Accessibility links

Венада «Нұрбанк» ісі бойынша үкім шықпақ


«Нұрбанк» ісі бойынша сотта айып тағылған ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен бұрынғы ҰҚК офицері Вадим Кошляк Вена сотында. 14 сәуір 2015 жыл.

«Нұрбанк» ісі бойынша сотта айып тағылған ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен бұрынғы ҰҚК офицері Вадим Кошляк Вена сотында. 14 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Венада «Нұрбанк» топ-менеджерлерін өлтіру ісі бойынша алқабилер соты жиналады. Басты айыпталушы Рахат Әлиев болған бұл сот ісін Австрияда әдеттен тыс процесс деп атайды.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қорғаушыларының бірі Клаус Эйнедтер алқабилер сотының шешімін жариялаған соң осы іс бойынша екі айыпталушыны бірден босататынына шек келтірмейді.

Венадағы «Нұрбанк» ісі бойынша сотта ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен бұрынғы ҰҚК офицері Вадим Кошлякқа айыптар тағылған. Олар «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты 2007 жылдың ақпанында ұрлап әкетіп, өлтірген деп айыпталған. Темірәлиев пен Хасеновтың сүйектері екеуі жоғалып кеткен соң төрт жылдан кейін Алматыдан табылған еді.

– Мен «адам өлтірген» деген негізгі айыптау тармағы алынып тасталады деп ойлаймын. Бірақ, барлық айыптау қорытындысын ақтау үшін «адам ұрлады» және «тұтқында ұстады» деген айыптаулар қалуы мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері бұл Австрия үшін мүлде тосын іс, оған ел ішінде ғана емес, шетелде де назар аударып отыр. Сондықтан оларды толықтай ақтап жіберсе сот жүйесі «абыройдан айрылуы» мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да айыпталушылардың босатылатынына сенемін, себебі оларға Қазақстанда үкім шыққаны және екеуі Австрияда бір жылдан бері қамауда отырғаны есепке алынады, - деді қорғаушы Клаус Эйнедтер Азаттыққа.

Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк Вена қаласында қамауда отыр. Тергеушілер ол екеуіне «Рахат Әлиевке алматылық екі банкирді өлтіру үшін көмектескен» деген айып таққан. Сотталушылар ол айыпты жоққа шығарады.

Сәуір айының соңында сот оларды алдын ала қамаудан босатуға шешім шығарған еді. Венадағы соттың баспасөз хатшысы Кристина Зальцборн сол кезде Азаттыққа бұндай шешім куәгерлердің түсініктемесі, сарапшылардың мәлімдемесі мен Қазақстаннан келген айғақтар арасындағы қайшылыққа байланысты қабылданды деген болатын. Кейін австриялық прокурор Беттина Валлнер Мұсаев пен Кошлякты қамаудан босату туралы сот шешімін өзгертуге қол жеткізді. Азаттықтың сауалына Австрия прокуратурасының баспасөз қызметі әлі жауап берген жоқ.

«ЕРЕКШЕ МЕНТАЛИТЕТ»

Клаус Эйнедтердің айтуынша, «Нұрбанк» ісі бойынша сот кезінде куәгерлер әлденені білетіндей, бірақ айтпай тұрғандай әсер қалдырған. «Сот кезінде куәгерлердің айтқан сөзінің 99 пайызы шындық болмады. Оларға қосымша сауал қойсақ, тақырыптан тайқып кетеді немесе не айтарын білмей, өз сөздеріне өздері қайшы шығады. Оларға ешкім сенбегендіктен, не айтып, не қойғандары маңызды болмады» дейді қорғаушы.

Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі болып тұрған кездегі суреті. 30 сәуір 2007 жыл.

Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі болып тұрған кездегі суреті. 30 сәуір 2007 жыл.

Сотталушы Әлнұр Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрер өз қорғауындағы адамды сот ақтайды деп үміттенеді. Айыпталушыға қарсы куәгерлердің түсініктемесінде қайшылық шыққандықтан, сот сондайшешім қабылдайды деп сенеді ол. Адвокат сот кезінде бірнеше мәрте «айғақ-дәлелдердің көбі қолдан жасалған, көптеген материалдар мен құжаттар тек Қазақстаннан келген» деп мәлімдеген.

Вадим Кошляктың қорғаушысы Энглер Валтер сот кезіндегі сөзінде «сотталушыға қарсы дәлел жоқ» екенін айтқан.

Австриялық баспасөздің жазуынша, соттағы пікірталас кезінде прокурор Беттина Валлнер куәгерлердің түсініктемесінде қайшылық туындау себептерін түсіндіруге тырысқан. Presse газетінің жазуынша, прокурор Валлнер сотта куәгерлердің толық түсініктеме беруге «уақыты аз болған» деген уәж айтыпты. Нақты әрі толыққанды куәгерлік түсініктеме ала алмауды прокурор Валлнер «қазақ менталитетінің» ерекшелігімен түсіндірмек болды деп жазады газет. Бұған қоса прокурор ханым түсініктеменің орыс тілінен неміс тіліне аударылғанын, сол себепті кейбір сөздердің мағынасы бұрмаланғанын ескерткен.

Standard газетінің ақпараты бойынша, екінші прокурор Маркус Бергхаммер Қазақстаннан келген құжаттарды үнемі толықтыру керек болғанын, өйткені Қазақстан билігінің куәгерлерден жауап алу хаттамасын жүргізудің «өзіндік ерекшелігі» барын айтқан.

Адвокат Клаус Эйнедтердің пікірінше, прокурорлардың куәгерлер түсініктемесіндегі қайшылықты ақтауға ешқандай құқығы жоқ.

– Бұл істеу кәсібилікке жатпайды. Прокурор әділетті болуға тиіс, түсініктемедегі қайшылықты бұлайша түсіндіріп, ақтауға болмайды. Беттина Валлнер барлық түсініктемелер австриялық тергеу кезінде дәлелденді деген еді. Бірақ қазір ол тергеушілер жапа шегуші тараптың (банкирлердің жесірлері) қорғаушыларына ақпаратты заңсыз жариялаған деген күдікке ілінді, - деді ол Азаттыққа.

СОТ ЖӘНЕ PR

Бұл іс бойынша сотта куәгер болғандар арасында – бұрын ықпалды қызмет атқарған, соның ішінде Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі болған, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі Аслан Мусин, «Нұрбанктің» бұрынғы бас директоры Әбілмәжін Ғылымов, саясаткер Әміржан Қосанов, өлтірілген банкирлердің жесірлері Армангүл Қапашева мен Шолпан Хасенова бар.

Сотталушылар Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякты (сол жақта) сот залында полицейлер күзетіп тұр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Сотталушылар Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякты (сол жақта) сот залында полицейлер күзетіп тұр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Сотталушы Әлнұр Мұсаев та Қазақстан, Австрия және Германияның жоғары лауазымды шенеуніктерін сотқа шақыруға өтініш білдірді. Олардың ішінде Германия ішкі істер министрі Отто Шили, Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер, Германияның бұрынғы президенті Хорст Келер бар. Сондай-ақ, қазақстандық режимге жасалған халықаралық лобби туралы баяндаған немістің Spiegel басылымында аттары аталған басқа да еуропалық саясаткерлер мен шенеуніктер бар. Неміс саясаткерлері ондай айыптауларды жоққа шығарады.

Spiegel басылымы австриялық қорғаушылар кеңсесінен алынған бірқатар электрондық хабарламалардан үзінді келтіреді, ол бойынша кейбір еуропалық саясаткерлер Австриядағы Рахат Әлиевті қылмыстық қудалауға ықпал ету үшін ақша алған. Ақпаратқа сенсек, олардың өзара байланысы Lansky, Ganzger, partners адвокаттық кеңсесі арқылы жүргізілген-мыс.

Австриялық Presse басылымының жазуынша, бұл фирманың қорғаушысы Геральд Ганзгер «Австрияның бұрынғы канцлері Альфред Гузенбауэрстің Астанамен одағын» баспасөз арқылы сотқа ықпал ету деп атайды.

Сот процесі басталғанда прокурор Беттина Валлнер прокуратура өзінің тәуелсіз тергеуі нәтижесінде Әлиев, Мұсаев және Кошляктың осы қылмысқа айыпты екенін және оған ақшаның түрткі болғанын мәлімдеген. Айыптау материалдары қылмыстық оқиға жасалған тұста «Нұрбанктің» бас акционері болған Рахат Әлиев өзінің сыртынан банкке тиімсіз несиелерді өзгелерге үлестіріп, сыйақылар алған деген күдікпен банктің топ-менеджерлерін ұрлап, өлтіруді ұйғарған деген болжамға құралған.

Тірі кезінде Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі болған Рахат Әлиев өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарып, олардың «саяси астары бар» деп мәлімдеген еді. Австрия қазір оның өліміне қатысты жағдайды да тексеріп жатыр. Былтыр жаздан бері Венадағы түрмеде қамауда отырған Рахат Әлиевтың жансыз денесі биыл ақпанның 24-і күні жалғыз кісілік камерада асылып тұрған жерінен табылған.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG