Accessibility links

Путиннің Жапонияға бір сапары кейінге қалды, келесісі - белгісіз


Ресей мен Жапония арасындағы даулы төрт аралдың бірі - Кунашир аралындағы ресейлік қоныс. Наурыз, 2007 жыл.
Ресей мен Жапония арасындағы даулы төрт аралдың бірі - Кунашир аралындағы ресейлік қоныс. Наурыз, 2007 жыл.

Батыс баспасөзі Ресей мұсылмандарының Сириядағы әскери операцияға алаңдаушылығы күшейіп отырғанын, Путиннің Жапонияға сапары кейінге қалғанын және ресейлік желіні интернеттен ажырату эксперименті жайлы жазады.

Осы аптада Қазақстанда іссапармен болған Ресей президенті Влдимир Путин ТМД елдері басшыларының отырысында халықаралық терроризм тақырыбын қозғады. Ол Сирия дағдарысына қатысты «диалог жүргізуден бас тартқаны үшін» АҚШ-ты сынап, әскери ынтымақтастық туралы келісім ТМД елдерінің «Ислам мемлекеті» ұйымы содырларының Ауғанстан жақтан Орталық Азияға кіруіне қарсы іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді деп мәлімдеген.

Ұлыбританияның Guardian газеті Владимир Путиннің 2015 жылдың аяғына жоспарланған Жапонияға сапары туралы жазған. «Токио баяғыдан созылып келе жатқан жер дауына (Курил аралдары) қатысты Мәскеудің ұстанымына наразы болғандықтан әрі Ресейдің Сирия дағдарысына араласқанына алаңдаушылығына байланысты Владимир Путиннің жоспарланып қойған сапары белгісіз уақытқа кейінге қалуы мүмкін» деп жазады басылым.

Жапония премьер-министрі Синзо Абе (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 29 сәуір 2013 жыл.
Жапония премьер-министрі Синзо Абе (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 29 сәуір 2013 жыл.

Былтыр наурызда Қырымды аннексиялағаны үшін Ресейді құрамынан шығарып тастаған соң, Владимир Путин келесі жылы «Үлкен жетілік» саммитіне бармайды. Бірақ, ресми тұлғалардың хабарлауынша, Токио былтыр Пекиндегі APEC саммиті кезінде келісілген биылғы сапарына қатысты жоспарды әлі де қарауы мүмкін. Guardian газетінің жазуынша, Жапония төрт аралды толық қайтаруды талап етеді, ал 1956 жылғы келісімге сілтейтін Ресей шағын әрі нашар дамыған екі аралды ғана және оларды бейбіт бітімге қол қойылғаннан кейін ғана қайтаратынын мәлімдеген соң, екі елдің арасындағы жер дауына қатысты келіссөз тұйыққа тірелген.

Ұлыбританияның Financial Times басылымында ресейлік мұсылмандардың Ресейдің Сириядағы соғыс қимылдарына қатысты көзқарасын жазады. Газетте «Ресей мұсылмандары әзірше көшеге шыққан жоқ [наразылық білдіру үшін] және ашық наразылық білдіру сирек құбылысқа айналған елде олардың көшеге шығуы екіталай. Бірақ сарапшылар науқан ұзаққа созылған жағдайда зардаптары қандай болатынына алаңдайды» деп жазады газет. Мақалада мәскеулік Carnegie Centre орталығының Кавказ мәселелері жөніндегі сарапшысы Алексей Малашенконың «кері тию қаупі бар» деген пікірін келтірген.

Ресей халқының 11 пайызға жуығы – 16,5 миллион адам – мұсылман, елде Кавказ бен Орталық Азиядан келген төрт миллионға жуық мигрант тұрады. Қазір мұсылман жетекшілері Кремльдің Сириядағы іс-қимылын қолдайтынын айтады. Ресей мүфтият төрағасының орынбасары Рушан Аббясов «жағдайды саясиландырмай, халықаралық терроризммен күресіп жатқан президентті қолдауға» шақырған.

Жапония мүфтиі Нигматулла Халил Ибрагим Мәскеуде ұзақ жөндеуден өткен мешіттің қайта ашылу рәсімінде. Ресей, 23 қыркүйек 2015 жыл.
Жапония мүфтиі Нигматулла Халил Ибрагим Мәскеуде ұзақ жөндеуден өткен мешіттің қайта ашылу рәсімінде. Ресей, 23 қыркүйек 2015 жыл.

«Бірақ Ресейдің әрекетін бұлай қорғаштау тепе-теңдікті сақтау актісі болып саналады. [«Ислам мемлекеті» көзін жоюы тиіс болған] Мәскеу ұшақтары содырлар аз шоғырланған немесе мүлде жоқ жерлерді бомбылап, АҚШ және Парсы шығанағы елдері қолдайтын көтерілісшілерге соққы беріп жатыр. Путин мырза Сириядағы гамбитін Ресейдің радикал көзқарастағы мұсылмандары арасында ИМ-ге ықылас өсіп келе жатқан тұста бастады. Ресей сыртқы істер министрлігі Сирияда жихадшылар арасында 2400-дей орысша сөйлейтін адам жүр деп болжайды» деп жазады Financial Times газеті.

Сарапшылардың пікірінше, Ресей мұсылмандарының ішіндегі ИМ жақтастары әсіресе Мәскеудің Сириядағы дағдарысқа араласқанына наразы. Бірақ жихадшыларға еш қатысы жоқтардың өздері алаңдай бастаған. Кейбіреулерді шешен соғысы сияқты Ресейдің бұған дейін мұсылман әлемінде жүргізген әскери операцияларынан бері ұмтылмаған жайттар алаңдатады.

Ұлыбританияның Daily Telegraph газеті дүниежүзілік интернеттен ресейлік желіні «ажырату» эксперименті туралы жазған. Дереккөздің ақпаратынша, бұл эксперимент Рунет дүниежүзілік желіден оқшау жұмыс істей ала ма, жоқ па - соны тексеру мақсатымен жүргізілген. «Сарапшылар Кремль интернет еркіндігін басып-жаншу науқанын күшейткен тұста жүргізілген сынақты ішкі саяси дағдарыс туған жағдайда ақпараттық қоршауға дайындық деп сипаттайды» делінген мақалада. Ал Ресейдің ресми тұлғалары мұндай эксперимент жүргізілгенін жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG