Accessibility links

Теңге девальвациясы және жаңа мүмкіндіктер


Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің сессиясы кезінде Грекия қаржы министрі Янис Вароуфакис (сол жақта) Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетовпен сөйлесіп тұр. Вашингтон, 18 сәуір 2015 жыл.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің сессиясы кезінде Грекия қаржы министрі Янис Вароуфакис (сол жақта) Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетовпен сөйлесіп тұр. Вашингтон, 18 сәуір 2015 жыл.

Батыс басылымдарының жазуынша, теңге девальвациясы қарапайым жұрттың наразылығына ұласуы мүмкін. Бірақ, мұнай бағасының арзандауы шикізат өндіруші елдер экономикасының дамуына түрткі болуы мүмкін деп болжайды батыс баспасөзі.

FINANCIAL TIMES КЕЛІМБЕТОВ ТУРАЛЫ

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Валюта девальвациясы Қазақстанның ұлттық банкін қиын жағдайға қалдырды» деп аталатын мақаласында «Бұл қадам (теңге девальвациясы) Қазақстанның шикізат секторына тиімді болғанымен, инфляция деңгейі мен күнделікті сұранысқа ие тауарлардың қымбаттауына тап болған қарапайым қазақстандықтарға ауыр тиді. Сондықтан бұл қадам қиын кезеңді қоғамдық толқуларға ұрынбай еңсеруге тырысқан авторитарлы биліктің таңдауын көрсетті» деп жазады.

Financial Times газетінің жазуынша, бұл – қисыны айқын қадам. Мұнайдан түсетін табыс ел экспорты кірісінің 60 пайызын құрайды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында бюджет кірісі күрт кеміп, түсетін корпоративтік табыс салығы 12,6 пайызға қысқарды. Financial Times «Орталық банк екі жылға жетпейтін уақыт ішінде валюта бағамын ұстап тұруға 28 миллиард доллар жұмсады. Бұл орталық банк пен ұлттық мұнай қорының бірлескен резервінің төрттен бір бөлігіне тең. Сарапшылар мен қазақстандық бизнесмендер талай айдан бері теңге девальвациясын күткен» деп жазады.

Бензиннің кейбір түрінен баға шектеуі алынған күні Астанадағы жанармай бекетінде кезекте тұрған автокөліктер. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Бензиннің кейбір түрінен баға шектеуі алынған күні Астанадағы жанармай бекетінде кезекте тұрған автокөліктер. 4 қыркүйек 2015 жыл.

Газетте Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетовтің «депозиттік салымдардың төрттен үші доллармен жатыр, ал девальвацияға дейін алынған корпоративтік несиенің 70 пайызы –теңгемен берілген, сондықтан теңгенің құлдырауынан көп ешкім зардап шеге қоймайды» деген сөздерін келтірген.

«Жұрттың көбі билік жұмыс орнындарын сақтап қалады және ең төменгі күнкөріс деңгейіне кепілдік береді деп әлі үміттенетін бұрынғы советтік Қазақстанда бұл жауап көпшілікке ұнай қоймасы анық» деп жазады Financial Times.

Бірақ қарапайым азаматтар «нақты кірістерін азайтатын инфляцияға дайындалып жатыр». Өткен аптада билік бензиін бағасын еркіне жібергеннен кейін бензиннің кейбір маркалары 20 пайызға қымбаттаған. Инфляция деңгейі ұлттық банк белгілеген 6-8 пайыздық межеден асуы мүмкін екенін Қайрат Келімбетов те мойындайды, бірақ ұлттық банк ынсапты курс жоспарлаған.

«Теңгені еркіне жіберуді алдағы жаңа қиындықтарға дайындық ретінде сипаттаған» Келімбетов келешекте АҚШ пайыздық мөлшерлемені өсіріп, Қытай экономикасының өсу қарқыны баяуласа, мұнай бағасына қысым күшейетінін ескертеді» деп жазады Financial Times газеті.

ШИКІЗАТ «ҚАРҒЫСЫ» ТИГЕН ЕЛДЕР

Американың Foreign Affairs журналы «Қарғыстан алғысқа қарай» деген мақаласында Африка құрлығы елдерін мысалға келтіре отырып, шикізатқа тәуелді елдерге ортақ жағдайларды сипаттаған және мұнай бағасының арзандауы мен әлемдегі дағдарыс жаңа мүмкіндіктер ашуға түрткі болуы мүмкін деп болжайды.

«Шикізат қарғысы» жайлы пікір шикізатқа бай елдердің мұндай байлығы жоқ елдерге қарағанда мешеу дамитыны байқалған постколониалдық заманда айтыла бастаған. Мұның себебін шикізаттың көп бөлігін экономиканы әр тараптандыруға жұмсамай, экспортқа шығарумен байланыстырады.

«Ембімұнайгаз» компаниясының мұнай кеніші. Мақат ауданы, Атырау облысы. 4 қыркүйек 2012 жыл.

«Ембімұнайгаз» компаниясының мұнай кеніші. Мақат ауданы, Атырау облысы. 4 қыркүйек 2012 жыл.

Foreign Affairs газеті мұны «Шикізат сатудан түскен кіріске бөккен режимдер экономиканың өсімі мен салыққа мұқтаж емес. Азаматтарынан салық алмаған режим оларға қатысты жауапкершілік те сезінбейді. Мұның орнына субсидияның көмегімен тыныштықты қамтамасыз етіп, билікті ұстап қалуға қолдауы мықты топтардың ығына жығылып отырса болды. Ал бұл тамыр-таныстық пен коррупцияға ұласады. Экспорттан түсетін ақша түгесілген кезде жүйе де күйрейді» деп жазады.

«Мұнай бағасының арзандауы қорқынышты. Бірақ бұл өткеннен бас тартуға да мүмкіндік береді. Бұл шикізатты орнымен, яғни қарғыс емес, алғыс ретінде пайдалану мүмкіндігін береді. Халықаралық мұнай қоры әлі құбылып тұр әрі тұрақтанатын түрі байқалмайды. Мұнайға бай елдер бастаған өтпелі процестерді кейінге қалдыра тұруға тырысуы мүмкін. Әзірше қаржылық ресурстары бар кезде олар қарсы бағытқа курс ұстап, елдің шикізатқа тәуелділігін азайтуға себі тиетін экономиканы әр тараптандыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымға инвестиция салуды тоқтатпайды деп үміт күту керек» деп жазады Foreign Affairs газеті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG