Accessibility links

Жыл оқиғасы: Ресей насихаты Батысқа ауды


Дмитрий Киселев апталық хабарында «АҚШ-ты радиоактивті тозаңға айналдыра алатын бірден-бір ел – Ресей» деген мәлімдеме жасап тұр.

Дмитрий Киселев апталық хабарында «АҚШ-ты радиоактивті тозаңға айналдыра алатын бірден-бір ел – Ресей» деген мәлімдеме жасап тұр.

2014 жыл Ресей насихат құралдары шетелдерде белсенді әрекетке көшкен жыл болды. Кремль ел ішінде жұртты қалауынша «тәрбиелесе», шетелдегі жұртты шатастыру әдісін қолданады.

2014 жыл Ресей насихат құралдарының шетелдерде белсенді әрекетке көшкен жылы болды. Кремль ел ішіндегі жұртты өз қалауынша «тәрбиелесе», сыртқа ақпарат таратқанда ондағы жұртты шатастыру әдісін қолданады.

Одесса. Мамырдың 2-сі. Бір дәрігер кәсіподақтар үйінде қоршауда қалып қойған ресейшіл жаралылардың жанын алып қалуға жанталасып жатыр. Ресей саясатын қолдап демонстрацияға шыққандардың 40-тан астамы қаза тапты.

Әлгі адам Facebook парақшасына «Дәрігер болғандықтан, әл үстінде жатқан бір кісіге көмекке ұмтылдым, оны аман алып қалуға болатын еді. Алайда мені украиналық радикал-ұлтшылдар тоқтатты» деп жазып, Янукович режимі құлағаннан кейін келген Украинаның жаңа билігін ресейлік БАҚ қолданған жағымсыз сөздермен сыбайды.

Әлгі адам «Олардың бірі мені кері жұлқып, «Көп ұзамай сен де, Одессаның басқа еврейлері де осылай ажал құшасыңдар» деді» деп жазған.

Жантүршігерлік көрініс, бірақ шындығында мұндай оқиға мүлде болмаған. Ешқандай одессалық «дәрігер» жоқ. Бұл оқиғаны жазған адам Қарашай-Черкес республикасынан 2 мың километр қашықтықта тұратын әлдебір тіс дәрігерінің суретін пайдаланған. Кейіннен әлгі парақша мүлде жойылып кетті. Соған қарамастан, бұл мәтін интернетке кең тарады, тіпті Батыс басылымдарында да жарияланды. The Guardian газетінің тілшісі Джон Пилгер бұл жазбаны өзінің авторлық мақаласына да қолданды.

ҚАРЖЫСЫ КӨП РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫ

2014 жыл Кремль қаржыландыратын ақпарат құралдары насихатын әлемге кеңінен тарата бастаған жыл болды. Мемлекеттік телеарналар Ресейдің «тарихи» ықпал ету аймағына қол сұғып жатқан кекшіл де жауыз Батыстың бейнесін жасауға көшті. Мәскеу RT сияқты шет тілдерде хабар тарататын ақпарат құралдарының ауқымын кеңейтті, мұны кейбіреулер жаңа «ақпараттық соғыстың» басы санайды.

RT телеарнасының Вашингтондағы тілшісі Лиз Уол. (Көрнекі сурет)

RT телеарнасының Вашингтондағы тілшісі Лиз Уол. (Көрнекі сурет)

Одессалық қайырымды «дәрігер» әлдекімнің интернеттегі сандырағы ма, әлде бұл Ресей қаржыландырып отырған «интернет трольдері» жазбасы ма - ол жағы белгісіз. Ал ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары еш қымсынбастан интернеттегі өсекті одан әрі қоздыруды, болмаса «өз» өсегін таратуды әдетке айналдырған.

Биыл жазда Ресейдегі үш мемлекеттік телеарна Славянск қаласында украин солдаттарының үш жасар баланы ағашқа керіп, қағып тастағаны туралы; Украинаның шығысында орыс тілді тұрғындарды қамауда ұстайтын лагерь салынып жатқаны жайында; Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктерінің «шайтанның жетегінде жүргені» хақында сюжеттер берді.

«ЖУРНАЛИСТИКА МЕН НАСИХАТ БІРІГІП КЕТТІ»

«Левада» қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға қарағанда, жаңалықтарды телеарналардан көретін халықтың 50 пайызы оларға сенеді. Сенімді ақпарат көзі ретінде келесі орында достары, отбасы мүшелері және көршілері тұр.

Ресейдің мемлекеттік «Россия» телеарнасының жүргізушісі Андрей Кондрашов Азаттық радиосының Орыс қызметіне берген сұхбатында мемлекеттік ақпарат құралдарының журналистика мен мемлекеттік үгіт-насихатты қабыстырудағы рөлін мақтанышпен сипаттады.

- Бұл екі ұғымның арасында бәлендей алшақтық жоқ. Екі жүйе, екі түрлі өркениет арасында нағыз тірес болып жатқанда оларды бір-бірінен ажырату қиын, себебі екеуі тұтасып кеткен. Қазір ақпарат құралындағы кез келген насихат - кәдімгі журналистиканың нақ өзі, - дейді Кондрашов.

КИСЕЛЕВТІҢ «СПУТНИГІ»

Осыған дейін ұзақ жылдар бойы БАҚ арқылы жасалатын мемлекеттік насихат ел ішінде кең қолданылып келген. Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас Совет Одағы заманынан бері болып көрмеген жағдайда ушыққан тұста Мәскеу де Батыстағы хабар тарату ауқымын кеңейтуге күш сала бастады.

Дмитрий Киселев.

Дмитрий Киселев.

Елдің басты үгіт-насихатшысы атанып кеткен Дмитрий Киселев жыл басында өзінің апталық хабарында «АҚШ-ты радиоактивті тозаңға айналдыра алатын ел – Ресей» деген мәлімдеме жасаған. Киселев қараша айында «Спутник» атты жаңа ақпарат агенттігін ашты. Оның айтуынша, 2015 жылдың соңына дейін «Спутник» әлемнің 34 елінде 30 тілде хабар таратпақ.

Кремльдің саясатын насихаттайтын халықаралық RT телеарнасының бюджеті келесі жылы15 миллиард 38 миллион рубльге (шамамен 280 миллион АҚШ доллары) көбеймек.

Нью-Джерсидегі Принстон университетіне арнап жасаған баяндамасында сарапшылар Питер Померанцев пен Майкл Вайс «Бұл ақпарат құралдары адамның көзқарасын өзгертуге, райынан қайтаруға тырыспайды. Бар болғаны оларды мәңгіртіп, бей-жай қалыпқа түсіруге не параноик етуге күш салады, белгілі бір әрекетке үгіттемейді» деп жазады.

РЕСЕЙДІҢ АЛҒАШҚЫ «ЖЕТІСТІГІ»

Кремльдің шетелдегі үгіт-насихатын күшейтуінен үрейленетіндер де бар. Орыс тілді интернетті жіті бақылап отыратын сарапшы, RuNet Eco басылымының редакторы Кевин Ротрок «Мұны қауіп санайтындардікі – бос байбалам. Мұндай үгіт-насихаттың күші мен ықпалын асыра бағалағандардың ешқайсысы мені әлі сендіре алған жоқ» дейді.

RT телеарнасы 630 миллион адам тұратын аумаққа хабар таратамыз деп жар салғанымен, олардың нақты аудиториясының көлеміне қатысты ақпарат жоқ.

Malaysia Airlines компаниясының жолаушылар ұшағы құлаған жерде жүрген журналистер. Украина, 2014 жылдың шілдесі.

Malaysia Airlines компаниясының жолаушылар ұшағы құлаған жерде жүрген журналистер. Украина, 2014 жылдың шілдесі.

Дегенмен Померанцев пен Вайс «Украинаның шығысында 298 адам қаза тапқан Малайзия ұшағының апаты туралы хабар тарату кезінде Ресейдің бұл стратегиясы кәдеге жарады» дейді.

Ресейшіл сепаратистердің қолында әуедегі ұшақты атып құлата алатын БУК зымыран құрылғысы болғаны туралы нақты дәлелдер бар. Соған қарамастан, RT бастаған Ресей ақпарат агенттіктері бұл күмәнді сейілтіп, «бұл апатты Батыс немесе Украина ұйымдастырды» деген пікірлерге елді бір ауық иландыра алды. Бірақ олардың айыбы негізсіз екені артынан анықталды.

«ПУТИН РЕЖИМІ ӘККІ ШЕБЕРГЕ АЙНАЛДЫ»

Олардың басты мақсаты «Ұшақ апатына кінәлі адам – мынау» деп нақты біреуді нұсқау емес, түрлі болжамдардың бар екеніне жұртты сендіру. Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғалы (наурызда - ред.) Мәскеудің бұл ақпараттық саясатына қарсылық білдіргісі келетіндер көбейді. Солардың бірі – Киевтегі «Могилян» журналистика мектебінің директоры Евгений Федченконың бастамасымен «Украинадағы оқиғаларды бұрамалап көрсететін үгіт-насихат материалдарын жоққа шығару үшін» ашылған stopfake.org сайты. Оның айтуынша, «Ресейдің үгіт-насихат машинасымен күресу үшін бірді-екілі сайт жеткіліксіз, түрлі ақпарат көздері шынайы ақпаратты жан-жақтан таратып отыруы тиіс».

Ал Померанцев пен Вайс Кремльдің «ақпаратты қару ретінде пайдалануына» жол бермеу үшін «Жалған ақпарат туралы жарғы» қабылдап, оған қарсы «редакторлар тобын» ұйымдастырып, өзара үйлесімді, ауқымды стратегия жасау керек деп санайды.

Вайс Азаттық радиосының «Билік вертикалі» жобасына берген сұхбатында «Біз бұрын-соңды кездеспеген үлкен бір проблема пайда болды. Путин режимі мен оның суррогаттары бұл ойында әккі шеберге айналған» дейді.

(Гленн Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG