Accessibility links

Кушаев миграция полициясы шешіміне шағымданбақ


Өзбекстаннан Қазақстанға "қашып келген христиан" Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстаннан Қазақстанға "қашып келген христиан" Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Наурыз айында Өзбекстаннан Қазақстанға қашып келген Әбдірешид Кушаев сотқа Алматы қалалық ішкі істер департаменті миграциялық полиция басқармасының өзіне босқын мәртебесін беруден бас тартуына шағымданбақ. Бұл жайында Азаттыққа Кушаевтың өзі хабарлады.

- Миграциялық полиция басқармасы Алматының Алмалы ауданы аумағында орналасқандықтан мен бүгін басқарманың қолыма ұстатқан босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешіміне Алмалы аудандық сотына шағым түсіремін, - деді Әбдірешид Кушаев.

Миграциялық полиция басқармасы 9 сәуірде шығарған шешімінде Кушаев Өзбекстан билігі тарапынан қуғын көрмеген дейді.

"Өтініш беруші қандай да бір партияда, ұйымда, топта, саяси, діни, әскери немесе қоғамдық ұйымдар құрамына кірмеген. Өтініш берушіде босқын түсінігін ашатын белгілер бойынша қуғын көру қаупі жоқ, себебі ол комиссиямен әңгімелесу кезінде де, комиссия отырысында да өзін қуғындалу фактілерін көрсете алмады" делінген миграциялық полиция басқармасының шешімінде. Бірақ әлдебір комиссия шешіміне сүйенген басқарма комиссия құрамын келтірмеген.

Миграциялық полиция шешімінде Кушаев әңгімелесу кезінде өзінің нәсілдік, ұлттық, діни сенімі азаматтығы, саяси ұстанымына байланысты немесе қандай да бір әлеуметтік топқа кіретін үшін тікелей қуғын көргені туралы дәйектер келтіре алмады дейді.

Кушаев өтінішінде тек жанама түрде қуғындалғаны, яғни "ұлттық азшылықтар құқығын бұзу саясатынан" жәбір көргені туралы ғана айтқан. Бірақ миграциялық полиция Кушаевтың бұл дәйегін қуғын көрдім деп тұжырымдауға жеткіліксіз деп санаған.

Азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаев Өзбекстаннан Қазақстанға наурыздың 3-інде қашып шыққан. Ол өзбек-қазақ шекарасын тау арқылы жаяу заңсыз кесіп өтіп, 5 наурызда Қазақстан территориясына кірген. Келесі күні ол Алматыға келіп, миграциялық полиция басқармасынан өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Қазір Кушаев Алматыда миграциялық полицияның өзіне үш ай мерзімге берген босқын мәртебесін алуға үміткер куәлігімен тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG