Accessibility links

Сепаратистер қатары сиреп барады


Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" әскербасыларының бірі Игорь Стрелков (ортада) оққағарларымен бірге. Донецк, 11 шілде 2014 жыл.

Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" әскербасыларының бірі Игорь Стрелков (ортада) оққағарларымен бірге. Донецк, 11 шілде 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистердің танымал жетекшілері біртіндеп кетіп, олардың орнын жұртқа белгісіз жергілікті адамдар басып жатыр. Кеткендердің кейбірі Мәскеуден шықса, кейбірі ізім-қайым жоғалған.

Украина күштері ресейшіл сепаратистердің ең соңғы бекіністері – Донецк пен Луганск қалаларын қоршауға жақындап келеді. Ал аймақты бөліп алмаққа ұмтылған сепаратистік құрылымдардың басшылары «ойыннан» шығып, олардың орындарына жұртқа беймәлім жергілікті адамдар келіп жатыр.

«Донецк және Луганск халық республикаларының» жетекшілерінен кімнің кетіп, кімнің қалғанын Азаттық тағы бір рет түгендеп шықты. Маусым айындағы тізімде аталған көсемдердің барлығы дерлік басшылықтан кеткен.

ИГОРЬ ГИРКИН (СТРЕЛКОВ)

Өзін «Донецк халық республикасы» (ДХР) деп атаған құрылымның Стрелков деген лақап атпен белгілі бұрынғы «қорғаныс министрін» ресейшіл бүлікшілер басшы тұтады. Ал Украина басшылығы сәуір айында Мәскеуден Донецкіге келген оны Ресейдің әскери барлау қызметіне жұмыс істеді деп айыптады.

Тамыздың 13-інде сепаратистік республиканың ақпарат қызметі Гиркиннің «ауыр жарақат алғанын» хабарлаған. Содан бері оның өлі я тірі екендігі белгісіз. Гиркиннің Мәскеуден бірге келген досы, ДХР-дің іс жүзіндегі «премьер-министрі» Александр Бородай оның отставкаға кеткенін, енді оған басқа жұмыс берілетінін мәлімдеді.

Славянскіде жол бойында тұрған биллбордтағы Гиркин-Стрелков бейнесі:

ВЛАДИМИР КОНОНОВ

Стрелковтың отставкасы туралы мәлімдеген Бородай оның орнына «Патша» («Царь») келді деп келте қайырған. Кейін белгілі болғанындай, «Патша» дегені - Луганскінің 40 жастағы тұрғыны, бұрын дзюдодан жаттықтырушы болған Владимир Кононов екен.

ДХР баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, сәуір айынан бері Донецкіде сепаратистер дивизиясын басқарып келе жатқан Кононов - «Украинаның әскери агрессиясын қайтару жөніндегі стратегиялық міндетті орындауға» белсене кіріскен жауынгер. Ол туралы басқа мәлімет жоқ.

АЛЕКСАНДР БОРОДАЙ

Мәскеулік Александр Бородай досы Стрелковпен бірге әсіреұлтшыл «Завтра» газетіне мақала жазумен айналысқан, бұған қоса мейрамханалар желісі де бар. Бородай ресейшіл сепаратистердің қатарына мамыр айында қосылып, бірден ДХР-дің іс жүзінде «премьер-министрі» болып тағайындалған. Сөз саптауына, киген киіміне қарап жұрт Бородайды сепаратистік «республикалардың» жалғыз ресми өкілі деп қабылдап жүрген.

Бірақ оның Малайзия ұшағы құлағаннан кейінгі іс-әрекеттері біртүрлі бола бастады. Түн жарымында өткізілген баспасөз мәслихатында Малайзияның ресми өкілдеріне ұшақтың «қара жәшіктерін» табыстағалы Бородайдың «жұлдызы» сөне бастады.

Өзін өзі жариялаған «ДХР премьер-министрі» Александр Бородай (ортада) малайзиялық жолаушылар ұшағы құлаған аймақта. Шахтерск, 17 шілде 2014 жыл.

Өзін өзі жариялаған «ДХР премьер-министрі» Александр Бородай (ортада) малайзиялық жолаушылар ұшағы құлаған аймақта. Шахтерск, 17 шілде 2014 жыл.

Тамыздың 7-сі күні баспасөз мәслихатын өткізген Бородай өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. «Мен тек стартап менеджер ретінде уақытша келгенмін, ал премьер-министр қызметін жергілікті адам атқаруы керек» деген ол көп ұзамай Мәскеуге кетіп қалды. Бірақ Бородай ДХР үкіметінде «премьер-министрдің орынбасары» қызметінде қала беретінін де ескертті.

АЛЕКСАНДР ЗАХАРЧЕНКО

Әскерилер мен полицейлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын, соңғы кездері сепаратистерге сарбаз жинап беріп жүрген «Оплот» қоғамдық ұйымының Донецкідегі бөлімшесінің бастығы Александр Захарченконың негізгі кәсібі – шахтадағы техникалық қызметкер. Украина баспасөзі оны «кезінде контрабандамен айналысқан қылмыскер» деп айыптады.

Сәуір айында Донецк аймақтық әкімшілігін басып алуға қатысқан 38 жастағы Захарченко билікке келе сала ұрысты уақытша тоқтататынын жариялады. Оның айтуынша, сепаратистерге Мәскеуден тек «моральдық қолдау» ғана қажет.

ВИДЕО: Александр Захарченко Донецк облыстық әкімшілігін сепаратистер басып алған кезде

ВАЛЕРИЙ БОЛОТОВ

Валерий Болотов – Луганск қаласынан шыққан бизнесмен. Оның экономика және бизнес салаларында ғылыми дәрежелері бар. «Луганск халық республикасының» (ЛХР) «халықтық губернаторы» болып тұрған кезінде оны әлдекімдер өлтірмек болды. Мұнымен қоса Болотов украин армиясының шабуылынан әзер құтылған. Сәуірде жарияланып, сепаратистердің делебесін қоздырған видеода Болотов бетінен маскасын шешіп тастап, «өз жеріміз үшін соғысуға әзірміз» деп мәлімдеген еді.

Тамыздың 14-і күні Болотовтың «уақытша отставкаға кетуі» жұртты таңқалдырды. Ресей телеарналарынан көрсетілген «мәлімдемесінде» ол дене жарақатының кесірінен өз міндетін атқара алмайтынын айтады. Бірақ оның қандай да бір жарақатты ауырсынып тұрғаны байқалмайды.

ИГОРЬ ПЛОТНИЦКИЙ

Болотовтың орнына сепаратистік үкіметті басқаруға келген Игорь Плотницкий кезінде Луганск әкімшілігінде шенеунік болған. Ол тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігінде сапаны қадағалаушы инспектор міндетін атқарған. Плотницкий бұған дейін іс жүзінде ЛХР-дің «қорғаныс министрі» қызметінде болған.

ИГОРЬ БЕЗЛЕР

Бұрынғы жерлеу агенттігі менеджері, «Жын» («Бес») деген лақап аты бар Игорь Безлер Донецк облысының Горловка қаласындағы сепаратистік күштердің қолбасшысы болған. Қызба мінезді, шалт қимылды Безлер тіпті британиялық The Guardian басылымының журналисін өлтіріп тастау керек деген де ұсыныс айтқан. Украина қауіпсіздік қызметі "Малайзияның жолаушылар ұшағын атып құлатуға бұйрық берген – Безлер" дейді.

Украина күштері Горловка қаласын қоршауға алғалы бері Безлердің қазасы туралы өсек-аяң күшейіп кетті. Украина баспасөзі «Безлер Мәскеуге қашып кетіпті» деген ақпар таратқан шілденің соңынан бері оны көрген адам жоқ. Ал оның отряды әлі де соғысып жатыр. Тіпті күні кеше олар майдандағы үлкен жетістіктерін айтып хабар таратты.

Азаттық тілшісі Глен Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG