Accessibility links

Надежда Толоконникова мен Мария Алехинаға үкім шыққанына жыл өтсе де, үйлерінде қалған сәбилері әлі үйренісе алмай жүр.

Мәскеу ғибадатханасында Кремльге қарсы ән айтқаны үшін Pussy Riot тобының мүшелері Надежда Толоконникова, Мария Алехина мен Екатерина Самуцевичтің екі жылға түрмеге кесілгенінен бері бір жыл өтті.

Екатерина Самуцевич шартты түрде кепілдікпен босатылды, ал кішкентай балалары бар Надежда Толоконникова мен Мария Алехина әлі қамауда отыр.

СОТ АЛЕХИНАНЫҢ ӨТІНІШІН ҚАБЫЛДАМАДЫ

Pussy Riot мүшелері Надежда Толоконникова мен Мария Алехинаға осы жыл ауыр тиді. Ресей президенті Владимир Путинді сынап, Мәскеу ғибадатханасында орындаған әндері үшін 2012 жылы тамыздың 17-і күні сот олардың әрқайсысын екі жылға бас бостандығынан айырған еді.

Абақтыдағы өмірдің ауыр шартына қоса феминистік панк-топтың екі мүшесі түрмеде қатаң ескертулер алды, жеке қамауға отырғызылып, аштық жариялады, апелляциялық шағымдарын сот қанағаттандырмады. Халықаралық ұйымдар бұған наразылық білдіріп, «шектен тыс жаза» берген Кремльді сынады.

Өткен бір жыл екі әйелдің кішкентай балаларына – Толоконникованың 5 жасар қызы Гера мен Алехинаның 6 жасар ұлы Филипке де оңай болған жоқ. Туысқандары олардың аналарын қатты сағынып, жалғызсырайтынын айтады.

Pussy Riot панк-тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова сотта отыр. Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

Pussy Riot панк-тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова сотта отыр. Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

Филиптің әкесі Никита Демидов Азаттыққа «2012 жылдың наурызында анасын тұтқындаған соң баладан шындықты жасырмауды ұйғарғанын» айтады.

- Туысқандарымның көбі баланың шындықты білмегені дұрыс деді. Бірақ мен оған анасының Құтқарушы Христос ғибадатханасына барып, қатты ән салғанын, кейбір адамдарға оның ұнамағанын айттым, - дейді Никита Демидов.

Ол қазір ұлымен және Алехинаның анасымен бірге әйелінің Мәскеудегі пәтерінде тұрып жатыр. Демидовтың айтуынша, содан кейін Филипп анасы туралы сирек сұрайтын болған. «Ол іштей тұйықталып қалған шығар» дейді әкесі.

Алдын ала қамау орнында жатқан Мария Алехина отбасымен кездесуге бірнеше аптадан соң рұқсат алған. Тергеушілер оны "ұлыңды тартып алып, жетімдер үйіне өткіземіз" деп бірнеше рет қорқытқан. Түрменің темір терезесінен қарау ғана бұйырған алғашқы кездесулері қиын болыпты.

«Филипп те, Маша да қорқып кетті. Бастапқы 30 минутта олар бір-біріне ештеңе айтпады. Маша жылап, теріс бұрылды. Бастапқыда ол Филя туралы айтуға, тіпті жазуға қатты қиналды. Бұл тақырыпты қозғасам, өзіне өте ауыр тиетінін Мария Алехина ұлы Филиппен.

Мария Алехина ұлы Филиппен.

айтатын» деді Никита Демидов.

Тамыз айында ресми түрде жазасын алған соң Мария Алехина түрмеде үш күн отбасымен кездесуге бірнеше рет рұқсат алды. Ұзақ кездесулердің арқасында анасы мен баласы қайтадан бір-біріне үйреністі.

Қазір Мәскеуден 400 шақырым жердегі Нижний Новгород қаласындағы түрмеде жатқан 25 жастағы әйел шамасы келгенше ұлымен хабарласып тұрады. Ол баласына хат жазады, Демидовпен Филиптің оқуы жайлы сөйлесіп, спорт пен гуманитарлық пәндердегі жетістігін талқылап, денсаулығына қатысты мәселелерді бірлесіп шешеді. Бірақ Никита Демидов түрмеге барған сайын ұлының анасын сағынатыны қатты байқалады дейді.

- Алғаш оған қонаққа барғанда ұлымның бойында күш-қуат пайда болғанын байқадым. Көптен бері ондай түрін көрмеген едім. Ары-бері жүгіріп, футбол ойнап, айғайлап жүрді. Оны тоқтату мүмкін емес еді. Анасы оған күш беретін сияқты. Оны сағынатыны анық, - дейді Демидов.

«ЖАУЫЗ КЕЙІПКЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКІСІ КЕЛЕДІ»

Өткен айда сот Мария Алехинаның баласын бағып-қағу үшін жазаны өтеуді кейінге шегеру туралы өтінішін қабылдамады. Надежда Толоконникованың да сондай әрекеті аяқсыз қалды.

Анасы Надежда Толоконникова түрмеге түскеннен бері кішкентай Гераның да тағдыры күрт өзгерді. 23 жастағы Толоконникова Мәскеуден 500 шақырым жердегі Мордовияда жазасын өтеп жатыр. Ол түрме СССР кезінде ауыр тәртібімен танымал болған.

Гера 4 наурызда туған күнін екінші жыл қатарынан анасынан бөлек атап өтті. Филипп сияқты емес, Гера анасының түрмеде екенін ашық айтады – мүмкін, оған әкесі Петр Верзиловтың әйелін түрмеден шығару үшін жүргізген кампаниясы себеп болған шығар. Верзиловтың айтуынша, қызы Толоконникованы құтқарудың сан-алуан әдістерін ойлап тапқан.

Надежда Толоконникова қызы Герамен.

Надежда Толоконникова қызы Герамен.

- Мультфильм көріп, ертегі тыңдайтын 5 жасар бала үшін осы оқиғаның өзі ертегі сияқты. Жауыз кейіпкер мен оған қарсы күресетін мейірімді адамдар бар. Жауыз Надяны қамап тастады, енді Гера оны құтқаратын жолды табуға тиіс. Ол жағдайды осылай қабылдайды, - дейді әкесі.

Верзиловтың айтуынша, әйелі қызынан бөлінгенді тіпті ауыр қабылдаған. «Мен тұратын үйдің дуалы биік, темір сыммен қоршалған. Жақында сендер менің қамалыма келесіңдер. Сендермен бір бөлмеде отырып сөйлесемін. Сосын олар мені алып кетеді. Бірақ бәрі жақсы, аз ғана шыдасақ үйге біржола ораламын» деп жазған Толоконникова Гераға қаңтар айында, қызы түрмеге келердің алдында.

Егер бәрі жақсы болса, Надежда Толоконникова да, Мария Алехина сияқты, 2014 жылы 3 наурызда түрмеден шығып, қызының туған күніне үлгереді.

Клэр Биггтің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG