Accessibility links

Қысқы Азия ойындарының ұйымдастырушысы сынға ұшырады


VII Қысқы Азия ойындарының белгісі Ирби атты барыс. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл
VII Қысқы Азия ойындарының белгісі Ирби атты барыс. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл

Ақпанның 2-сі күнгі санында The Korea Times («Кория Таймз») басылымы VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуші Қазақстанның жарысқа дейін және жарыс барысында өрескел түрде ереже бұзғанын жазады.


Басылым Қазақстан жағы қысқы Азия ойындарының алғашқы күні – дүйсенбіде трамплиннен секіру жарысында сынға ұшырады дейді.

ЖАРЫС КЕЗІНДЕГІ ЖАҢСАҚ ҚАДАМДАР

Жарыс кезінде басқа елдерге екі спортшыдан артық қатыстыруға шек қойылса, Қазақстан жағы алты спортшысын қатыстырды. «Кей жағдайларда олимпиаданы өткізуші мемлекет өзгелерден көбірек ойыншы қатыстыра алады, бірақ ол шектен асып кетпеу керек. Қазақстан жағы мәселені түзеу үшін дұрыс қадамдарға баруы қажет» дейді Оңтүстік Корея ұлттық құрамасының бас бапкері Ким Хун Су.

Ванкувердегі олимпиада ойындарында қатысушы мемлекеттер бір спорт түрі бойынша жарысқа тек төрт атлетке дейін ғана қатыстыра алды. «Қатысушы мемлекеттердің өкілдері кездескен уақытта Қазақстанның бұл ниетіне басқа елдер қарсылық танытқан, бірақ аса талап ете қоймады» деп сөзін жалғастырады Ким Хун Су The Korea Times газетінде.

Жарыс барысында «Қазақстан жағы трамплиннен секіруде оңтүстік кореялық Ким Хун Киден қола медальды өз спортшысы Николай Карпенкоға алып берді» деп жазады басылым. Екі мүмкіндіктің алғашқысында 119 метр, сосын 126 метрге секіріп, жалпы есепте 216,5 ұпай жинаған Николай Карпенко 212,4 ұпай алған Ким Хун Киден алға шығып кетті. Ал жапондық спортшы Кауочи Фунаки 217,1 есебімен екінші орынға тұрақтаса, Йосиока Кадзуя 233,1 ұпаймен қарсыластарынан қара үзіп кетті.

АЗИАДАҒА ДЕЙІН-АҚ ҚАЗАҚСТАН БҰРА ТАРТТЫ

Қазақстанның атына қатысты шағымдар тіпті ойындар басталмай тұрып-ақ жиі естіле бастағанын айтады басылым. Мәселен, шаңғымен сырғанауда Қазақстан Азияда кең танымал слалом мен үлкен слаломның техникалық түрлерін қоспауға шешім қабылдап, оның орнына гигант слалом мен шапшаң түсу сияқты екі спорт түрін енгізді. Сөйтіп, Қазақстан жағы өзінде жақсы дамыған спорт түрлерін қосты.

Слалом мен үлкен слалом ойындары бұған дейінгі Қысқы Азия ойындарына енгізіліп келсе, шапшаң түсу мен гигант слалом сияқты тау шаңғысы спортының түрлері бұл бағдарламаға бірінші рет енгізіліп отыр. «Біз, Азия шаңғы федерациясына мүше көптеген елдер, осы Азия ойындары басталмай тұрып-ақ бұған қарсылық білдірдік. Бірақ Қазақстанды райынан қайтара алмадық» дейді Корей шаңғы федерациясының өкілі The Korean Times басылымына берген сұхбатында. Шаңғы жарыстарына өзгерістер енгізілген соң, сноуборд жарыстары 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындарына енбей қалды.

Ал халықаралық деңгейдегі корейлік шаңғышы Юнг Донг Хен және Ванкувер олимпиадасының қатысушысы, хаф-пайпашы Ким Хо Чжун ойындардағы өзгерістерге қатысты таңданысын жасыра алмады. «Слалом мен үлкен слаломның Азиада ойындарына енбей қалғаны өкінішті» дейді Юнг Донг Хен қаңтар айында Қазақстанға жүрер алдында The Korea Times басылымына берген сұхбатында. 22 жасар альпілік шаңғышы корейлік әскери борышынан босатылып, слаломнан немесе үлкен слаломнан алтын жүлдеге қол жеткіземін деген үмітте болған. Бірақ ол арманын іске асырмақ түгілі, жарысқа қатысу мүмкіндігінен де айырылылғанын айтады басылым.

Басылымның жазуынша, Қысқы Азия ойындарын өткізуші Қазақстан тіпті 1000 метр қашықтықтағы шаңғы жарысының қашықтығына да өзгеріс енгізген. Мәселен, 400 метрлік мұз айдынында әйелдер 25 айналым жасаса, ерлер 35 айналым жасайтын болған.

Жарысқа қатысушы мемлекеттер Қазақстанды спорт бәсекесіне дайындалуға жеткілікті жағдай жасамағаны үшін де сынап, түрлі шағым түсірген. Бұдан бөлек, жарыс өтетін ылдилардың дұрыс жабылмауы, жасанды қардың уақытында дайындалмағандығы және басқа да қолайсыздықтар шаңғышыларды қиын жағдайларға қалдырған. Ең аяғы спортшыларды ауыз сумен қамтамасыз ету және оларға арналған автобустардың қызмет көрсетуі де дұрыс ұйымдастырылмаған деп қынжылады The Korea Times.
XS
SM
MD
LG