Accessibility links

Мәскеуде төрт McDonald's дәмханасын жауып тастады


Мәскеудегі жабылған McDonald's терезесінен қарама-қарсы беттегі Кремль сұлбасы көрінеді. 21 тамыз 2014 жыл.

Мәскеудегі жабылған McDonald's терезесінен қарама-қарсы беттегі Кремль сұлбасы көрінеді. 21 тамыз 2014 жыл.

Ресей тұтынушыларының құқығын қорғайтын «Роспотребнадзор» Мәскеудегі төрт McDonald's дәмханасын уақытша жапты. Қала тұрғындарының көбі үшін бұл күтпеген жаңалық болды.

«Роспотребнадзор» пәрменімен уақытша жабылғандардың арасында осыдан 25 жыл бұрын СССР көлемінде тұңғыш ашылған McDonald's дәмханасы да бар.

Ширек ғасыр бұрын Мәскеу орталығындағы Пушкин алаңында СССР-дегі алғашқы McDonald's дәмханасы ашылған кезде Дмитрий Бойко чизбургерлер мен қуырылған картоптың дәмін тату үшін сағаттап кезекте тұрған.

Сол күннен бері осы дәмхананың тұрақты тұтынушысы болған ол биыл тамыздың 20-сы күні жұмысынан қайтып келе жатып, Пушкин алаңындағы McDonald's дәмханасының жабық екенін көргенін аң-таң қалған.

«Мен бұған сене алар емеспін» дейді 46 жасар Бойко. Себебі, осыдан бірер сағат бұрын ғана ол түскі асқа балық сэндвичін алу үшін осы дәмханаға кірген екен.

«САНИТАРЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕР БҰЗЫЛҒАН»

Тамыздың 20-сы күні кешке жақын Ресей тұтынушыларының денсаулығын қорғайтын «Роспотребнадзор» агенттігі ел астанасындағы төрт McDonald’s мейрамханасының жабылуын талап еткен. Олардың арасында жоғарыда айтылған Пушкин алаңындағы танымал дәмхана да бар. Агенттік бұны бірқатар санитарлық ережелердің бұзылуымен түсіндірген.

Пушкин алаңындағы McDonald's дәмханасы «техникалық себептерге» байланысты жабылғаны туралы есіктегі жазу. Мәскеу, 21 тамыз 2014 жыл.

Пушкин алаңындағы McDonald's дәмханасы «техникалық себептерге» байланысты жабылғаны туралы есіктегі жазу. Мәскеу, 21 тамыз 2014 жыл.

Бірақ, Бойко сынды қарапайым тұтынушылардың көбі Ресей мен Батыстың текетіресіне қарап, бұны «саяси қадамға» бағалап отыр. Әрі қырғиқабақ соғыстан бері Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастың ең жаман ушығуы деген пікірлер де айтылып жатыр.

«Өз басым McDonald's жабылуына қарсымын. Бұл – ең алғашқы McDonald's болатын. Оған тіпті ескерткіш қоюға да болады! Ол алкоголь емес, ол – қарапайым өмір салтының бір бөлігі» дейді Бойко.

«ЕРКІНДІК ДӘМІ»

Бұл дәмхананың ашылған тұсы 1990 жылдың қаңтары, яғни СССР-де Михаил Горбачевтің қайта құру (перестройка) реформаларының дүрілдеп тұрған кезі болатын. Сол уақытта батыс өкілдері Мәскеудің Пушкин алаңындағы McDonald's дәмханасын СССР азаматтарына арналған «еркіндік дәмі» деп жарнамалаған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: СССР-де алғашқы McDonald's ашылуы

Содан бері Мәскеуде 115 McDonald's дәмханасы ашылды. Олар саяси символ ролін атқарудан баяғыда арылған. Керісінше, Ресейдің қымбат астанасындағы McDonald's – әлемнің басқа да ірі қалаларындағыдай жылдам әрі арзан тамақтануға болатын орын саналатын.

«Мұнда McDonald's-тан басқа еш жерде бұлай арзан тамақтана алмайсыз» дейді 65 жасар зейнеткер Николай. Ол Мәскеудің жарқыраған басты бульвары – Тверская көшесінде орналасқан қымбат мейрамханаларды нұсқады.

«Біздің басшыларымыз біздің өмірімізді түсінбейді. Тіпті бастарын қатырмайды да!» дейді Николай. Оның зейнетақысы – 14 мың рубль (385 доллар шамасында).

«БҰНЫҢ БӘРІ – САЯСАТ»

Тамыздың 21-і күні таңертең Николай дәмхананың террасасында отырған болатын. Әдеттегідей жұмысқа барар жолда кофе мен таңғы ас алуға келген мәскеуліктердің легі ағыла бастады.

«Жабық!» деді Николай оларға. Дәмхананың жабық тұрғанына аң-таң қалған тұтынушыларға: «Бұның бәрі – саясат! Теледидарды қараңыздар» деп қосты зейнеткер.

Большая Бронная көшесіндегі жабық тұрған McDonald's дәмханасы қасынан өтіп бара жатқан әйел. Мәскеу, 20 тамыз 2014 жыл.

Большая Бронная көшесіндегі жабық тұрған McDonald's дәмханасы қасынан өтіп бара жатқан әйел. Мәскеу, 20 тамыз 2014 жыл.

Компанияның сайтындағы мәліметке сүйенсек, Пушкин алаңындағы McDonald's осы тамақтандыру желісінің дүние жүзі бойынша тұтынушылар ең көп келетін франшизасы екен. 1990 жылдың өзінде алаң мен Тверская көшесінің бойында ұзын-сонар кезектер тұратын.

Роспотребнадзор «Известия» газетінің 21 тамызда шыққан санында Мәскеудегі 115 McDonald's дәмханасының барлығын тексеретінін мәлімдеген. Биліктің Пушкин алаңындағы McDonald's дәмханасын жабатыны туралы жаңалықты ести салып, 17 жасар Юлия пен Полина жалма-жан дәмханаға жеткен.

Мектебі осыдан екі адым жерде орналасқан Юлия бұл орынды «менің екінші үйім» деп атайды. Ол әдетте «McChicken» сэндвичі мен үлкен «Cola»-ға тапсырыс береді екен.

«Ойлап қараңызшы, біз бұнда тамақтанып, әңгімелесу үшін бірінші сыныптан бері – 11 жыл бойы келіп жүрміз» дейді Полина.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG