Accessibility links

Өзі ақын, өзі блогшы Эдуард Чесноков ресейлік «Известия» басылымына жиі комментарий беретін бесаспап «сарапшыға» айналды.

Кей кездері ол жай «кіші ғылыми қызметкер» бола қалады. Сонымен бірге, керек кезінде әдеби сыншы да, өнер сыншысы да, журналист те, бұқаралық коммуникация бойынша маман да бола алатын бесаспап жігіт.

Кремльді жақтайтын «Известия» газетіне қандай «сарапшы» қажет болса, Эдуард Чесноков сол маманның кейпіне ене қалатын сияқты. Әдебиет институтының түлегі Чесноковтың аты-жөнін интернеттен теріп, оның соңғы бір жыл ішінде жазғандарын сүзгіден өткізіп шықсаңыз, бұл жігіттің өзгермейтін бір ғана қасиетін байқайсыз: ол өкіметке жан-тәнімен сенеді.

«Ақпараттық коммуникация жөніндегі сарапшы» рөліне кірген ол мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желідегі өз аккаунтында жарнама бермеуі керек деген ұсынысты қолдап:

– Шенеунік – ерекше жауапкершілік жүгі бар адам, ол сайлаушы мен мемлекеттің өзіне артқан сенімін ақтап, ешкімді алдамауы керек, – деген пікір білдірген.

Енді бірде «әдебиет сыншысына» айналған ол қаладағы электричкаларға Пушкин шығармаларының желісімен граффити салу туралы ұсынысқа байланысты пікір айтады.

– Мамандардың салатын суреттері алдын-ала мақұлдаудан өтуі керек, – дейді Чесноков.

Тағы бірде «өнер сыншысы» ретінде пікір айтқан жігітіміз галереялар мен көрмелердегі экстремизмнің насихатына ерекше көңіл бөлу керек деген ұсыныс білдіреді. «Ең бастысы – өнер Ресейдің адамгершілік қағидаларын бұзбауы керек. «Өнердің тәуелсіздігі» деген ұранмен экстремизмді насихаттап жүргендер – екіжүзді адамдар, неге екені белгісіз, мұндай белсенділер Немцовтың қуыршақ мүсінін өртемейді, Америка жалауын еттартқыштан өткізбейді» дейді ол. Мұнда Чесноков «радикал суретшілер, өнер адамдары тек билікті сынауға әзір, есесіне оппозицияға мүлде тиіспейді» дегенді меңзеп тұрса керек.

Ресейлік экономист Сергей Гуриев. Париж, 23 қыркүйек 2013 жыл.

Ресейлік экономист Сергей Гуриев. Париж, 23 қыркүйек 2013 жыл.

Осы аптада мемлекеттік академиялық гуманитарлық университеттің кіші ғылым қызметкері ретінде сөз алған Эдуард Чесноков ресейлік экономист Сергей Гуриевті ЮСАИД-тің қаражатына диссертация жазғаны үшін сынға алды.

– Гуриев әсіресе «біздің экономикамыз құрдымға кетеді» деген мазмұндағы мақалаларын жазғанда қаншалық тәуелсіз ой қозғайды? Профессордың терең ғылыми «тұжырымдарын» АҚШ мемлекеттік департаментінің әлдебір қызметкері аузына салып беріп тұрған жоқ па? – деген сауал тастайды Чесноков.

Ресей баспасөзі Кремльдің саясатын қолпаштау үшін ойдан шығарылған «сарапшылардың» көмегіне жүгініп тұрады.

Былтыр Азаттық радиосы ТАСС агенттігінің бір өтірігін әшкерелеген еді. Ресей президенті Владимир Путинді мақтап, Ресейдің Украинадағы әрекеттерін жақтап пікір білдірген германиялық «профессор» Лоренц Хаагтың шын мәнісінде академиялық ғылыми дәрежесі жоқ болып шықты. Ал ол қызмет істейді деген «Ғаламдық коммуникация агенттігі» дүниеде мүлде болмаған.

Ник Щетконың материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG