Accessibility links

Өзбекстандық христиан Мәскеуден пана таппады


Өзбекстандық қашқын Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстандық қашқын Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстандық христиан Әбдірешид Кушаев Қазақстан мен Ресейде босқын мәртебесін ала алмаған соң Финляндия арқылы Еуропаға кетуге бел байлағанын айтады.

Совет Одағы құлағалы бері не туып-өскен жері, не этникалық тегі бойынша қандай да бір елдің азаматтығына қолы жетпей сергелдеңге түскен Өзбекстандағы діни азшылық өкілі Әбдірешид Кушаев қазанның 3-і күні Мәскеуге жетті. Биыл наурызда Өзбекстаннан қашып шыққан 51 жастағы жалғызбасты татар текті христиан әуелі Қазақстанда, сосын соңғы екі ай Омбыда босқын мәртебесін күтіп, ақыры ала алмаған.

Төрт ай бойы күткенімен Қазақстанның көші-қон полициясы оған босқын мәртебесін бермеген. Көші-қон полициясының шешімінің үстінен Алматы соттарына шағымданғанымен ештеңе өндіре алмаған Әбдірешид Кушаев биылғы наурызда Ресейдегі Омбы қаласына кеткен болатын. Бірақ оның Омбы облыстық федералдық миграция қызметіне босқын мәртебесін сұрап жазған өтінішінен нәтиже шықпаған. Кушаев өзіне Омбы полициясы «Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтті» деген айып таққан соң Мәскеуге қашуға мәжбүр болғанын айтады.

Әбдірешид Кушаев уақытша паналаған Омбы қаласындағы әлеуметтік оңтайландыру орталығы. Ресей, 20 тамыз 2015 жыл.

Әбдірешид Кушаев уақытша паналаған Омбы қаласындағы әлеуметтік оңтайландыру орталығы. Ресей, 20 тамыз 2015 жыл.

Кушаев баспана сұрап өтініш білдірген Омбы облысындағы федералдық миграциялық қызмет басқармасының бөлім бастығы Татьяна Родина Азаттыққа қандай да бір жеке адамға қатысты мәлімет бермейтінін айтты.

Кушаевтың сөзінше, ол Мәскеуге жетісімен әлеуметтік оңтайландыру орталығы «Люблинода» бір түнеп, кейін жағдайы болмаған соң көшеде қалған.

– Маған бір туысым аз-маз ақша берді. Қазір Мәскеудегі Белорус вокзалын паналап жүрмін. Қайда барарымды да білмеймін, - деді ол Азатыққа.

Мәскеуге келгесін Кушаев босқын мәртебесін сұрап Норвегия мен АҚШ елшіліктеріне де барғанын айтады.

– Норвегия елшілігі мені кіргізбеді. Ондағылар Норвегиядан босқын мәртебесін алу үшін сол елдің территориясына барып сұрау керектігін айтты, - дейді ол.

Ал елшілік сайтында Норвегия заңдарына сәйкес елшілікке немесе консулдыққа келіп баспана сұрағандардың өтінішін Норвегия иммиграциялық басқармасы қанағаттандырмауы мүмкін екендігі жазылған.

АҚШ елшілігінде Әбдірешид Кушаевқа БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасына бару туралы кеңес берілген.

– Мәскеудегі БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасындағылар маған тек Ресейге қашқан босқындарды заңдастыратынын айтты. Мені «Гражданское содействие» коммерциялық емес ұйымына жіберді, олардың маған көмектесуге құлқы жоқ, - дейді Әбдірашид Кушаев.

«Гражданское содействие» комитетінің қызметкері Лейла Рогозинаның Азаттықа мәлімдеуінше, «Кушаев Ресей азаматтығын алғысы келмейді, ол басқа жаққа кетіп қалуға көмектесуді сұрап, ұйым заңгерімен сөйлескен».

Әбдірешид Кушаевтың Ресейге келген босқын деп тану туралы өтініші қаралатыны жөнінде Омбы облыстық полициясының 2015 жылы тамыздың 15-і күні оған берген куәлігі.

Әбдірешид Кушаевтың Ресейге келген босқын деп тану туралы өтініші қаралатыны жөнінде Омбы облыстық полициясының 2015 жылы тамыздың 15-і күні оған берген куәлігі.

– Біз тек уақытша паналатуға көмектесеміз. Бірақ Әбдірешид Кушаевтың ешқандай құжаты жоқ болғандықтан оның тұлғасын нақтылау өте қиын. Біз оны танымаймыз. Ол басқа елдің азаматы еместігі туралы анықтама әкелуі керек. Азаматтығы жоқ адамдармен жүргізілетін бұл өте қиын әрі күрделі процедура, - деді Лейла Рогозина.

Мәскеудегі БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариатының ассистенті Әбдуғафар Шарипов те Әбдірешид Кушаевтың келгенін растады.

– Барлық мәлімет Кушаевтың өзіне айтылды. Біз оны «Гражданское содействие» ұйымына жібердік, - деді ол қысқа ғана.

Бұған дейін Азаттыққа «Өзбекстанда азаматтық ала алмай және баспана мәселесіне қатысты тұрмыстық қысым көргенін» айтқан Әбдірешид Кушаев Ресейден босқын мәртебесін заңдастыра алмай, енді Еуропаға аттануға бел буған.

– Ресейдің федералдық миграциялық қызметі үшін құқық деген тек адамды жазалаумен шектелетініне көзім жетті. Енді Псков арқылы Финляндияға өтпекпін, - деп хабарлады ол Азаттыққа соңғы жоспары туралы.

Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданатын ол жеке парақшасында Өзбекстан, Қазақстан, Ресейдегі басынан кешкендерін баяндаған.

Қазақстандағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариатының мәліметінше, 2014 жылдың желтоқсанындағы санақ бойынша елде 7651 азаматтығы жоқ адам тіркелген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG