Accessibility links

Шығыс Украинада ресейшілдер кеңселерді басып алды


Ресейшіл топ Донецк облыстық әкімшілігін басып алып, Ресей туын тікті. Донецк, 6 сәуір 2014 жыл.

Ресейшіл топ Донецк облыстық әкімшілігін басып алып, Ресей туын тікті. Донецк, 6 сәуір 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы үш қалада ресейшіл шерушілер үкімет үйлерін басып алды. Киев Мәскеуді "бұл әрекеттерге дем беріп отыр" деп айыптады.

Украинаның шығысындағы үш қалада 6 сәуірде ресейшіл демонстранттар үкіметтік мекемелерге басып кірді.

Ондаған адам милиция бөгетін бұзып өтіп, Харьков қаласының әкімшілігін басып алған. Полиция үкіметтік мекемелер үстіне Ресей туларын тіккен адамдарға қарсы күш қолданған жоқ.

Сол күні Донецкідегі облыстық әкімшілікті, Луганскідегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бөлімшесін де басып алған. Донецкіде ресейшіл шерушілер облыстық әкімшілік үстіне Ресей туымен бірге "Донецк республикасы" деген жазуы бар плакат та ілген. Украина телеарналарының хабарлауынша, Луганскіде наразылар Қырымдағыдай референдум өткізуді, соңғы күндері қауіпсіздік қызметі ұстаған бірнеше адамды босатуды талап еткен.

ВИДЕО: Луганскіде қауіпсіздік қызметі кеңсесіне Ресей туын тікті

Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметі 6 сәуірде Луганск облысында "билікті құлатуға астыртын сөз байласты" деген күдікпен 15 адамды ұстаған. Мұның алдында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) "Ресейде шабуылдар жасамақ болды" деген күдікпен 25 украиналық азаматты тұтқындағаны хабарланған еді.

Тәртіпсіздіктерге байланысты Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов 7 сәуірде Литваға жоспарлаған сапарын тоқтатты. Ішкі істер министрі Арсен Аваков Ресей президенті Владимир Путин мен Украинаның биліктен тайдырылған бұрынғы президенті Виктор Януковичті елдің шығысындағы "сепаратистік іс-әрекеттерге қолдау көрсетіп отыр" деп айыптады. Аваков елдің шығысында зорлық-зомбылықсыз тәртіп орнатуға шақырды.

ВИДЕО: Донецкіде ресейшілдер әкімшілікті басып алды

Ресейшіл шерушілер соңғы апталарда Украинаның шығысындағы бірнеше қалада, ресейлік ондаған мың әскер шоғырландырылған шекараға жақын маңда наразылық шерулерін өткізген.

Чехия президенті Милош Земан "егер Ресей Украинаның шығыс бөлігін аннексиялап алуға ұмтылса, Батыс елдері қатаң шаралар қарастыруы тиіс" деп мәлімдеді. Ол Украинаның шығыс аймағын басып алу қаупі төнсе, бұл елге НАТО әскерін кіргізу қажет екенін айтты.

Ақпан айының соңында Украинада президент Виктор Янукович биліктен кетірілген соң Ресей Қырым аймағына әскер кіргізген. Наурыз айында Қырымда Мәскеудің бақылауымен референдум өткізіліп, оның нәтижесі бойынша Ресей аймақты өзіне қосып алған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG