Accessibility links

Биліктен қуылғандардың ұлдары


Қырғызстан экс-президентінің ұлы Максим Бакиевтің Лондонның шетінде тұрып жатқан үйі.
Қырғызстан экс-президентінің ұлы Максим Бакиевтің Лондонның шетінде тұрып жатқан үйі.

Халықаралық құқық қорғау ұйымы Ұлыбритания үкіметін Қырғызстан экс-президентінің баласы Максим Бакиев Лондонның шетінен мемлекет ақшасына жекежай сатып алған деген күдікті тексеруге шақырады. Биліктен қуылған тағы бір президент – Украинаның бұрынғы басшысы Виктор Януковичтің баласы Байкал көлінде қаза тапты.

Халықаралық құқық қорғау ұйымы Ұлыбритания үкіметін Қырғызстан экс-президентінің баласы Максим Бакиев Лондонның шетінен мемлекет ақшасына жекежай сатып алған деген күдікті тексеруге шақырады. Биліктен қуылған тағы бір президент – Украинаның бұрынғы басшысы Виктор Януковичтің баласы Байкал көлінде қаза тапты.

Табиғи ресурстарды экспорттайтын елдердегі адам құқын бұзуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық Global Witness үкіметтік емес ұйымы наурыздың 25-і күні «Қан қызыл кілем» атты баяндама жариялады. Ұйымның мәлімдеуінше, 2010 жылғы революция кезінде биліктен қуылған Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің баласы Максим Бакиев Лондонның шетіндегі байлар мекендейтін ауданда орналасқан зәулім жекежайда әлі тұрып жатыр.

Ұйымның жазуынша, Максим Бакиев тұрып жатқан құны үш жарым миллион фунт-стерлинг болатын жекежайды жасырын компания кіші Бакиев Ұлыбританияға жеке меншік ұшақпен келіп, саяси баспана сұраған сәттен екі ай өтпей сатып алған. Ұйым сарапшылары Қырғызстаннан заңсыз әкетілген мемлекет ақшасының ізін жасыруға әлгі жасырын компанияның қатысы бар деп болжайды. Компания 2010 жылдың маусым айында, яғни Максим Бакиев Ұлыбританияға келген соң 15 күннен кейін құрылған, ал үйді сол жылдың тамызында сатып алған.

Global Witness ұйымы жекежайды Максим Бакиевке сату актісін тексеруге шақырады әрі заңгерлер мен жылжымайтын мүлік агенттігін «коррупциялық және өзге қылмыстарға қатысы бар адамға үй сатты» деп айыптайды.

ҚАШҚЫН БАКИЕВТЕР

Қырғызстан Құрманбек Бакиевтің 37 жастағы ұлы Максим Бакиевті «коррупциялық қылмыстарға қатысы бар әрі заңсыз ақшаның ізін жасырумен айналысқан» деп айыптап отыр. Жуырда Қырғызстан Жоғарғы соты Максим Бакиевті «мемлекет қаржысын жымқырған, мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз жекешелендірген және мемлекеттік энергетика компанияларын әдейі арзан бағамен сатқан» деген айыптаулар бойынша шешім шығарған. Максим Бакиевті «алтын өндіру шахтасын салуға кедергі жасаған Ұлыбритания азаматын қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген» деп те айыптайды.

Қырғызстан экс-президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев сот залынан шыққан кезде. Лондон, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Қырғызстан экс-президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев сот залынан шыққан кезде. Лондон, 7 желтоқсан 2012 жыл.

Қырғызстан соты «2006 жылы шілденің 7-сінде Ұлыбритания бизнесмені Шон Дейлиге қастандық жасады» деген айыппен бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті сырттай 20 жылға соттаған, ал оның інісі Жаныш пен баласы Максим Бакиевтерді өмірлік түрме жазасына кескен. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, сот үкімі былтыр сәуірде шыққан.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат берген Global Witness ұйымы өкілі Том Мейн Ұлыбритания азаматына жасалған шабуылға Максим Бакиевтің қатысы бар-жоғын Ұлыбритания да тексеруі тиіс деп санайды.

– «Коррупциялық қылмыстарға және Ұлыбритания азаматына шабуыл жасауға Максим Бакиевтің қатысы бар» деген айыптар бойынша тексеру жүргізу қажет. Максим Бакиев бұл істерді саясатпен байланыстыруға тырысады деген сөз бар. Сондықтан Ұлыбритания билігі де тексеру жүргізуі тиіс. Австрияда мұндай жағдай болған. Түрмеде өз-өзіне қол салған Рахат Әлиевті Австрия полициясы «Қазақстанда қастандықпен кісі өлтірді» деген күдікпен ұстаған. Бұл іс Еуропа елдері билігі өзге мемлекеттерде жасалған қылмыстарды тексере алатынын дәлелдейді, - дейді Том Мейн.

Том Мейн Қазақстанда «алматылық екі банкирді өлтіруге қатысы бар» деп айыпталып, біраз жылдан кейін Австрияда тұтқындалған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевті айтады. Кезінде Рахат Әлиев те бұл айыптаулардың саяси астары бар деп мәлімдеген.

ЯНУКОВИЧТІҢ ҰЛЫ

Халықаралық ақпарат құралдары революция кезінде биліктен қуылған тағы бір президент – Украинаның бұрынғы басшысының кенже ұлы Виктор Янукович туралы да жазып жатыр.

Украинаның бұрынғы президентінің ұлы Виктор Янукович.
Украинаның бұрынғы президентінің ұлы Виктор Янукович.

Ұлыбританияның Telegraph газеті наурыздың 23-і күні жариялаған «Виктор Януковичтің баласы Сібірдегі көлде жұмбақ жағдайда қаза тапты» атты мақаласында Байкал көліндегі жұқа мұз жарылып кетіп, суға батқан автомобильдің рулінде 33 жастағы кіші Виктор Янукович болғаны туралы жазған. Баспасөздің хабарлауынша, автомобильде отырған бес жолаушының бәрі тірі қалып, тек Виктор Янукович суға батқан көліктен шыға алмай, қаза тапқан. Тағы бір хабарларға қарағанда, ол әуелі жолаушыларды құтқарған, ал өзі көліктен шығып үлгермеген.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, осы аптада Януковичтің баласын Украинаның Ресей аннексиялап алған Севастополь қаласында жасырын жерлеген. Оның бейітінің басында аты-жөні жазылмаған крест орнатылған. Баласын жерлеуге Украинаның қазір қашып жүрген бұрынғы президенті Виктор Януковичтің қатысқан яки қатыспағаны белгісіз.

Виктор Януковичтің ұлы жерленген орын туралы видеосюжет:

XS
SM
MD
LG