Accessibility links

АҚШ-тың Семей ядролық полигонына қатысты қаупі әлі тарамапты


Семей облысындағы бірінші ядролық сынақ. 29 тамыз 1949 жыл

Семей облысындағы бірінші ядролық сынақ. 29 тамыз 1949 жыл

Немістің Spiegel («Шпигель») басылымы Вашингтон Қазақстандағы бұрынғы Семей полигонында ашық жатқан плутоний материалдары террористердің қолына түсуі мүмкін деп қауіптенетінін жазады. АҚШ үкіметі осы мақсатта бұрынғы полигон орнын бақылауға алуға ұмтылып отыр дейді басылым.


Spiegel-дің жазуынша жер шарының дәл кіндігі деп саналатын бұл аймақты қазір тек малшылар ғана мекен еткенімен, АҚШ-тың әуеден ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарының торуылы бір сәтке үзілген емес. АҚШ қорғаныс министрлігі Қазақстанның осы бір өңірінде жүргізетін құпия операцияларын өзге ешкімнің білгенін қаламайды.

ПЕНТАГОН ТЕРРОРИСТЕР ПОЛИГОН АЙМАҒЫНА ЕНІП КЕТЕДІ ДЕП ҚОРҚАДЫ

Пентагон өкілдерінің пікірінше, «террористер радиоактивті материалдарды бұрынғы советтік мемлекеттер ішінде тек Қазақстаннан ғана еркін түрде ала алады. Сондықтан Пентагон террористердің полигон аймағына енуіне мүдделі емес. Ядролық жарылыстар әсерінен бұл өңірде біраз жерді плутонийдің қатты улағаны соншалықты, тіпті оны тікелей қазып алып, бомба жасай беруге жарайды» дегенді алға тартады Spiegel Online басылымы қаңтардың 26-күнгі санында.

Израильдің аумағындай жерді алып жатқан Совет одағының Семей полигонында алғашқы сынақ 1949 жылғы тамыздың 29-ы жасалған.
Біраз жерді плутонийдің қатты улағаны соншалықты, тіпті оны тікелей қазып алып, бомба жасай беруге жарайды.

Бұдан кейінгі қырғи-қабақ соғыс жылдарында мұнда 506 атом бомбасы сынақтан өткізілді. 1963 жылы ядролық сынақты жер үстінде жасауға тыйым салу жөнінде келісім жасалған соң, әскерилер атом бомбасын енді жер асты туннелдері мен шахталарында сынауға көшті. Осының салдарынан Семей әлемдегі ең жоғары деңгейде радиоактивті уланған аймаққа айналды.
Бұрынғы Семей полигоны аумағындағы Сарыжал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл

Ал Совет Одағы күйреген сәттен Қазақстан үлкен көлемдегі жаппай қырып-жою қаруларына ие болып қалды. Содан бері АҚШ бұл аймаққа қырып-жою қаруларын бірлесе қысқарту бағдарламасының аясында 600 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсаған. Аталған бағдарлама бұрынғы постсоветтік мемлекеттердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және біртіндеп жаппай қырып-жоятын қаруларды құртуға бағытталған деп жазады басылым.

РАДИАЦИЯ ДЕҢГЕЙІ ӘЛІ ЖОҒАРЫ

WikiLeaks («Уикиликс») сайты мен Spiegel («Шпигель») басылымы Америка елшілігінің 2009 және 2010 жылғы мәлімметтеріне сүйене отырып, Пентагон қанша шаралар қолданып жатқанымен, америкалық әскерилер әлі де террористер Семей жерінен радиоактивті матерлиадарды алуы мүмкін деп алаңдайды дегенді айтады. «Қырып-жою қаруларын бірлесе қысқарту бағдарламасының есебінен қаржыландырылатын жобалардың ішіндегі ең маңыздысы – бұрынғы Семей полигонында қару жасалатын материалдарды заласыздандыруға арналған жүйелі жоба» деп жазады АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд 2009 жылдың қаңтары мен 2010 жылдың ақпанында.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хоугланд (сол жақта) пен АҚШ генералы Дэвид Петреус баспасөз мәслихатында. Астана, 5 сәуір 2010 жыл

Осы мақсатта Вашингтон залалды аймақта бақылауды күшейтуді көздейтін бағдарламаға 100 миллион АҚШ долларын ендігі бөліп те қойды. Бұдан сәл ертерек, Астанадағы АҚШ елшілігі өз елдерінің Қазақстанды бұған қоса, ескерту белгілері, қоршаулар, автоматты датчиктер, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, патруль жасайтын машиналар және басқа да қажетті аппараттармен қамтамасыз ететінін айтып бөлек мәлімдеме жасады.
Сынақ аймағы ешқандай бақылауға алынбаған және ол жерлерді малшылар жайылымдық мақсатта пайдаланып жүр.

Негізінде, Қазақстан үкіметі 18500 шаршы шақырымды құрайтын аумақты өз мақсатында – ауылшаруашылығы мен мал жайылымы үшін пайдалануға беруді жоспарлаған. Бұл мақсатта полигонға радиация деңгейін анықтауға арнайы топ та жіберілді.

Дегенмен 2005 жылы НАТО-ның сол кездегі SEMIRAD миссиясының директоры болған Николас Прайс мұнда кейбір қиындықтардың барын айтып кетті. Ол: «Бізге мұнда ең қиындық тудыратыны – сынақ полигоны аймағындағы радиация деңгейі жоғары деген жер бедерлерінің әр жерде, шашырап орналасқандығы болып тұр. Қазір бізді бұндай жерлердің қауіптілігін толық біле алмағанымыз алаңдатып отыр» деген.

Осы миссия шеңберінде қазір АҚШ, Ресей және Қазақстанның өкілдерінен құралған топ аймақтың плутоний деңгейі жоғары жерлерін анықтау үстінде. Радиоактивтілігі өте жоғары осындай бір жердің беті қалыңдығы екі метр болатын монолитті темірбетонмен жабылды. Бұған дейін ядролық сынақ болған жерлерге кез-келген адам бара беретін. Бұл жайында 2001 жылы АҚШ-тың Энергетика министрлігінің өкілдері Қазақстанға қарата: «Сынақ аймағы ешқандай бақылауға алынбаған және ол жерлерді малшылар жайылымдық мақсатта пайдаланып жүр» деп ескерткен еді.

ҚЫЖАЛАТ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ӨЛІМ ШАҚЫРУҒА МӘЖБҮР

Семей полигоны аймағындағы қалалар мен ауылдардардың тұрғындары арасында қатерлі ісікпен ауыратындардың саны көп екендігі байқалады. Бұл ауыр металдар санатына жататын, әрі альфа сәулесін шығаратын плутонийдың әсерінен деген ой айтады Spiegel Online. Плутоний тыныс алу мен жұтыну кезінде өте зиянды. Мәселен, ғалымдар жылқының сүйегіне плутонийдің көп шоғырланып, жиналатынын ашқан. Малшылар көбіне дәл осындай жылқы етінен ас даярлайтын болып шықты.
Отбасын асырау үшін ұрылар радиацияға ұшыраған металдарды қытайлық алып-сатарларға сатады.

Алайда, плутоний көбіне жер астына тұнады екен. Екі шақырымға дейін созылатын шахталар мен туннельдерде шамамен 400-ге жуық ядролық бомба сынақтан өткен. Бұдан біраз жыл бұрын жергілікті радиациядан қорғау институтының директоры Лариса Птицкая: «Металл сынықтарын ұрлау мақсатында жергілікті тұрғындар бетондалған, жабық ядролық сынақ болған жерасты үңгірлерін жарылыс жасап, ашу үшін қолдан жасалған бомбаларды пайдаланып жүр. Отбасын асырау үшін ұрылар радиацияға ұшыраған металдарды қытайлық алып-сатарларға сатады» деп айтқан еді. Осындай тәсілмен террористер де жаппай қырып-жоятын қару жасауға радиоактивті материалдарды алуы әбден мүмкін дейді Spiegel.
Бұрынғы Семей полигоны орнында пайда болған "атом көлі". Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл

2009 жылы АҚШ елшілігі: «Радиоактивтілік жағынан қауіпті 181 туннель ойдағыдай жойылды, жойылмағандары бұдан да көп болуы мүмкін. Қазір біз осындай қауіпті тағы 20 туннельді зерттеп жатырмыз» деп мәлімдеген.

Негізі, АҚШ әскерилерінің қазақ даласын осылайша аса мұқият бақылауға алғаны бірінші рет емес дейді Spiegel Online. Сонау 1950-жылдарда-ақ АҚШ әскери әуе күштерінің U-2 барлаушы ұшақтары Совет одағының Семей полигонына жасырын ұшып барып барлау жұмыстарын жүргізген екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG