Accessibility links

Ресейдегі гейлер АҚШ-қа ауа бастады


Ұлтшылдардан соққы жеген гей-белсенді. Мәскеу, 2013 жылдың мамыры.

Ұлтшылдардан соққы жеген гей-белсенді. Мәскеу, 2013 жылдың мамыры.

Ресейден қашып, АҚШ-тан баспана сұраушылардың саны күрт көбейді. Бұған гейлерге деген қысымның күшеюі себеп болған.

Ресей азаматтары арасында АҚШ-тан баспана сұраушылар саны кейінгі екі жылда 15 пайызға артқан. Арызданушылардың өздері мен заңгерлерінің айтуынша, ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) өкілдері қудалаудан, қорлау мен зорлықтан қорқып елден кетіп жатыр.

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің (Department of Homeland Security - DHS) Азаттыққа берген мәліметтері бойынша, былтыр АҚШ үкіметінен баспана сұрап 837 ресейлік өтініш берсе, 30 қыркүйекте аяқталған биылғы қаржы жылында мұндай арыздың саны 969-ға жеткен. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 34 пайызға артық.

АҚШ үкіметі баспана сұраушылар шағымдарының мазмұнын жариялаймайды. Алайда өтініш бергендердің өздері және оларға көмектескен адвокаттардың айтуынша, ресейліктердің бұлайша үдере көшуіне «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға тыйым салу туралы» заңның қабылдануы және гейлерге қарсы топтардың «партизандық» шабуылдарының күшеюі себеп болған.

Путин мен басқа да ресми тұлғалар «бұл заң балаларды қорғау және Ресейдегі бала туу көрсеткішін арттыру мақсатында қабылданды» деген уәж айтқан. Ал Батыс елдері басшылары мен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар «бұл заң гейлерді кемсітеді» деген ескерту жасаған.

Осы айдың басында АҚШ-тан баспана алған 24 жастағы Ресей азаматы Анатолий Казаков Азаттыққа «Ресейдегі гейлердің төзімі таусылды. Олар болашақтары жоқ екенін біліп, көшіп жатыр» дейді.

АҚШ-тан баспана сұраған ресейліктер арыздарының көбею қарқыны:

(Инфографиканы толық көргіңіз келсе, үстінен басыңыз)

(Инфографиканы толық көргіңіз келсе, үстінен басыңыз)

ҮРЕЙ БИЛЕГЕН ГЕЙЛЕР

Осы айда Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірген тағы бір оқиға болды. Екі ел арасындағы оқушы алмасу бағдарламасымен АҚШ-қа барған ресейлік 17 жастағы бозбала Америкада қалып, саяси баспана сұрады. Ол «Ресейде мені жыныстық ерекшелігім үшін қудалауы мүмкін» деген.

Бұдан соң Мәскеу ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан FLEX (Future Leaders Exchange) оқушы алмасу бағдарламасын Ресей аумағында тоқтататынын мәлімдеді.

Нью-Йорктегі жыныстық азшылық құқықтарын қорғаумен айналысатын Immigration Equality ұйымының мәліметіне қарағанда, кейінгі екі жыл ішінде, яғни 2012 жылдың қаңтарынан бастап баспана сұраған ресейлік гейлер күрт көбейген. Осы ұйымның баспасөз хатшысы Диего Ортис «оның алдындағы жылы бар болғаны үш-ақ өтініш түскен еді» дейді.

Ортис «Путин «гейлерді насихаттауға қарсы» заңға қол қойысымен бір айдың ішінде, яғни 2013 жылдың тамыз айында, 25 өтініш қабылдағандарын» айтады. Содан бері айына шамамен 15-17 өтініштен түсіп тұрған, ал ақпандағы Сочи олимпиадасы тұсында арыз берушілер күрт көбейген.

Immigration Equality ұйымының заң бөлімі директоры Аарон Морристің айтуынша, АҚШ-тан баспана сұраушыларды екі топқа бөлуге болады.

Алғашқы шағын топ – ЛГБТ отбасылары. Моррис Азаттыққа «олардың бір күні Ресей үкіметінің адамдары келіп баламызды тартып ала ма деп қорыққандарын» айтты.

Өтініштердің көбі жасы 30-дан аспаған ресейлік гейлерден түседі екен. Олар гейлерге қарсы топтардың ұрып-соғуынан, қорлауынан үрейленеді. Соңғы жылдары гейлерді ұрлап әкетіп, соққыға жыққан видеолар интернетке шыға бастаған.

«Бұл кісілер әсіресе, белсенді топтар мен скинхэдтерден қорқады, себебі үкімет гейлерге қарсы әрекеттерге тосқауыл қоймайды, тіпті өздері соған итермелейді» дейді Моррис.

Мәскеу, 2013 жылдың маусымы.

Мәскеу, 2013 жылдың маусымы.

Оның айтуынша, «Immigration Equality ұйымы қазір жыныстық ерекшелігі үшін қуғынға ұшыраудан қауіптеніп, АҚШ-тан баспана сұраған алты адамның құжатын әзірлеп жатыр. Одан бөлек, 37 адамның өтініші Pro Bono Network бағдарламасы арқылы жіберілген».

Вирджинияда орналасқан Spectrum Human Rights адвокаттық ұйымының президенті Ларри Полтавцев Азаттыққа «өткен жылдан бері құқықтық көмек сұраған ресейлік жыныстық азшылық өкілдерінің саны екі есеге көбейді. Қазір осындай бес құжатты әзірлеп отырмыз. Мұншама көп адамның барлығына қызмет көрсетуге дайын емеспіз» дейді.

САЯСИ ҚЫСЫМ - БІР БӨЛЕК

Нью-Йоркте иммигранттар құқығын қорғайтын адвокат Алена Шауцова «гейлермен қатар, саяси қуғын-сүргіннен бас сауғалап, АҚШ-қа кетіп жатқан ресейліктер де көбейді» дейді.

Ол «2012 жылы мамыр айында Мәскеудің Болотный алаңына шеруге шыққаны үшін қудалауға ұшыраған екі адам биыл АҚШ-тан саяси баспана алуға өтініш берді» дейді.

Төрт жыл премьер-министр болған Путиннің Кремльге қайтып келуіне наразы болған топ алаңға жиналғанда оның соңы қақтығысқа ұласып, артынан 400-ге тарта адам қамауға алынған. Ондаған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың бірнешеуі бас бостандығынан айырылды. Түрмеге кесілгендердің арасында оппозиция белсендісі Сергей Удальцов та бар.

АҚШ үкіметі шеруге шыққандарды сот арқылы қудалаудың «саяси астары бар екенін» айтып, наразылық білдірген. Шауцованың айтуынша, оның клиенттері АҚШ-тың иммиграция қызметкерлерімен сұхбаттасқан соң бірден саяси баспана алған, өтініштері тіпті сотқа да жіберілмеген.

«Демек АҚШ билігі оларды босқын ретінде қабылдап отыр» дейді ол.

РЕСЕЙ КӨШЕЛЕРІНДЕГІ ТЕПКІ

Ал АҚШ-тан баспана алған Ресей азаматы Казаков «Ресейдегі ЛГБТ өкілдері арасында АҚШ-тан баспана сұрайтындарының әлі де көбейетінін» айтады.

Ресейдің Челябинск қаласынан АҚШ-қа қоныс аударған Казаков баспана сұраған өтінішін тиісті мекемеге сәуір айында тапсырған.

- Бір жыл бұрын олар «Мұнда жұмысымыз бар, неге кетуіміз керек? Америкаға барғанда қара жұмыс істейміз ғой» дейтін. Ал қазір «не болса да кетеміз» деп отыр, - дейді ол.

2015 қаржы жылында баспана сұрап өтініш бергендердің бірі - 27 жастағы Артем Горбунов. Ол өтінішін осы айдың басында өткізген.

Горбунов гейлерге деген жеккөрініштен құтылу үшін Ресейден кетуді бұрыннан жоспарлап жүргенін айтады. Бірақ осы ойын жүзеге асыруға тек биылғы қаңтарда ғана кіріскен. Оның төзімі Путин гейлерге қарсы заңға қол қойған кезде таусылған екен. Артем АҚШ-қа шілде айында келген.

- Ертең біреу киімімді көріп, мынау «гейлердің насихаты» деп шықса не істеймін? Ешкім ондай бәле жаппау үшін қалай киініп жүруді білмеймін ғой. Түрлі-түсті жолағы бар түйме тағып алсам, Ресейде көшеде жүруім мұң болады ғой, - дейді Горбунов.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG