Accessibility links

Бразилиядағы қазақ футболшысы

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Бразилиядағы 17 жасар футболшы Рауан Сариев.

Бразилиядағы 17 жасар футболшы Рауан Сариев.

Бразилиядағы әйгілі «Атлетико Минейро» клубында Алматы облысы Көксу ауданы Бақтыбай ауылынан барған 17 жастағы Рауан Сариев футбол ойнап жүр.


Рауан Сариев Бразилиядағы Белу-Оризонти қаласына 2009 жылы барған. Сол жылы 26 жас спортшы Бразилиядағы футбол академиясына оқуға аттанған екен.

Биыл оқуын аяқтаған Рауан Сариевті жергілікті футбол клубы шақырыпты.

– Әуелі «Оле Бразил» командасында ойнадым. Бәрі бразиялық еді, әрі қиын чемпионатта ойнадық. Ол кезде 15-те болатынмын. Жаттығу кезінде алаңның ортасында ойнайтынмын. Бірде шабуылшылардың бәрі жарақаттанып қалып, шабуылға адам табылмады. Жаттықтырушы оң аяқпен де, сол аяқпен де жақсы тебетінімді көріп, шабуылға мені шығарды. Сол ойында көзге түстім. Ойын барысында артық-ауыс қимыл жасамауға тырысамын. 13 ойында 10 доп салдым. «Оле Бразилдің» құрамында екі жыл ойнап, одан соң «Атлетико Минейроға» ауыстым. Арманым да сол еді, – дейді Рауан Сариев Chempionat.kz сайтына берген сұқбатында.

Бразилиядағы байырғы клубтардың бірі «Атлетико Минейро» Рауанмен
Рауанның әкесі Ерлан Сариев.

бір жылға шарт жасасты дейді футболшының әкесі Ерлан Сариев.

Күрестен спорт шебері Ерлан Сариев ұлының өз жолын қуғанын қалаған екен, бірақ Рауан футболды таңдапты.

– Екі ұлым бар, екеуі де – футболшы. Оларды бірінші сыныптан бастап құдайдың құтты күні жаттықтыратынмын, – дейді Ерлан Сариев Азаттық радиосына.

Бақтыбай ауылында спорт мектебі жоқ. Ағалы-інілі Рауан мен Саят Сариевтер Көксу ауданының орталығы Балпық би кентіндегі спорт мектебіне күнде жаяу барған екен.

– Ауа райына қарамай, оларды күнде жаттығуға «алып баратынмын». Өзім көлікпен жүріп отыратынмын, олар жанасалап жүгіріп келе жататын, – дейді Ерлан Сариев.

ПЛАСТИК ҚАҚПАҚ

Рауанның анасы Шолпан Сариеваның айтуынша, ұлы футболға кішкентай кезінен құмартқан:

– «Пепси-коланың» қызылды-жасылды қақпақтарын жинап бер» деп қоймайтын. Сонымен футбол ойнайтын, дайындалатын. Бірнеше сағат отыра беретін.

Шолпан Сариева әкелерінің қатал тәртібі ұлдарының жігерін жанығанын айтады.

– «Өзі аудан орталығына дейін төрт шақырым жолды көлікпен жүріп өтеді, ал бізді жаяу жүгіртіп қояды» деп, ұлдарым әкелерін айтып шағымданатын. Күнге тотыққан беттерін көрсететін. Бірақ мен әкелерінің
Рауанның әжесі Ұлботай Сариева.

ісіне ешқашан араласқан емеспін, – дейді Рауанның анасы Азаттық радиосының тілшісіне.

Рауан Сариевті Алматы облысы Көксу ауданындағы спорт мектебін бітірген соң «Жетісу» клубы құрамында, Талдықорғанда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына шақырған екен.

– 10 доп салып, чемпионаттың үздік ойыншысы атандым. Мықты ойыншыларды Бразилияның футбол академиясына шақырды. Іріктеуден 2009 жылы мамырда өтіп, Бразилияға ұшып кеттім, – дейді Рауан Сариев.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫ БОЛАДЫ»

Қыркүйек айының басында, туыстарының біріне Бразилияға барып қайтудың сәті түскен кезде Сариевтер әулеті біраз әбігер болды. Ақыры Рауанның 70 жастағы әжесі, 8 ұл мен 2 қыздың анасы Ұлботай Сариева баратын болды.

– Рауанымыз жеті айлығында жүріп кеткен. «Ерекше бала болайын деп тұр екен» дескен жұрттың бәрі. Айтқандары айнымай келді. Қазақстанның мақтанышы болатынына сенемін, – дейді Ұлботай Сариева Азаттық радиосының тілшісіне.

Рауанның әжесі «немерем басқа ұлттан қыз алып, бөтен елде қалмай ма» деп уайымдап қояды.

Бақтыбай ауылының әкімі әрі әуесқой футболшы Айдын Исабеков
Алматы облысы Көксу ауданы Бақтыбай ауылының әкімі Айдын Исабеков.

дарынды жерлесінің жетістігі «әкесінің арқасы» дейді.

– Ауылда жүріп дарынды спортшы тәрбиелеу әкесінің ғана қолынан келді. Ұлдарын жақсы көріп тұрса да, аямай шынықтырды. Айтпақшы балаларын ешқашан қара жұмысқа салған емес. Тек жаттығу жасата беретін, – дейді ауыл әкімі.

Рауанның немере ағасы Серік Сариевтің ойынша, інісі Қазақстанға келсе, мықты футболшы бола қоюы неғайбыл.

- Ол үшін әуелі мықты футбол клубы, сауатты жаттықтырушылар керек, - дейді футболшының туысы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG