Accessibility links

Батыс басылымдары Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы туралы жазып жатыр. Олар жануарлардың қырылуын «нағыз қасірет» деп атайды.

Американың The Washington Post газеті мыңдаған киіктің бірер апта ішінде қырылып қалуын «Қазақстанның экологиялық жұмбағы» деп атаған. Газет «Соңғы мұз дәуірі кезінде жер бетін мамонттармен бірге жайлаған түз жануары 20-ғасырдың аяғында мекен еткен ортасынан айырылып, браконьерлік кесірінен жойылып кетуге шақ қалды» деп жазған.

Басылым бөкендер жаппай қырылған мамыр айының басына дейін әлемде шамамен 250 мың киік болғанын және оның 90 пайызға жуығы Қазақстанды мекендегенін айтады. The Washington Post газеті «Жойылып кету қаупі төнген жануарлар үшін бұл індет – апатқа тең қасірет. Бұл жағдай сарашыларды шошытып отыр» деп хабарлаған.

«Әлемдегі киік санының жартысына жуығының өмірін жалмаған жұмбақ дертке» New Scientist журналы да назар аударған. Соңғы дерекке сәйкес, 120 мыңнан аса киік өлген. Журналдың жазуынша, киіктер іш өтуі (диарея) мен тыныстауы қиындағаннан қырылған. БҰҰ-ның мекен ауыстырып тұратын жабайы жануар түрлерін сақтап қалу конвенциясы хатшылығы Қазақстан билігінің өтініші бойынша Ұлыбританиядағы Ханфилд ветеринарлық колледж ғалымы Ричард Коктың басқаруымен бір топ сарапшыны жіберген.

New Scientist журналы Ричард Коктың «Бұл – нағыз қасірет әрі төтенше апат. Өлім-жітім деңгейі – 100 пайыз. Жануарлар мен төлінің бұлай жаппай қырылуын өмірімде бірінші рет көрдім» деген сөздерін келтірген.

Басылымның жазуынша, тиісті зерттеу жүргізген халықаралық сарапшылар тобы киіктер бактериялар қоздыратын гемолитиялық септимеция, маса арқылы тарайтын вирустық эпизоотикалық геморрагиялық дерт немесе клористия бактериялары қоздыратын токсемия сияқты үш фактордың әсерінен қырылған деген ұйғарымға келген. Бірақ өлім-жітімнің нақты себептерін анықтау үшін қосымша тестер мен зертханалық сараптамалар жүргізу арқылы жан-жақты талдау қажет екенін жазады New Scientist журналы.

The Huffington Post газетінің жазуынша, «киіктердің жұмбақ өлімі ғалымдарды ойландырып тастаған» әрі «конспирациялық теориялар» тудырған. Қазақстанды мекендейтін 250 мың бас киік «жақсы өсім» саналған, бірақ «қазір БҰҰ сарапшылары 120 мың киіктің өлгенін растап, бұл сан өсе беруі мүмкін деп қауіптенеді» деп жазады басылым.

Биолог ғалым Е.Дж. Милнер-Гулландтың жануарлар «аса жұқпалы дерттің» таралуынан қырылуы мүмкін деген болжамын келтірген The Huffington Post газеті БҰҰ мамандары «иммундық жүйесі әлсіз жануарлар үшін пастерелла және клористидия бактериялары аса қауіпті» деп мәлімдегенін жазады. Газет кейбір қазақстандық экологтардың киіктер «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын ресейлік зымыран отынынан қырылып жатыр деген пікірін келтірген.

Киіктердің зымыран отынынан улануы мүмкін деген болжамды Newsweek журналы да қарастырады. Бірақ мақалада Е.Дж. Милнер-Гулландтың «бұл – негізгі себеп болмауы мүмкін» деген пікірі келтірілген.

Mashable интернет-блогының жазуынша, нақты себебі әлі анықталмағанымен, алдын ала жасалған сараптама нәтижелері киіктердің жаппай қырылуына экологиялық және биологиялық факторлардың қатысы барын көрсеткен. Мақалада Қазақстанға шақырылған сарапшылар тобының «киіктердің қырылуына пастерелла және клористидия бактериялары себеп болуы мүмкін, бірақ бактериядан әдетте иммундық жүйесі тым әлсіз жауарлар ғана өледі» деген пікірін келтірген.

Ал зымыран отыны әсеріне қатысты Mashable блогы БҰҰ-ның құрлықты мекендейтін жануарлар жөніндегі сарапшысы Алин Кюль-Штенцельдің «қазірге дейін жиналған ақпаратқа сәйкес, киіктердің ажалы зымыран отынынан болды деуге болмайды» деген сөзіне сілтеме жасаған.

Блог авторлары «ақбөкендердің көбінесе егіз төлдейтін өсімтал жануар екенін ескерсек, шығынның орны барынша тезірек толар» деп үміттенеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG