Accessibility links

Әл-Барадей: «Египетте саяси үрей сезімі жойылды»


Египеттегі оппозиция жетекшісі Мұхаммед Әл-Барадей. Каирдегі Тахрир алаңы, 28 қаңтар 2011 жыл
Египеттегі оппозиция жетекшісі Мұхаммед Әл-Барадей. Каирдегі Тахрир алаңы, 28 қаңтар 2011 жыл

Батыс баспасөзі Египеттегі екіге жарылған күштердің ара салмағына талдау жасайды. Ал оппозиция жетекшісі Мұхаммед әл-Барадей немістің Spiegel («Шпигель») басылымына елдегі демократиялық өзгерістер мен оның әсері жайында сұхбат берді.


Египет оппозициясының басшысы Мұхаммед әл-Барадей ақпанның 5-і немістің Spiegel («Шпигель») басылымына берген сұхбатында не себепті Хосни Мүбәрәктің биліктен кетуі керек, Израиль араб әлеміндегі толқуларды қалай қабылдағаны жөн деген сұрақтарға жауап береді. Ол Египеттің саяси өміріндегі оң өзгерістер бастамашысы ретінде ғана қалмай елге жетекшілік жасау жайында ойын ашық айтқан. Әл-Барадей жаңарған Египеттің президенті болудан кет әрі емес.

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІН ЖЫҒА АЛМАЙМЫН»

- Әл-Барадей мырза, Египетке қазір азамат соғысы қауіпі төніп тұр ма?

- Мен бұндай қауіпті сезіп отырмын. Біз қоғамдағы тәртіптің күйрегенін, тіпті кейде қанды қырғынға соқтыратын жағдайларды бастан өткердік. Бұны арнайы қызмет пен полиция ұйымдастырып немесе солардың дем беруімен арандатушылар істеп отыр.

- Бұған қандай да бір дәлеліңіз бар ма?
Тек үкіметтің қолдауымен ғана көшеге ат пен түйе мініп шығып көптің үрейін туғызуға болады.

- Дәлелім бар. Қылмыскерлер өздерін танымас үшін арнайы киімдерін шешіп тастаған. Ал олардың бірқатарын демонстранттар ұстап алған кезде қалталарынан қызметін куәландыратын құжаттары шыға келген. Тек үкіметтің қолдауымен ғана көшеге ат пен түйе мініп шығып көптің үрейін туғызуға болады. Осынлай баскесерлер ары-бері өткен жүргіншілер мен журналистерді тонап, демонстрантарға азық-түлік алуға кедергі жасауға тырысты.

- Сіз өз беделіңізді пайдаланып Тахрир алаңына ондағы халықты тыныштандыру үшін баруыңыз керек еді ғой?
Мені өлтіру арқылы режимді сақтап қалуға болады деп ойлайтын адамдар бар.

Мұхаммед әл-Барадей: Мен ол жерге бардым. Онда болғанымда дүрбелең туып кетті. Мен өзімнің жеке бас қауіпсіздігіме назар аударуым керек. Мені өлтіру арқылы режимді сақтап қалуға болады деп ойлайтын адамдар бар. Мүбәрәктің осы билігі қаншалықты ұзарса, елдің экономикалық һәм саяси тұрғыдан күйреуі де соншалықты айқындала түспек. Мүбәрәктің кетуі керек. Және кешірек емес, дәл қазір кетуі тиіс. Менің қазір америкалықтардың да шыдамының таусылғандығына шүбәм жоқ.

- Сіз Мүбәрәкке ультиматум қойып отырсыз. Бұл демонстранттар «кету күні» деп атаған жұма күні жарияланды....
Мүбәрәкті Бахрейн өзіне қабылдайды деп естідім.

- Қайталап айтайын. Ол дереу кетуі керек. Оны кейбір араб елдерінің қабылдайтынына сенімім бар. Мүбәрәкті Бахрейн өзіне қабылдайды деп естідім. Егер онда қандай да бір патриотизмнің ұшқыны бар болса, бұл - оның соңғы мүмкіндігі.

- Сіз Мүбәрәкпен жақын таныссыз. Оның бұл турасында қандай ойы бар?
Мүбәрәктің айналасындағылардың ешқайсысының оған шындықты айтып, қарсы шығуға батылы бармайды.

- Мен онымен бірнеше рет кездестім. Біз Египеттің сыртқы саясатын талқыладық. Әңгіме екі жаққа да бірдей жағымды бола қоймады. Дегенмен, мен оны диктаторлық аурудан зардап шеге бастады деп ойлаймын. Мүбәрәктің айналасындағылардың ешқайсысының оған шындықты айтып, қарсы шығуға батылы бармайды. Менің ойымша, ол өз тобында жалғыз қалған секілді.

- Олай болса, енді оған кім не істеу жайлы кеңес беруі тиіс?

- Египет халқы. Қазір Египетте саяси үрей сезімі жойылды, енді халық бәріне қол жеткізе алады. Мен өз отандастарымды мақтан тұтам. Бұдан бар-жоғы бірнеше ай бұрын ғана өз ағаммен бір іс-шара кезінде оған ұнжырғам түсіп: «Не деген самарқаулық. Египеттіктердің еңсесі езіліп кеткен» деген едім. Ал бүгін жастарға қарап, көздерінен өзіне деген сенімді, оптимистік рухты және болашаққа деген сенімді көремін.

- Сіз осындай нәрсені күткен бе едіңіз?

- Осындай болады деп ойладым. Бірақ оның дәл мұндай қарқында болатынын болжай алмадым. Бұдан бірнеше ай бұрын саяси комада жатқан халық енді, міне, әлемнің өзге езілген елдері үшін үлгі болып отыр. Бұл шынымен таң қаларлық жайт.

- Қалай ойлайсыз, наразылық танытқан қозғалыстың шынайы басшысының болмауы оның артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме? Болмаса, сіз өзіңізді басшы ретінде танытуға әлі ерте деп есептейсіз бе?

- Жоқ, мен сондайлық өркөкірек емеспін. Бұл кең көлемдегі қозғалыс. Мен өзімді оның басшысымын деп айта алмаймын. Мен өзгерістердің тууына себеп болғаныма бақыттымын және қазір демонстранттармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмын. Мен олардың көшеде жеткен табыстарын нақты саяси нәтижелерге қалай айналдыру керектігі жайында кеңес бере аламын. Осы сұхбат біте салысымен маған олардың үш жетекшісі келеді.

- Бұдан аз уақыт бұрын құрамына студенттермен бірге фундаменталистік «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшелері кіретін сіз құрған «Өзгерістердің ұлттық альянсы» жайлы әңгімелер айтылып еді. Сіз үкіметпен келіссөздер жүргізгенде әлі де осы топтың атынан сөйлейсіз бе?

- Иә. Кеше біз үкімет өкілдерімен тағы да сөйлестік. Бірақ, диктатураның озбыр әскери саясаты президент кеткеннен кейін және қойылған шарттар дұрыс болған жағдайда ғана тәмам болады. Біз Мүбәрәкті қолдайтын режим өкілдерін заң аясында мойындамаймыз.

- Жаңа тағайындалған вице-президент Омар Сүлеймен оппозиция жетекшілерімен келіссөз жасап үлгерді. Бірақ олардың қатарында сіз, я болмаса «Мұсылман бауырлар» ұйымының ешбір мүшесі болған жоқсыздар...

- Иә, оны мен де естідім. Омар Сүлеймен ресми партиялардың өкілдерімен кездесті...

- Әрі осылайша оппозицияның арасына сына қаға бастады...
Араб көктемі өзгелерге үлгі болады деп санаймын.

- Бірақ ол партиялардың айта қоярлық талабы жоқ. Қарсылық көрсетудің ең басты кейіпкерлері – шеруге шығушылар мен «Мұсылман бауырлар» ұйымы болып отыр. Мен армия басшылығымен қан төгіске бармай біздің бейбіт өзгерістерді қалай жүзеге асыра алатындығымыз жайында, осы заманғы, демократиялық мемлекетті қалай құратындығымыз турасында сөйлесер едім. Бұл жаңа конституция қабылдау және парламентті тарату арқылы жүзеге асады.

- Сіз 1989 жылы Орталық және Шығыс Еуропадағы режимдердің құлауы мен қазіргі араб елдерінде болып жатқан толқулардың арасынан қандай да бір ұқсастық таба аласыз ба?

- Әрине. Бұның екеуі де ең басты тарихи жарылыс болып табылады. Тунистен Иеменге дейінгі араб әлемінде қазіргі болып жатқан толқулар орманды шарпыған өртті еске түсіреді. Египеттегі өзгерістің күллі Таяу Шығыс елдеріне түрткі болатынына күмәнім жоқ. Араб көктемі өзгелерге үлгі болады деп санаймын...

- Египеттегі наразылық 1968 жылғы Варшава келісімінің әскерлері Чехословакиядағы саяси либерализацияны қатаң басып-жаныштаған Прага көктемі сияқты қайғылы жағдайда аяқталмайды деген үміт бар. Бұған Израиль өзгелерінен гөрі көбірек алаңдайтын сияқты ғой.

- Мүбәрәктің Батыс пен Израильде тарап кеткен бірнеше мифі бар. Оның алғашқысы – егер Мүбәрәк орнынан кетсе, елде хаос орнайтыны жайында. Екіншісі – егер Египет демократияға қадам басатын болса, онда Израильмен бейбіт келісімдер күшін жояды да, біз Таяу Шығыста жаңа соғысқа тап боламыз. Үшінші миф бойынша, егер өзгерістер болатын болса, Ирандағы аятолла Каирді өз қолына алады дейді. Мен бұның бәрлығы бос сөз дегім келеді.

- Бұл сіздің халықтың египеттік исламшылдарға қатысты мазасыз күйін сезіне алмайтыныңызды білдіре ме?

- Мен «Мұсылман бауырлар» ұйымы секілді пікірде емеспін және олардың консервативті діни идеологиясын қолдай қоймаймын. Негізі, олар аса көп емес, есесіне ұйымның египеттіктердің 20 пайыз дауысына ие болуға мүмкіндігі бар. Олардың «Әл-Қаидамен» байланысы жоқ. Олар зорлық-зомбылықтан бас тартуға және демократиялық қағидаларды басшылыққа алуға келіскен.

- Сіз құрамына «Мұсылман бауырлар» ұйымы кіретін жаңа үкімет Мүбәрәктің Израильге қатысты саясатын ары қарай жалғастырады деп ойлайсыз ба?

- Жоқ. Израильдіктер де тек бір ғана адаммен келісімге келіп, бейбітшілік орнатудың мүмкін еместігін түсінуі керек. Дәл қазіргі сәтте Израиль Египет халқымен емес, тек бір ғана адаммен келісім жасады. Израиль демократиялық Египетпен көрші болудың өзінің ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетіндігін және палестиналықтардың заңды құқықтарын мойындап, оларға өз мемлекетін қайтарып беру керектігі оң шешім болатынын түсінуі тиіс.

- Ал Египеттің жаңа президенті Израильмен қарым-қатынасын өзгерте ме? Сіз өзіңіз Израильге иі қатты премьер-министр Беньямин Нетаньяхумен кездесуге барар ма едіңіз?
«Мұсылман бауырластығы» ұйымынан да, АҚШ саясатынан да өзімді алшақтау ұстағым келеді.

- Мен бұған дейін Израильге іс-сапар жасағанмын. Бірақ, саясат турасында мен оның сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына мән беремін. Әрине Газа секторындағы жағдай жақсаруы тиіс және ондағы блокада тез арада жойылуы керек. Мен өзімнің израильдік достарыма: «Палестиналықтарға әріптес ретінде қарап, олардың құқықтарына құлақ асу және оларды қорламау сендердің де мүдделерің» дегенді қашанда айтып жүрем.

- Соңғы, әрі маңызды сұрақ, сіз өзіңізді Египеттің келесі президенті боламын деп ойлайсыз ба?

- Мен оған ұмтылып отырған жоқпын. Дегенмен, халық маған үміт артса, олардың көңілін жықпаймын. Тәуелсіз болып қалып, «Мұсылман бауырлар» ұйымынан да, АҚШ саясатынан да өзімді алшақтау ұстағым келеді.

ДЕМОНСТРАНТТАРДЫ ДҮНИЕ ЖҮЗІ ҚОЛДАЙДЫ

Reuters («Рейтерс») ақпарат агенттігі ақпанның 5-і Египеттегі наразылық танытушы саяси қозғалыстар мен президенттің төңірегіндегі топтың ара салмағына талдау жасап, басымдықтары мен кемшіліктерін тізіп шыққан.

Біріншіден, наразылық танытушылар өткен сейсенбі, ақпанның 1-күні көшеге миллионнан аса адамды шығара алды. Жұма, ақпанның 4-і күнгі Каирдің орталығындағы митингіге де осыншама адам жиналды.
Үкіметке қарсы демонстранттардың қатарында балалар да бар. Каирдегі Тхрир алаңы, 7 ақпан 2011 жыл

Қарсылық көрсету жиындары басқа шеткері қалаларда, әсіресе Александрия, Суэц және тоқыма өнеркәсібі қаласы Махаллаға да жайылды. Мүбәрәкты қолдаған митингілер аз болды және олар кеш басталып, ерте сөне бастады дейді басылым. Алайда, бірқатар египеттіктер билік наразылық танытушылардың талабына кәдімгідей құлақ асты, қарсылық шаралары ендігі аяқталуы тиіс деп ойлайды. Наразылық танытушылардың көбі демонстрациялардан титықтағанын да жеткізеді басылым.

Екіншіден, оппозиция халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болды. Шетел үкіметтері, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары наразылық танытушылардың бейбіт шеруіне қолдау көрсетіп, Египет билігінің әр қадамын жіті бақылап отыр. Жақсы атқа ие болған наразылық акциялары бейбіт сипат алды.

Ал президентті қолдайтындар ақпанның 2-і наразылық танытушыларды алаңнан тас, жанғыш сұйықтығы бар бөтелке қолданып, оқ ату арқылы қуып шығуға ұмтылғанда қарсылыққа қатысты пікірлер түрлене түсті. Тахрир алаңында наразылық танытушылар қолға ілінген заттың бәрімен қорғанып бақты. Наразылық танытушылар әскерилердің оқ атпайтындығы жайлы уәдесін алды. Толқуларда Египет әскерінің рөлі құпия және екіұшты болғанымен, көптеген египеттіктер әскерилер берген уәдесінде тұрады деп сенді. Тахрир алаңындағы халықты күшпен таратуды көздейтін кез-келген шара халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырауы мүмкін еді дегенді айтады Reuters.

Мүбәрәкты келесі сайлауға түсуден бас тартқызу арқылы наразылық танытушылар қойған талаптарына бір табан жақындады дейді басылым.

МҮБӘРӘК ПЕН ОНЫҢ ТОБЫ

Мүбәрәк қатарында 450000 жауынгері және бастан-аяқ құрсанған қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы. Бірақ армия осы уақытқа дейін үкіметтік ғимараттарды қорғаудан басқа ешнәрсе істеген жоқ. Әскер кейде наразылық танытушылардың Тахрир алаңына өтуіне кедергі жасағанымен, одан қатаңырақ әрекетке бармады.
Мүбәрәкке қарсы египеттіктер ұрандап тұр. Каирдің Тахрир алаңы, 7 ақпан 2011 жыл

Полиция, әсіресе орталықтың қауіпсіздік күштері, қаңтардың 28-і көшелерді күзетуден босатылған соң абдырап қалды. Вице-президент Омар Сүлеймен билік қайтадан күш жинағанша бірнеше ай өтетінін айтты. Алайда, егер екі жақтың қарсылығы ұзаққа созылатын болса, бірқатар полиция құрылымдары Мүбәрәктің жанына қайта топтасуы мүмкін дегенді айтады Reuters.

Хосни Мүбәрәк биліктегі Ұлттық демократиялық партияның басшысы болып қалады, бірақ партия қазір беделден жұрдай болған, әрі кеңселері тоналып, өртеніп кеткен. Іс жүзінде, қазір партия пәлендей абырой әпере алмайды.

Ал мемлекеттік БАҚ-тар әлі де болса Мүбәрәктің бақылауында. Президентке адал саналатын радио Мүбәрәкті жақтайтын хабарлар таратып жатыр. Дегенмен, көптеген египеттіктер өз еліндегі саяси жағдайды спутниктік телеарналардан көріп отыр. Мемлекет мұндай телеарналарды түгел бақылауға ала алмайды. Қатардың әл-Жазира телеарнасы египеттіктерге еркін ақпарат таратуда елеулі рөл атқарып келді. Бірақ, қазір Египеттің билігі оның таралуына түрлі тосқауыл қойып жатыр.
Деонстранттар мен әскерилер. Каир, 7 ақпан 2011 жыл

Наразылық ескі жүйенің пайдасын көріп қалған халықтың орта тап өкілдеріне де әсер етті. «Мұсылман бауырлар» ұйымының саяси өмірге араласуына үреймен қарайтын христиандар да бей-жай қалмады. Бірақ, осы аталған тап өкілдерінің алаңға шыға қоюы екіталай деп санайды басылым.

Reuters Хосни Мүбәрәк Израиль, Италия және Сауд Арабиясы сынды елдердің оңшыл бағыттағы басшыларының қолдауына ие дегенді айтады. Өткен сенбіде АҚШ өз ұстанымын өзгертіп, Хосни Мүбәрәк елде саяси өзгерістерді басшылыққа алу үшін біршама уақыт орнында қала тұру керек деп мәлімдеді. Ал бұл президенттің жағдайын жеңілдете түседі.
XS
SM
MD
LG