Accessibility links

Блэр Назарбаевқа кеңесші болғанына өкінеді


Тони Блэрдің Ұлыбритания премьер-министрі болып тұрғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен суреті. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

Тони Блэрдің Ұлыбритания премьер-министрі болып тұрғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен суреті. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

Батыс баспасөзі әлемдік уран нарқындағы дағдарыс, бұрынғы биртан премьер-министрі Тони Блэрдің осыдан біраз бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып жұмыс істегеніне өкінетіні туралы жазады.

УРАН НАРЫҒЫНДАҒЫ ДАҒДАРЫС

Американың бизнес саласындағы жаңалықтар тарататын Fox Business сайты әлемдік нарықтағы уран дағдарысы жайлы жазған. «Ядролық отынды өндіру көлемі қалпына келе бастағанына қарамастан, уран өндірушілер шарасыздықтан күн көру амалына көшіп жатыр» деген мақалада атом қуатын өндіру «Фукусима апатынан кейінгі құлдыраудан біртіндеп қалпына келе бастады, бірақ артық өндіру уран бағасын рекордтық деңгейде арзандатып тұр, ал бұл күн көру қамына көшкен өндірушілерді шахталардың жұмысын уақытша тоқтатып, шығынды азайтуға және қарызды қысқарту мәжбүрлеп отыр» деп жазған.

2011 жылғы наурыздағы Фукусима апатынан кейін Жапония әлемдегі жұмыс істейтін 400-ден аса реактордың шамамен 10 пайызын құрайтын атом реакторларын жапты. Ол кезде тағы бірнеше ел атом қуатын пайдаланудан бас тарту жоспары жайлы мәлімдеген. Арада бес жыл өткенімен, қазір Жапониядағы 42 реактордың үшеуі ғана жұмыс істеп тұр, бірақ көбінесе Қытайда ашылып жатқан жаңа станциялар азайған көлемді жартылай жапқан. АҚШ, Қытай, Финляндия, Франция және Біріккен араб әмірліктері таяу жылдары бірнеше жаңа станция салуды жоспарлап отыр. Бірақ өткен аптада уранның бір фунтының бағасы рекордты деңгей – 23,5 долларға дейін құлдырады (ал 2007 жылғы маусымда бір фунты 140 доллар болған).

«Energy Fuels дерегінше, баға арзандағанына қарамастан, уран өндірісі 1990 жылдардың ортасындағы 80-90 миллион фунттан былтыр 160 миллион футқа дейін еселенді. WNA дерегінше, уранның көбі алдыңғы 10 жыл ішінде өндіріс көлемін бес еседен артық ұлғайту арқылы нарықтағы үлесін 2013 жылы 38 пайызға жеткізіп, әлемдегі ең ірі уран өндірушіге айналған Қазақстаннан түсіп жатыр. Жаңа ұсыныстың артуы мен сұраныстың азаюы бағаны өндірушілердің көбі шығынмен жұмыс істейтін деңгейге дейін құлдыратты» деп жазады Fox Business.

БЛЭР ҚАЗАҚСТАННАН АЛҒАН АҚШАСЫ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

Ұлыбританияның Telegraph газетінің жазуынша, елдің бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Ұлыбританияны «бір партиялық мемлекетке» айналдыру «трагедиясына» жол бермеу үшін» үлкен саясатқа қайта оралуға ниет білдірген. Тони Блэр бұл шешімі жайлы «ақша табу жолындағы авантюралары бірнеше жылдан бері сынға іліккеннен кейін» бизнес-империясын жабатынын жариялаған соң іле-шала мәлімдеген.

«Бұған қоса, ол Қазақстан президенті – диктатор Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі ретінде жұмыс істегеніне өкінетінін де айтады» деп жазады Telegraph.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр шетелдік инвестор кеңесінде сөйлеп отыр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр шетелдік инвестор кеңесінде сөйлеп отыр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Бұл тақырыпқа Ұлыбританияның Financial Times газеті де мақала жариялаған. Мақалада «Esquire [журналына берген сұхбатында] Блэр мырза [премьер-министр резиденциясынан] кеткеннен бері қайырымдылық істерге 10 миллионнан көп фунт стерлинг бергенін айтқан. «Ол жақта жұмыс істегенімізді айтқаныма қуаныштымын… бірақ бұл бізге [өзімізге] соққы болып тиген үлкен сойылға айналды»… Меніңше, біз ақшаның жетегінде тым кетіп қалған сияқтымыз» деген Блэр Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болғанына аздап өкініш білдірген.

Нұрсұлтан Назарбаевқа «кеңесшілік қызметін» көрсетіп, ақша тауып жүргені үшін Тони Блэр ертеректе батыс басылымдары сынына талай рет қалған. Мысалы, Блэрдің Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мыңдаған мұнайшының бірнеше айға созылған ереуілі атыс қаруының күшімен басып-жаншылып, кемінде 16 адамның қазасымен аяқталғаннан кейін Қазақстан үкіметінің имиджін қалай жақсартуға болатыны жайлы Назарбаевқа кеңес бергені көп сөз болған.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҚАТЕРЛЕР

Американың Stratfor сараптама агенттігінің сайтында жарияланған «Орталық Азия әміршілері биліктен айырылғысы келмейді» деген мақала билікті уысынан шығармас үшін авторитарлы басшылары қилы тәсілдерге жүгінетін аймақтағы жағдайды талдаған. Мақалада «Орталық Азия ірі саяси өзгерістер көп болмайтын аймақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін [бес республикада] орталықтандырылған саяси жүйе сақталып қалды, әзірше тек Қырғызстанда ғана екіден көп президент болды. Бірақ биылғы жыл аймаққа маңызды саяси өзгерістер әкелді» деп жазылған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Мақала авторлары Өзбекстанның авторитарлы президенті Ислам Каримовтің қазасы, президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту және билік құру туралы Түркіменстан конституциясына енгізілген өзгерістер, мамырда Тәжікстанда өткен референдум бекіткен осыған ұқсас өзгерістер туралы жазған. Тіпті «Екі революцияны бастан өткерген Қырғызстанның өзінде» «конституцияны билік партиясы пайдасына өзгерту» процесі жүріп жатыр. Мақаланың Қазақстанға қатысты бөлігінде «биліктің түпкілікті ауысу процесін әзірлеудегі қауіпсіздікті нығайту үшін» қыркүйекте үкіметте ауыс-түйістер болғаны айтылған.

«Бұл елдердің басшыларынын жанталасқан амалына қарамастан, кадрлық ауыс-түйістер, билік құру мерзімін ұзарту қауіпсіздікке қатысты ахуалды реттеуге дәрменсіз. Мұнайдың арзан бағасы мен Ресейдің қаржылық проблемалары Орталық Азияның экономикасын тежеп тұрғанда саяси өзгерістер әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге ұласпайды. Аймақ басшылары мұны жақсы түсініп оппозициялық топтарды да басып-жаншиды. Бірақ оппозицияны басып-жаншу мен шын-өтірігі белгісіз айбарлану тұрақсыздықты реттеудің орнына ушықтыра түсуі мүмкін» деп жазады Stratfor.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG