Accessibility links

Кундуздың құлауы Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін


Исламшыл содырлар Кундузда қолға түсірген көлік жанында суретке түсіп тұр. Әлеуметтік желіде жарияланған сурет.

Исламшыл содырлар Кундузда қолға түсірген көлік жанында суретке түсіп тұр. Әлеуметтік желіде жарияланған сурет.

Ауғанстан армиясы Кундуз қаласының көп бөлігіне қайта бақылау орнатқанымен, ондағы шабуыл салдары бүкіл Орталық Азияға әсер етуі мүмкін деп болжайды сарапшылар.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ СОДЫРЛАРЫ

Ұлыбританияның Financial Times газеті «Талибан» күштерінің қыркүйектің 28-і күні Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз қаласын басып алуын «Президент Ашраф Ганидің қоршауда қалған билігіне тиген алапат соққы» деп атаған және бұл «аймақ үшін үлкен зардаптарға ұласуы мүмкін» екенін жазады. Талибандықтардың Кундуз қаласын басып алуы «Ауғанстан жақтан төнетін қауіпсіздікті сейілтуге тырысып, 2001 жылдан бері көп қан төгіп, қыруар ақша жұмсаған АҚШ пен НАТО үшін үлкен сәтсіздікке айналды» дейді басылым. Сонымен бірге бұл оқиға «Талибан» ұйымының жаңа жетекшісі Мансұр молданың позициясын нығайтып әрі оның қол астына көбірек содыр жинап алуына көмектеседі.

«Бірақ бұл дағдарыс Орталық Азия мен батыс Қытай үшін көбірек қауіпті. Екі аймақпен де шектесетін Кундуз - талибандықтарға қаланы басып алуға көмектескен Орталық Азиядан шыққан содырлар паналайтын орынға айналуы мүмкін. Орталық Азия елдерінің жоғары лауазымды басшылары содырлар мен олардың жақтастары - [аймақтағы] тұрақтылыққа төнген ең үлкен қатер екенін айтып жатыр» деп жазады Financial Times.

Өздерін "Өзбекстан тумасымыз" деп атайтын содырлар исламшылар басып алған Кундузда суретке түсіп тұр.

Өздерін "Өзбекстан тумасымыз" деп атайтын содырлар исламшылар басып алған Кундузда суретке түсіп тұр.

Батыс пен Орталық Азия елдерінің барлау қызметтері мен дипломаттарының мәлімдеуінше, «Талибан» содырларының көбі - ауған азаматтары емес. Олар - Орталық Азияның бес елінен келген өзбектер, тәжіктер, түркімендер, қырғыздар мен қазақтар. Бұлар «Талибан» ұйымының қолдауымен «Өзбекстан ислам қозғалысы» (ӨИҚ), «Ислам жихадшылар қозғалысы» және «Ансарулла жамағаты» сияқты өз топтарының құрамында шайқасып жүр. Олардың арасында шешендер, дағыстандықтар мен ұйғырлар және «Әл-Қайда», «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымдарының кейбір өкілдері, сонымен бірге пәкістандық содырлар бар.

«Олардың түпкі мақсаты - Орталық Азияны басып алып, халифат құру» деп жазылған мақалада. Кундуз қаласы Қытай мен Орталық Азиядағы жағдайды ушықтыру үшін содырларды, жарылғыш заттар мен ақша жөнелтетін ұтымды базаға айналуы мүмкін. Бұл дағдарыс Тәжікстанда жеті мың сарбазы тұрған Ресей мен көрші Қытайды да шарпуы мүмкін. «Терроризм мен аймақтық жанжалдың ұлғаю қаупі күшейіп барады» деп жазады Financial Times газеті.

КУНДУЗДЫ БАСЫП АЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Американың New York Times газеті 2013-2014 жылдары Ауғанстан сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған, Kabul Compass стратегиялық талдау институтының президенті Ершад Ахмадидің мақаласын жариялаған. Ол Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен үкімет басшысы Абдулла Абдулланың арасындағы саяси қатынастарды сынап, Ауғанстан «кері кетіп барады» деген пікір айтқан. Бұл тығырықтан шығып, нағыз «ұлттық бірлік үкіметін» құру үшін Ершад Ахмади үш қадам жасауды ұсынған.

Ең әуелі билік «назарын ішкі саясатқа аударуы» және 2014 жылдың қыркүйегінде қол қойылған саяси мәміледе қарастырылғандай, «Лойя жирга» - жалпыұлттық ақсақалдар құрылтайын өткізуі тиіс деп санайды ол. Екіншіден, «билік басқарудың инклюзивті тәсілдеріне көбірек жүгінуі» және «сенімді түрде әрі әдеппен әрекет етуі» тиіс. Ол парламент сайлауын өткізу мәселелеріне қатысты толассыз дау-дамай, электронды жеке куәлік тарату, Пәкістан барлау қызметімен ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қою және электоралдық реформалар жүргізу жөніндегі комиссия құру билікті халық сенімінен айырды деп санайды. Мақала соңында ол ел басшылары мен ықпалды тұлғаларын «Ауғанстанның демократиялық және конституциялық саясаты тұтастығын қорғауға» шақырған.

Кундузды қорғай алмаған Ауғанстан үкіметіне наразылық білдіріп Кабулда шеруге шыққандар.

Кундузды қорғай алмаған Ауғанстан үкіметіне наразылық білдіріп Кабулда шеруге шыққандар.

Американың Foreign Policy журналы Ауғанстанның бесінші ірі қаласы - Кундуздың құлауы «президент Ашраф Ганидің билігіне соққы болып тиюмен қатар, елдің қарулы күштерінің қуаты мен саяси жетекшілердің енді ғана жанданып келе жатқан саяси процесті нығайту ниетіне деген сенімі біртіндеп қалпына келе бастаған ауғанстандықтарды есеңгіретіп тастады» деп жазады. Сонымен бірге бұл жағдай ауған билігімен бейбіт бітімге келу мәселесінде және Омар молданың қазасынан кейін жаңа басшының тағайындалуына байланысты өзара жікке бөліне бастаған «Талибан» ұйымының рухын көтеріп тастады» деп жазады Foreign Policy.

«Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің «Кундуз қаласын қайтарып алдық» деген мәлімдемесіне қарамастан, солтүстіктегі [Ауғанстанның] ахуал кез келген сәтте күрт өзгеруі мүмкін. Егер олардың көзін жоймай әрі елдің Кундуз сияқты негізгі қалаларына шабуылдауға мүмкіндік беріп қойса, тұрғындар «Талибан», «Өзбекстан ислам қозғалысы» және «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» арасындағы одақты олардың жоспарын ұнатқаннан емес, қорқыныш пен шарасыздықтан қолдап кетуі мүмкін» деп жазады Foreign Policy газеті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG