Accessibility links

Тағдырды тәлкекке салған аннексия


Симферополь әуежайын басып алған айырым белгісі жоқ қарулы әскери адамдар жанынан өтіп бара жатқан әйел. 28 ақпан 2014 жыл.

Симферополь әуежайын басып алған айырым белгісі жоқ қарулы әскери адамдар жанынан өтіп бара жатқан әйел. 28 ақпан 2014 жыл.

Саяси себептермен атамекенін тастап, Алматыға көшіп келген Қырым татары Қазақстан Қырым аннексиясынан тарихи сабақ алуы тиіс деп санайды.

Симферополь қаласындағы өз үйінде алаңсыз ғұмыр кешіп, жаны қалаған жұмысын істеп, шағын бизнесін жүргізіп жатқан Ренат Абдуллаев 50 жасқа таяған шағында «тағдырдың сынақтары енді артта қалған шығар» деп ойлаған. Бірақ жұртқа танылып, еңбегі бағаланған кәсіби музыканттың өмірі бір сәтте күрт өзгерген. Абдуллаевтың өмірін өзгертіп жіберген оқиғаларды көрші алып елде Қырымның «өз еркімен қосылуы» деп атаса, Ренат өзін азаматымын деп есептейтін елде мұны «аннексия» деп санайды.

Қазір Ренат Абдуллаев отбасымен Алматыда пәтер жалдап тұрады және мейрамханаларда өнер көрсетіп күн көреді.

ОТАН ЖАЙЛЫ АРМАН

Ренат Абдуллаев тағдырдың жазуымен «атамекен» және «туып-өскен жер» деген сөздерді екі бөлек ұғым деп түсінеді. Оның жағдайында мағынасы жуық осы екі сөздің арасын мыңдаған километр бөліп тұр.

– Қазақстан – менің туып-өскен өлкем. Ал Қырым – атамекенім, ол жақта ата-бабам дүниеге келіп, өмір сүрген, мұны ешқашан есімнен шығарған емеспін, - деп бастады Ренат әңгімесін.

Ол Алматы түбіндегі Табаксовхоз аталатын шағын елдімекенде дүниеге келген. Кезінде мұнда депортацияға ұшырап, «сенімсіз халық» ретінде совет үкіметінің қырына іліккен «арнайы қоныс аударушылар» тұрған. Ренат Алматыдағы мектептердің бірінде білім алған, осындағы музыкалық училищені бітірген. Осы жақтан әскерге шақырылып, келген соң сүйген қызына үйленген.

Бірақ ол «болашақ өмірімді Қырыммен байланыстырамын деп үнемі ойлайтынмын» дейді. Ол ата-бабасының мекені жайлы жасөспірім шағында «теплушкаларға» (ішінде пеші бар жүк таситын вагон) тиеп, 1944 жылдың мамырында туған үйінен жыраққа әкеткен әке-шешесінің әңгімелерінен естіген. Ренат бала кезінен Қырымның тарихын қызығып оқып, шешесі жақсы көрген халық әндерін 1944 жылдың мамырында ықыласымен тыңдап, Қырым татарлары фольклорына ден қойған.

1980 жылдардың аяғында Қырым татарларының ұлттық қозғалысының қысымымен совет үкіметі байырғы халық өкілдерінің Қырымға оралып, тіркеуге тұруына рұқсат етті. Тарихи отанына оралу мүмкіндігінен айырылып қалмауға тырысқан Ренат 1988 жылы жас келіншегі Гүлмира екеуі Қырымның солтүстігіндегі Жанқой ауданына көшіп барған. Екеуі жұмысқа орналасып, біртіндеп жағдайлары түзеле бастаған. Ренат Украинада консерваторияны бітірген. Қызы дүниеге келіп, отбасы Симферополь қаласынан үй алған, шағын дүкен ашқан. Өзі жақсы музыкант ретінде жұртқа танылып, қысқасы төрт құбыласы түгенделгендей болған. Енді әйелі екеуіне қарттықты алаңсыз күту ғана қалғандай көрінген...

«ЖОҒАЛТҚАНЫМ КӨП»

Ал 2014 жылдың басында Қырымда «жасыл адамдар» немесе «сыпайы кісілер» пайда болып, Украинаны саяси дағдарыс жайлаған тұста Ресей бүкіл әлемнің көз алдында Қырымды тез бөліп алды. Ренат Абдуллаев Қырым түбегі мәртебесін шешкен «референдумға» бармаған. Оның айтуынша, Симферополь көшелерінде қару кезенген «кішкентай жасыл адамдардың» күшімен келген жаңа билікті мойындағысы келмеген әрі қабылдай алмаған Қырым татарларының арасындағы таныстары 2014 жылдың 16 наурызында өткен дауыс беруге бармаған.

Симферопольді басып алған айырым белгісі жоқ қарулы әскери адамдар. 28 ақпан 2014 жыл.

Симферопольді басып алған айырым белгісі жоқ қарулы әскери адамдар. 28 ақпан 2014 жыл.

Аннексиядан кейін Қырым татарларын қамауға алып, жаңа билікке қарсы шыққандар жұмбақ жағдайда жоғала бастады, меджлис (Қырым татарларының ұлттық құрылтайы) басшыларының елге кіруіне тыйым салынды. Ренат «мазамыз қашқан сол күндері депортация азабынан кейін ұзақ жылдар қудалау көріп, кейін туған жеріне оралған ақсақалдардың көбі о дүниелік болып кетті» деп еске алады. Осылай араға 70 жыл салып Қырым татарлары тағы бір агрессияға тап болған.

– Заң жүзінде біздің үш тілде (орыс, украин және Қырым татарлары тілі) сөйлеуге құқымыз бар, ал іс жүзінде тек орыс тілінде сөйлей аламыз. Ресей телеарналары бәрі тамаша [Қырымда] деп көрсетеді. Ал іс жүзінде ана тілімде сөйлей алмаймын. Көшеде, қоғамдық көлікте жұрт «Орысша сөйлеңдер, сендердің тілдеріңді түсінбейміз» деп алаяды, - дейді Ренат.

Ренат Қырым татарларының ATR телеарнасындағы әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеген «Йырла сазым» музыкалық бағдарламасы саясатқа қатысы жоқ болған. Былтыр сәуірде «ресейлік БАҚ ретінде қайта тіркеуден өте алмады» деген ресми желеумен арнаны жауып тастағаннан кейін Ренат жұмыссыз қалған.

Әйелі Гүлмира жұмыс істеген азық-түлік сататын шағын дүкеніне тексерушілердің келуі жиілеген. Ренат «олар Ресей заңдары бойынша жұмыс істеуді талап етіп, үнемі ілік іздейтін» дейді.

«Жаңа билік» жапқан ATR телеарнасына қолдау білдіріп тұрған Қырым татарлары. 31 наурыз 2015 жыл.

«Жаңа билік» жапқан ATR телеарнасына қолдау білдіріп тұрған Қырым татарлары. 31 наурыз 2015 жыл.

– Оларға қарсыласқым келмеді, өзге елдің заңдарына да бейімделе алмадым. Ақыры дүкенімді жауып тастадым. Татарлар олардың құқайынан көп зардап шекті, көбінің бизнестерін тартып алды, - деп еске алады ол.

Ренат Абдуллаевтың жұбайы бұл жағдайға көндіге алмай, қатты уайымдаған. Күні кеше ғана жайраңдап жүрген келіншектің жүйкесі сыр беріп, күйзеліске түскен. Әйелінің денсаулығына алаңдаған Ренат ақыры көшуге бел байлаған. Ол «үйім мен бизнесімді бірінші келген адамға сата салдым. Сосын бірер шабаданымызды жинап алып, Алматыға ұшаққа билет алдық» дейді.

«МЕМЛЕКЕТТІЛІКТЕН АЙЫРЫЛМАҢДАР»

2014 жылдың қарашасында Ренат, Гүлмира және қызы Әмина үшеуі Алматыға ұшып келген. Ол «Алғашқы кезде әйелімнің қалада тұратын туыстары көмектесті. Қызымды Алматыдағы қарапайым мектептердің біріне оқуға бердік. Қазір тоғызыншы сыныпта оқып жүр. Балалармен тез тіл табысып кетті» дейді. Әйелі бала күтушісі болып орналасқан. Музыкалық аспаптың көбінде ойнай алатын Ренатқа мейрамханалардан жұмыс табылған.

– Елден жағдайым келмей кеткен жоқпын. Біз ол жақтан мәңгіге кеткен жоқпыз. Мына аласапыран басылсын, оған дейін есімізді жинайық деп кеттік. Қатты есеңгіреп қалдық. Әйелім, қызым үшеуміз де өзімізді мүсіркемейміз. «Қандай байғұс, бейшара едік» деп ойламаймыз. Демек, тағдыр бізді тағы сынағысы келген, одан өтуге міндеттіміз, - дейді Ренат Абдуллаев.

Ренат біраз уақыттан кейін (1-2 жылдан соң) отбасымен Қырымға ораламыз деп сенеді. Оның пікірінше, «өтірікке негізделген басқыншылық» ұзаққа бармайды. Ол Ресей үкіметі Қырымды ұстап тұра алмайды, оған экономикалық және саяси жағынан қауқарсыз деп ойлайды.

– Қазақ бауырларымның қолын қысып, рахметімді айтып қоштасып, атамекенге оралатын сәт әлі туады, - дейді ол.

Ренаттың түйіндеуінше, Қазақстан Қырым аннексиясынан сабақ алуы тиіс.

– Мына берекелі өлкеде қазақтардың саны көбейіп, олар бір-бірімен ана тілінде көбірек сөйлесе беруі керек. Қазақтар ешқашан, ешбір жағдайда және еш уақытта ең басты байлығы – өз мемлекеттілігін жоғалтпауы тиіс, - дейді әр сөзін нықтаған Ренат Абдуллаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG