Accessibility links

Австрия судьясы Рахат Әлиевтің қазасын өзгеден көрмейді


Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.

Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.

Батыс баспасөзі Рахат Әлиевтің қазасына қатысты істі қараған судья Мария Шергубельдің ұйғарымын талқылап, Қазақстан теңгесін «әлемде биыл ең нашар күйге түскен валюта» деп атаған.

Ұлыбританияның Guardian газеті «Бұрынғы қазақстандық шенеунік Австрия түрмесінде қастандықпен өлтірілмеген» атты мақаласында «австриялық сот департаменті ұзаққа созылған айтыс-тартыста Рахат Әлиевке түрмеде қастандық жасалған деген болжамды жоққа шығарды» деп жазады. Австрия сот билігі Әлиевтің қазасына қатысты істі қараған австриялық судья Мария Шергубельдің желтоқсанның 9-ы және 11-і күні жазған және Guardian газетінің де қолына түскен екі хатына сүйеніп, осындай ұйғарымға келген.

Мақалада «бұрын Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың бірі болған әрі бұрынғы қайынатасы, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қырына ілінген» деп аталған әрі алматылық «Нұрбанктің» екі менеджерін ұрлау және өлтіру туралы іс қаралатын сотты күтіп тұтқында отырған Рахат Әлиев биыл ақпанда Венадағы Йозефштадт түрмесі камерасында асылып тұрған өлі күйі табылған еді. Сол уақытта түрме әкімшілігі тұтқын қазасынан соң іле-шала оны «өз-өзіне қол салған» деп жариялаған, бірақ мұнымен келіспеген Рахат Әлиевтің әйелі Елнара Шоразова шағым түсірген болатын.

Судья Мария Шергубель түрме әкімшілігінің «Рахат Әлиев өзі-өзіне қол салған» деген уәжімен ақыры келіскен, бірақ, сонымен бірге, бұл «ерекше» іс екенін мойындаған. Судьяның жазуынша, тұтқынның ісін қарайтын сот жақындаған сайын «түрмеде оған қарсы зорлық-зомбылық, шетелдік күштердің қатысуымен оның өміріне ерекше қауіп-қатер мүмкіндігі болғаны немесе болмағанына көз жеткізу үшін» Әлиевтің қазасына қатысты жайттарды тексеру қажет болған. Бірақ осы мүмкіндіктердің бәрін қарап шыққан судья Рахат Әлиев өз-өзіне қол салып қайтыс болған деген ұйғарымға келген.

Елнара Шоразованың адвокаттары Әлиевтің қазасына қатысты істегі қайшылықтарды көрсетіп, сотқа тәуелсіз паталого-анатомиялық сараптаманың «бұл істе үшінші біреулердің қатысын жоққа шығаруға болмайтынын» және «бұлай асылу үшін кемінде екі адам қажет екенін» атап жазған есебін ұсынған. Сонымен бірге олар Әлиевтің маңдайындағы қайдан пайда болғаны жұмбақ көгерген дақты, камерада оның денесі табылған тұстағы қабырғадағы аяқ ізін және сотқа жолданған айғақтардың арасында бейнебақылау жүйесінен алынған суреттегі пышақтың табылмағанын атап көрсеткен. Елнара Шоразованың адвокаттары Әлиевтің дәл қай уақытта қайтыс болғанын тергеушілердің нақты анықтай алмағанына ерекше назар аударған.

Алматының орталығындағы ғимарат төбесіндегі "Нұрбанк" жарнамасы. Желтоқсан, 2008 жыл.

Алматының орталығындағы ғимарат төбесіндегі "Нұрбанк" жарнамасы. Желтоқсан, 2008 жыл.

«Әлиевті қастандықпен өлтірді деп болжауға жеткілікті дәлел жоқ болғандықтан, судья оның нақты қайтыс болған уақытының анықталмауы тергеуге материалдық қатысы жоқ деген ұйғарымға келді» деп жазады Guardian.

Қазақстандық «Республика» оппозициялық газеті Guardian мақаласына қатысты жариялаған комментарийінде «Рахат Әлиевтің ісіне нүкте қоюға әлі ерте» деп жазған. Елнара Шоразова жалдаған адвокаттардың дәлел-дәйектерін келтірген «Республика» басылымы олардың бірі – доктор Манфред Айнедтердің сөзіне сілтеме жасап, «сот әлі ресми шешім қабылдаған жоқ» және «әзірше әңгіме судья тарапынан қоғамдық пікірді тексеру жайлы ғана болып отыр» деп мәлімдеген.

Ал Bloomberg қаржы агенттігіне сілтеме жасаған британдық Financial Times газеті Қазақстан теңгесін «биыл әлемде ең нашар көрсеткіштермен танылған валюта» деп атаған. Бұған дәйек ретінде дүйсенбі күні теңгенің кезекті мәрте құлдырағанын келтірген басылым, бұрынғы бағамынан 5,6 пайызға құнсызданған теңге жаңа рекордтық көрсеткішке жетіп, бір АҚШ доллары 333,9 теңгені құрағанын, яғни теңге биылғы тамыздан бері 43,7 пайызға құнсызданғанын айтқан.

«Дүйсенбі күні мұнай баррелінің бағасы соңғы жеті жыл ішіндегі ең төменгі деңгей – 37 долларға дейін құлдыраған соң экспорт кірісінің 60 пайызын мұнайдан түсетін қаржы құрайтын Қазақстан шикізат бағасының арзандауынан қатты зардап шекті» деп жазады Financial Times.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG