Accessibility links

Путин ЕуроОдақ-Украина келісімі жан-жақты ойластырылмаған және кәсіби емес деп сынады


Украинаның газ тасымалы жүйесін жетілдіруғе бағытталған халықаралық конференцияға қатысушылар. Брюссель, 23 наурыз, 2009 жыл.
Украинаның газ тасымалы жүйесін жетілдіруғе бағытталған халықаралық конференцияға қатысушылар. Брюссель, 23 наурыз, 2009 жыл.

Дүйсенбі күні Еуропа Одағы Киевтің газ тасымалы жүйесін жетілдіруге бағытталған келісімге қол қойды. Оның алдында Сочиде журналистерге берген сұхбатында Путин егер ЕуроОдақ пен Украина арасындағы газ тасымалына қатысты келіссөздерде Ресейдің мүддесі ескерілмесе, Мәскеу еуропалық әріптестерімен қарым-қатынастарын қайта қарап шығуы тиіс болады деген еді.

Бұдан бұрын ЕуроОдақ Украинаның газ құбыры желісін дамытуға көмектесеміз деп уәде еткен-ді. Ал Киев өз кезегінде энергетика саласында ашықтық болады деп атап көрсетті. Келісімге қол қойылғаны Украина үшін өте жақсы хабар болды.

Бірақ ол Ресейге ұнамады. Брюсселдің мәлімдемесіне байланысты премьер-министр Владимир Путин тез арада былай деп жауап қайтарды.

«Қол қойылған құжат жақсылап ойластырылмаған және кәсіби емес, себебі мұндай мәселені негізгі тасымалдаушы елдің қатысуынсыз талқылау ақылға қонбайды», - деді Путин.

Путин мен Ресей президенті Дмитрий Медведев жетекшілігінде Мәскеуде өткен елдің Қауіпсіздік кеңесі жиынында Украинамен келесі аптаға жоспарланған келіссөздер уақытша тоқтатылады деп жарияланды. Медведевтің айуынша, алдымен Ресей ЕуроОдақ-Украина келісімінің шарттарын қарап шығуы тиіс.

«Біз алдағы аптада премьер-министрлер деңгейіндегі үкіметаралық кеңесулерді өткіземіз деп жоспарлаған едік. Енді біз мақұлданған декларацияның салдарын анықтауымыз керек және қабылданған шешімдерді талдауымыз керек, сондықтан әлгі кеңесулерді тоқтатуды ұсынып отырмын», - деді Медведев.

Қаңтар айында Киев пен Мәскеу арасындағы газ дауына байланысты бірқатар Еуропа елдері көгілдір отынсыз қалған еді. Путиннің мұндай мәлімдемесі энергия келіссөздерінде Мәскеудің маңызды әріптес болуға ұмтылуын көрсетеді.

Еуропа Одағы табиғи газ тасымалының 25 пайызын Ресейден алады, ал оның 80 пайызы Украина арқылы жеткізіледі. Бірақ Украинадағы құбырлар осыдан 40 жыл бұрын салынған болатын сондықтан оларды таяу арада жөндеп, ауыстыру қажет. Украина әлгі құбырларды бір өзі жетілдіре алмағандықтан ЕуроОдақпен келісім жасады.

Алайда Ресей компаниялары газ құбырлары желісін жақсарту мәселесінде өздерін Украинаның әріптесі ретінде көргісі келеді. Соңғы жылдары Киев құбырлар желісіне қатысты Ресей фирмаларына онша сенбейтіндігін мәлімдеген болатын.

Ресейдің "Газпром" компаниясы өз территориясындағы құбырлар жүйесін жетілдіріп жатқанын мәлімдеп, бұл мәселеде сәйкестендіру себебіне байланысты Украинаға да көмектесуге әзір екендігін хабарлады.

Дүйсенбі күнгі ЕуроОдақ-Украина декларациясында Ресейдің тасымалдаушы ретіндегі рөліне аса назар аударылмағандығы Мәскеудің ашу-ызасын келтірді.

Ресейдің энергетика министрі Сергей Шматко әлгі келісімді сынады:

«ЕроОдақ-Украина декларациясында энергетика саласындағы Укрина мен Еуропа Одағының стратегиялық әріптесі газ тасымалдаушы Ресей туралы ешнәрсе айтылмаған. Бұл таңқаларлық жайт. ЕуроОдақ пен Украинаның бірлескен декларациясының тек екіжақты ғана болуы түсініксіз болып тұр және біз мұны күтпеген едік. Шын мәнінде, бұрынғы Совет дәуірі кезінде жасалған Украинаның газ транзиті жүйесі технологиялық жағынан Ресейдің жүйесімен байланысты және оған тәуелді боп табылады», - деді Шматко.

Бірақ ЕуроОдақ жетекшілері Украинамен арадағы келісімнен Ресей пайда көреді себебі Украинаның құбырлары жетілдірілсе, Ресейдің газ тасымалдауына кепілдік береді деп отыр. Ал Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко Ресей ЕуроОдақ пен Украина арасындағы келісімді қолдайды деп сенетіндігін жеткізді.

Алайда премьер-министр Владимир Путин:

«Газдың тек Ресейден ғана келетіндігі аян. Бірақ ешкім бұл мәселені бізбен талқыламады», - деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG