Accessibility links

Кеңесші Тони Блэрдің табысы еселенді


Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 21 қараша 2006 жыл.

Ағылшын басылымдары Тони Блэр компанияларының кірісі молайып, бұрынғы премьерлерге британ елшіліктерін жеке мақсатына пайдалануға тыйым салынғаны және жихадшылар жөнінде Блэрге айтылған ескерту жайлы жазған.

ҮШ ЕСЕ КӨБЕЙГЕН КІРІС

Ұлыбританияның Telegraph газеті елдің бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің коммерциялық табысы артқаны жайлы «Тони Блэрдің коммерциялық мақсатта құрған компаниясының табысы былтыр үш есе ұлғайды, ал қызметкерлерінің жалақысына 30 мың фунттан асатын сыйақы қосылды» деп жазды.

Бұл дерек сәрсенбі күні Тони Блэрдің коммерциялық жобаларымен айналысатын компанияларының бірі Windrush Ventures Ltd компаниясының бухгалтерлік есебі жарияланғаннан кейін белгілі болды. Ол құжаттарға сәйкес, былтырға жыл бұрынғы премьер-министрге рекордтық кіріс әкелген. «Компанияның тауар айналымы шамамен 30 пайызға ұлғайып, 19 миллиард 400 миллион фунтқа дейін өскен, ал табысы үш еселеніп, 2 миллиард 600 миллион фунтқа дейін жеткен. Қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 35 мың фунтқа өсіп, 103 791 фунтқа дейін көбейген» деп жазады Telegraph басылымы.

Тони Блэр шет мемлекеттер мен жеке меншік фирмаларға Windrush Ventures және Firerush Ventures компаниялары арқылы кеңесшілік қызмет көрсетеді.

«Блэр мырзаның шет мемлекеттерге кеңесшілік қызмет көрсетуден түскен ақшасын басқаратын Windrush Ventures компаниясы авторитарлы әмірші Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан сияқты елдермен және Абу-Дабимен келісім-шартқа отырған. Firerush Ventures Блэр мен оның командасы түрлі компаниялар мен ұлттық әл-ауқат қорларына көрсететін кеңесшілік қызметтен түскен қаражатты басқарады. Екеуі де Tony Blair Associates компаниясына қарайды» деп жазады Telegraph.

ЕЛШІЛІКТЕРДІ ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Ұлыбританияның Guardian газетінің жазуынша, Тони Блэр мен бұрынғы министрлердің Ұлыбритания елшіліктерін өз мүддесі үшін пайдалануына тыйым салынған. Мақалада «Тони Блэр және өзге министрлерге Ұлыбритания елшіліктерінің ресурстарын жеке коммерциялық мақсаты үшін тегін пайдалануға тыйым салынды» деп жазылған.

Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде елшіліктер «бұрынғы премьер-министрлер мен бұрынғы министрлердің сапарлары Ұлыбритания үкіметі мақсаттарын көздемесе, олардың сапарларын ұйымдастыруға енді көмектеспейді» деп көрсетілген. Ал бұрынғы премьер-министрлер мен бұрынғы министрлер Ұлыбритания бизнес өкілдері ретінде қолдау алғысы келсе, өзге компаниялар сияқты олар да өтініш тапсыруы тиіс.

Бұл мәлімдеме 2010 жылы Тони Блэр британдық салық төлеушілер есебінен АҚШ-тағы Ұлыбритания елшісі резиденциясында екі мәрте тоқтағанын анықтаған Ұлыбритания парламентінің Тори партиясынан сайланған мүшесі жасаған мәлімдемесінен кейін жарияланды. Ұлыбритания баспасөзінде Тони Блэрдің Париж, Манила және Триполи сапарлары жайлы да осындай хабарлар тараған.​

КАДДАФИДІҢ ЕСКЕРТУІ

Guardian басылымы тағы бір мақаласында Муаммар Каддафи Тони Блэрге өзін биліктен тайдыру жихадшыларға «есік ашатынын» ескерткенін жазған.

Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи. 10 сәуір 2011 жыл.

Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи. 10 сәуір 2011 жыл.

«2011 жылы Тони Блэрмен екі рет телефон арқылы сөйлескен Муаммар Каддафи «мені Ливия басшысы қызметінен тайдырған жағдайда «Әл-Қаида» ұйымы елге бақылау орнатып, тіпті Еуропаға басқыншылық жасауы мүмкін» деп ескерткен. Екеуінің арасындағы әлгі әңгімелердің жай-жапсарын 2011 жылдың қазанында Батыс елдерінің Каддафиді биліктен тайдырып, оны қастандықпен өлтіруге ұласқан әуе шабуылына қатысты жайттарды тексеріп жатқан Ұлыбританияның сыртқы істер жөніндегі арнайы комитеті Блэрдің рұқсатымен жариялаған» деп жазады Guardian басылымы.

Әлгі әңгімелердің бірінде Муаммар Каддафи, «Әл-Қаида» ұйымы [2001 жылдың 9 қыркүйегіндегі терактілер алдындағы] Америкадағы сияқты, солтүстік Африкада да уақытша «ұйқыдағы ошақтарын» құрғанын айтқан. Бірақ екеуінің арасындағы әлгі әңгімеден үш аптадан соң НАТО коалициясының әуе шабуылы басталып, Каддафидің билігі құлаған. Муаммар Каддафи режимінің қарсыластары оны 2011 жылдың қазанында өлтірген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG