатын әскер жасақтауы мүмкін. Осы арқылы Қазақстан қорғаныс саласында халықаралық қауымдастықпен, әсіресе батыспен ынтымақтасу саясатын ұстанады.
Әскери институттағы көптеген мамандар қызметінен босатылғандықтан немесе мансаптың соңынан кеткендіктен онда әскерилерге іс жүзінде не оқытушылық тәжірибесі, не біліктілігі жоқ оқуды жаңадан бітірген жастар білім беріп жатыр.

Басылым сарапшылардың: «Астана қаржылық мүмкіндігінің артығырақ болуы және ашық саясат ұстануының арқасында қорғаныс саласында реформа жүргізу жағынан алда тұр. Бірақ, іске асырып жатқан өзгерістері тек үстірт орындалады» деп сын тағатынын да жазады. Реформалау жағынан Қазақстан халықаралық қауымдастықпен, оның ішінде НАТО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтасудың көрсеткіші болып саналатын батыстық стандарттарға көшуге баса мән беріп отыр. «Қазбат» бітімгерлік жасағын құру сияқты шаралар Астананың осы ниетін дүниеге таныту үшін жүзеге асып жатыр.

Алматыда қытай, ағылшын, неміс, француз, кәріс, түрік тілдерін оқыту үшін Шет тілдері әскери институты құрылған. Бірақ бүгіндері институтта тіл мамандары жетіспейді. Институттағы көптеген мамандар қызметінен босатылғандықтан немесе мансаптың соңынан кеткендіктен онда әскерилерге іс жүзінде не оқытушылық тәжірибесі, не біліктілігі жоқ оқуды жаңадан бітірген жастар білім беріп жатыр деген деректі алға тартады EurasiaView.

ТЕҢІЗ ЖАЯУ ӘСКЕРІ ҚАЙ ЕЛ ҮШІН ДАЯРЛАНАДЫ?

Қазақстандағы жаңадан ашылған әскери-теңіз институты ерекше қызығушылық тудырып отыр. Алайда, Себастьян Пейруз: « Аталған академияда теңізшілер саны тым көп, ал оларға берілетін білімнің сапасы көңіл көншітпейді» деген пікір айтады.

Каспий теңізінде әскери теңіз күштерінің құрылуы 2001 жылы Ақтауда әскери теңіз институтының ашылуына түрткі болды. Бұл институт жыл сайын теңіздегі терроризммен күрес, есірткіге қарсы күрес, зерттеу мен теңіздегі құтқару жайына машықтанған қырық теңізші дайындап шығарады. Институт түлектері тек Каспий теңізінің қазақстандық флотында ғана емес, сонымен қатар азаматтық және жалпы теңіз флотында қызмет етеді.
Әскери теңіз институты дайындап шығаратын офицерлердің саны Каспий теңізінің мүмкіндігіне сай емес, әрі мемлекеттің сұранысынан артық.

Басылымның жазуынша, реформа жасаудағы кейбір қадамдар тиімділік жағынан емес, жай мәртебе үшін жасалған тәрізді. Мәселен, әскери теңіз институты дайындап шығаратын офицерлердің саны Каспий теңізінің мүмкіндігіне сай емес, әрі мемлекеттің сұранысынан артық. Бұған қоса, бітірушілердің кейбірі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтындығын жазады басылым. Ақтауда дайындалған офицерлер Ресейдегі әскери академияларға кетіп, Балтық теңізі, Қара теңіз немесе Тынық мұхитында шынайы тәжірибелік дайындықтан өткендермен бәсекеге түсіп отыр. Институттың білім беру бағытын бұдан гөрі маман-кадрға зәру сауда флотына («Казмортрансфлот») қажетті азаматтық сала мамандарын даярлауға бұру көзделген. Алайда, әскери салада оқытылатын ақпараттың құпия болуы себепті азаматтық және әскери сала мамандарын бірге даярлау мүмкін емес. Сондықтан, алдағы жылдары Ақтау әскери теңіз институтының бағыты өзгеріп, Қазақстан теңіз жаяу әскерін тек шет елде дайындалуы ықтимал деген болжам айтады басылым.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG