Accessibility links

Рашид Достум ескі досы Ресейден көмек күтеді


Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достум (сол жақта) және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров. Грозный, 5 қазан 2015 жыл.

Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достум (сол жақта) және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров. Грозный, 5 қазан 2015 жыл.

Ауғанстанның бірінші вице-президенті Абдул Рашид Достум «Талибан» қыспағында қалған үкімет күштеріне қолдау көрсетуді сұрап, ескі одақтасы – Ресейге өтініш айтты.

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанның көп бөлігін басып аламыз деп қорқытып жатқандықтан елдің бірінші вице-президенті Абдул Рашид Достум бұрынғы одақтасынан үміт күтеді. Совет әскери академиясының түлегі және Совет одағы кезінде соларға арқа сүйеген ауған әскерінің генералы болған Достум Мәскеудегі ескі байланыстарының қазіргідей қиын шақта көмегі тиер деп сенеді.

Жақында Ресейге сапарында Достум Мәскеу мен оған бағынышты Шешенстан астанасында аялдап, қазанның 5-інде туған күнін атап өткен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты құттықтады. Ауғанстанда 1990-жылдары азаматтық соғыс кезінде этникалық өзбек жасағын басқарған Абдул Рашид Достум өткен аптада Мәскеуге жәрдем сұрап барған еді.

Ол Ресейдің қауіпсіздік күшін басқаратын шенеуніктермен сөйлесіп, Ауғанстан ұлттық қауіпсіздігінің 350 мыңға жуық әскеріне ауыр қару-жарақ пен тікұшақтар беруді өтінді.

Абдул Рашид Достум (астыңғы қатарда сол жақта) Ауғанстанның Фарьяб уәлаятында. Тамыз, 2015 жыл.

Абдул Рашид Достум (астыңғы қатарда сол жақта) Ауғанстанның Фарьяб уәлаятында. Тамыз, 2015 жыл.

– Ресей жағы әуе және әскери күштер тұрғысынан Ауғанстанға көмектесуге тырысады. Бізге әуе қолдауы, қару-жарақтар мен азық-түліктер керек. Терроризммен күресте көптеген қолдау мен көмекке зәруміз, - деді Достумның баспасөз хатшысы Султан Файзи Азаттық радиосына телефон арқылы.

Бірақ Достум Ресейдің Ауғанстанға тікелей әскери шабуыл жасамайтынын, Ауғанстанға әскер жібермейтінін ескертті. 15 мың совет сарбазының ажалына себепкер болған 1979-1989 жылдардағы соғысты Ресей әлі ұмыта қойған жоқ. Файзи Мәскеудің Ауғанстандағы жағдайды бағалап, «шамасы келгенше көмектесуге уәде бергендерін» айтты.

– Ресей қолдауды арттыру үшін Орталық Азияның постсоветтік елдеріне қысым жасауға уәде берді, - деді Файзи.

Постсоветтік үш мемлекет Ауғанстанмен шекараласады. Файзидың айтуынша, Ресей шенеуніктері Рашид Достумға «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының Ауғанстанда күшейіп келе жатқанына алаңдайтындарын айтқан.

Ауғанстанның Кундуз уәлаятында үкімет күштеріне қарулы шабуыл жасаған содырлар. 1 қазан 2015 жыл.

Ауғанстанның Кундуз уәлаятында үкімет күштеріне қарулы шабуыл жасаған содырлар. 1 қазан 2015 жыл.

Өткен аптада «Талибан» жасағы Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз қаласын басып алып, бірақ уақыт қолында ұстады. Бұл 2001 жылы АҚШ бастаған шабуылдан соң биліктен кеткен «Талибан» қозғалысының содан бергі кезеңде алғаш рет маңызды қала орталығын өз бақылауына алған оқиға болды.

АҚШ қаржыландыратын ауған қауіпсіздік күштері былтыр елден шыққан НАТО әскерінсіз «Талибанды» қалай қуып шығамыз деп дағдарып қалды.

Рашид Достум Орталық Азия елдеріне жиі барады, қару-жарақ пен басқа да әскери көмек сұрайды. Былтыр ол Өзбекстан мен Қазақстанға бейресми сапар жасады, бірақ құр қол қайтты. Енді Мәскеудегі ескі таныстары қолдау жасар деп үміттенеді.

1980-жылдары Мәскеудегі Совет әскери академиясында оқыған, бұдан соң ауған армиясында генерал болған Рашид Достум моджахедтерге қарсы өзі жасақтаған батальонды басқарған. Достумның жасағы Мәскеуден ірі көлемде қаржы мен қару-жарақ алып тұрған.

Мәскеу 1992 жылы коммунистік режимге көмек көрсетуді доғарған соң Достум бүлікшілер жағына өтті. «Талибан» Кабулды басып алған соң ол Түркия мен Орталық Азия елдерінде бас сауғалап жүрді. 2009 жылы Ауғанстанға оралды.

Ресейде жүрген кезінде Солтүстік Кавказдағы Шешенстанға барған Достум «досы» Рамзан Қадыровпен бірге суретке түсіп, оны қазанның 5-і күні Facebook парақшасына жариялады. Қадыров сол суретті Instagram бетіне шығарды. Достум екі тараптың «террорға қарсы күрес, әсіресе, ИМ-ге қарсы соғыс туралы сөйлескендерін» айтқан.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (сол жақта) пен Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достум суреттерінен коллаж.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (сол жақта) пен Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достум суреттерінен коллаж.

«Достум ИМ Ауғанстанды өз плацдармына айналдырғысы келетінін айтты» деп жазды Рамзан Қадыров қазанның 5-і күні Instagram желісіне.

«Қатердің алдын алу үшін Кабул Сириядағы сияқты Ресейдің көмегіне зәру» деген Қадыров Мәскеудің бұл өтінішті жерде қалдырмайтынына сенім білдірген. Шешенстанның жергілікті баспасөздері Рашид Достумның терроризмге қарсы соғыста Рамзан Қадыровтың жеке тәжірибесін мақтағанын жазады.

grozny-inform.ru сайтының жазуынша, Достум «Қадыров та, мен де халықаралық террормен күресіп жатырмыз. Бұл тұрғыда маңызды коалиция құра аламыз. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Әзірге нақты ынтымақтастық жобалары жоқ, бірақ болашақта пайда болады» деген. Құқық қорғаушылар «Ресей Конституциясын аяққа таптап, елде үрей атмосферасын орнатты» деп Рамзан Қадыровты айыптайды.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG