Accessibility links

АҚШ сарапшысы: «Ислам мен исламизм – екі бөлек»


Америкалық азаматша "Мен де мұсылманмын" деген қолдау плакатын көтеріп тұр. Нью Йорк, 6 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет

Америкалық азаматша "Мен де мұсылманмын" деген қолдау плакатын көтеріп тұр. Нью Йорк, 6 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет

The Washington Times жариялаған америкалық сарапшының комментарийінде мұсылмандықты әсіре діншілдікпен тең көретін біржақты пікірлерге талдау жасалады.

Бостонда жарылыс жасағандардың мақсаты не? Бұл туралы сұрай қалсаңыз, мәселені «радикалдық исламға» немесе «исламизмге» апарып тірейтіндер көп. Солшылдар мұны «Батыс империализмімен өштесу», «зорлықшыл экстремизм» десе, кейбір консерваторлар «діннің өзі осыған итермелеп отыр» немесе «бұл – діннің жаңарған экстремистік варианты» деген уәж айтады.

Middle East Forum ғылыми-зерттеу орталығының президенті, ислам діні жөніндегі сарапшы Дэниел Пайпс The Washington Times басылымында ислам мен «исламизм» жөнінде пікір айтады.

БЕЙБІТ ИСЛАМ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

«Бар түйткіл ислам дінінің өзінде жатыр деп ойлайтындар Мұхаммед пайғамбардың өмірі, «Құран» және хадистер мазмұны жағынан қазіргі мұсылмандардың іс-әрекеттерімен үндес деп санайды. Гирт Уилдерстің «Фитна» деген фильміндегі ой-пікірмен келісетін олар «Құран» мазмұны мен жиһад әрекеттері арасынан ұқсастық табады. Олар мұсылмандардың үстемдігі, жиһад және әйелдерді кемсіту сияқты тақырыптарға дәйектер келтіріп, бейбіт ислам болуы мүмкін емес дейді» деп жазады сарапшы.

Осыдан кейін Дэниел Пайпс ислам хақында қалыптасқан жағымсыз пікірлердің қайдан шыққаны жөнінде жазады. Ол «ислам мен исламизмді бөліп қарастыру керек» дейді. Пайпстың ойынша, «исламистер Құран мен хадистерді сөзбе-сөз ұстанғандай әрекет етуі мүмкін, бірақ бейбіт мұсылмандар олардың тасасында қалып келеді».

Автор айыптау риторикасының табиғатына үңіле отырып «исламизм» мен «антиисламдық пиғыл» арасындағы ерекше ұқсастыққа назар аудартады. «Мұхаммед қарапайым мұсылман болған, исламист болмаған. Себебі бұл ұғым тек 1920 жылдары пайда болды» деп жазады Пайпс.

Діннің бастаулары мен оның таралу кезеңіне аз-кем тоқталған сарапшы мұсылмандардың 600 жылдардан 1200 жылдарға дейін аса ауқымды әскери, экономикалық және мәдени жетістіктерге жеткенін айтады. Ол «Қазір миллиардтан астам адам мойындаған бұл діннің аясында өмірдің қызығынан баз кешкен сопылардан бастап күш қолдануды қолдайтын жиһадшыларға дейін бар» деп жазады.

Дэниел Пайпстың ойынша, «Өткен заманда мұсылман болу – жеңімпаздар қатарында болу дегенді білдірген. Мұсылмандар жеңіске толы тарихтарын ұмытпаған. Орта ғасырлардан келе жатқан осы сезім 1800 жылдары жойыла бастады. Олар еуропалықтардан соғыста, нарықта жеңіліп, мәдени жетекші рөлдерінен айырыла бастаған. Бұл құбылыс қазір де жалғасып жатыр. Оларды ашуландырған - осы дүние. «Неге Құдай бізді тастап кетті?» деген сұрақ олардың жандарын жаралады».

"МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ БАЙСАЛДЫ ИСЛАМДА ЖАТЫР"

Америкалық сарапшы ислам елдерінің тарихын айта келіп, былай деп жазады: «Бұл соққыға мұсылман әлемі үш түрлі жолмен жауап берген. Секуляристер «шариғат атаулыдан бас тартып, Батыстың соңынан ерейік» десе, апологеттер «Батысты үлгі ретінде алайық, бірақ шариғатқа бағынғансып жүре берейік» дейді. Ал исламистер «Батысты мүлде жоққа шығарып, тек шариғат жолын таңдайық» деген жол ұсынады».

Дэниел Пайпс «Исламистер Батыс әлемін қарапайым мұсылмандарға қатты ықпал етіп отырғаны үшін және тарихи жау ретінде жек көреді» дейді. Ары қарай сарапшы «Солай болса да исламистер идеологияда Батыстың тәсілін қолданады. Мәселен, олар ислам дінін саяси идеологияға айналдырғылары келеді. Қазір исламизм радикалдық утопизмнің - фашизм мен коммунизмнің жолын қайталап отыр. Аталған «измдер» сияқты исламизм де конспирация теориясына арқа сүйейді. Фашизм мен коммунизм халықты біреулердің келісіп алып, сыртынан басқаруымен күресу үшін қатыгез шаралар қолдану теориясын пайдаланды. Қазіргі исламистер де осы жолға түсті» деп жазады.

Сарапшының айтуынша, «исламистер» мұсылмандардың 10-15 пайызының қолдауына және өздерінің «білікті» мамандары мен жанкештілерге сүйенеді. Автор «исламистер Иран мен Египеттегі өркениетті өмірге, тек Бостон көшелерінде ғана емес, күллі Батыстағы мектептерге, парламент және сот ғимараттарына қауіп төндіреді» дейді.

Пайпстың пікірінше, тұтас исламды жау санап отырғандар қарабайыр иллюзияға ұрынады, шынайы зұлымдықты жеңудің механизмін таба алмайды. Ал «исламизмге» назар аудартқысы келетіндер екінші дүниежүзілік соғыс пен «қырғи-қабақ кезеңдегі» тоталитарлық жүйелерге қайтып оралмауға үндейді.

Мақала соңында автор «Біз исламизмді жек көретін мұсылмандармен ынтымақтасып, ортақ жауды жеңуге күш саламыз. Варварлықтың жаңа формасын келмеске кетіріп, байсалды исламның жаңа формасын қалыптастыруымыз керек» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG