Accessibility links

Путиннің қызы және жас миллиардер жігіт


Катерина Тихонова мен Кирилл Шамаловтың фотографиялары.

Катерина Тихонова мен Кирилл Шамаловтың фотографиялары.

Reuters агенттігінің Ресей президентінің айналасындағы жастар туралы зерттеуі.

Владимир Путин Ресей билігіне келгеннен бері оның көптеген достары байлыққа кенелді. Алайда Путиннің өзі оның маңындағылар айтқандай ақшаға құнықпаған болып көрінеді. Биылғы сәуірде Путин 7 миллион 65 мың рубль көлеміндегі табысын жария еткен. Оған бар болғаны екі пәтер мен гараж ғана тиесілі болып шықты. Дегенмен оның қызы Катерина әкесіне қарағанда әлдеқайда дәулетті. Reuters агенттігінің зерттеуі жас қыздың қомақты қаржыға Ресей президентінің ықпалды достарының көмегімен қол жеткізгенін көрсетіп отыр.

«Газпромбанктің» басқарма бастығы Андрей Акимов 29 жастағы Катеринамен бала кезден таныс екенін айтады. Акимовтің сөзінше, Катерина Тихонов деген фамилияны иеленгенімен (оның нақты тегі БАҚ пен әлеуметтік желілерде бұрын да талқыға түскен - ред.), өзін Путиннің байырғы досы Николай Шамаловтың ұлы Кирилл Шамаловтың жұбайы ретінде таныстырады. Үлкен Шамалов - АҚШ билігі "ресейлік элитаның банкі" деп атайтын «Россия» банкінің акционері

Кирилл мен Катеринаның дәулетін қаржы сарапшылары 2 миллиард доллар шамасында деп бағалайды. Оның басым бөлігін Кирилл Шамалов президенттің ежелгі досының досы - Геннадий Тимченкодан сатып алынған ірі мұнай-химия компаниясындағы үлесі құрайды. Жас жұбайлардың бұдан бөлек Франциядағы Биарриц курорты төңірегінде 3 миллион 700 мың доллар тұратын вилласы да бар. Бұл жылжымайтын мүлікті де Кирилл Шамалов Геннадий Тимченкодан сатып алған.

Катерина Тихонова Мәскеу университеті (МГУ) жанындағы «Иннопрактика» жобасын басқарады. Reuters мәліметінше, осы жоба аясында ол бірқатар мемлекеттік ұйымдармен бірнеше миллион доллар көлеміндегі келісім-шаттар жасаған. Алайда бұл жобаның оған қандай да бір пайда әкелгені көрінбейді. Катерина МГУ ғимаратын 1 миллиард 700 миллион долларға реконструкциялауды да жоспарлап отыр.

Путиннің үлкен қызы Мария - Мәскеу мемлекеттік университетінің фундаменталдық медицина факультетін бітірген, эндокринология саласының маманы. Ресей президентінің екі қызы мен Кирилл Шамалов қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Геннадий Тимченконың өкілі Биаррицтегі вилла туралы сауалға «жеке басқа қатысты жайтқа комментарий беруге дайын емес» екенін айтып, жауап беруден бас тартты.

Катерина мен оның 33 жастағы күйеуі әке-шешесінің билігі арқасында үлкен қаражатты иеленген ресейлік элитаның жас ұрпақ буынына жатады. Бұны Қытайдағы компартияның жоғары басшыларының өсе келе лауазымды қызметке ие болып, әрі ірі байлыққа қол жеткізіп, «ханзадаларға» айналған балалары және немерелерімен салыстыруға келеді.

Биаррицтегі Кирилл Шамаловтікі деген үй.

Биаррицтегі Кирилл Шамаловтікі деген үй.

Бір кездері путиндік «Единая Россия» партиясының мүшесі болған социолог Ольга Крыштановская мемлекетпен байланысты саясат пен ресейлік ірі бизнесте Путиннің төңірегіндегілердің мәртебесіне мұрагер боп қалатын «жаңа аристократияның» жас буыны құралып келе жатқанын айтады. «Ресей қоғамындағылардың көбі бұл жастарды ондай лауазымға сай емес деп санайды және олар соншалықты кім деген сауалға жауап іздейді» деп атап көрсетеді Крыштановская.

Оппозициялық лидер Алексей Навальный Reuters-ке берген интервьюінде жаңа жүйені «неофеодалдық» деп атап, оның тек мемлекеттік аппаратты ғана емес, ірі бизнесті де жаулап алғанын айтады. «Бүгінде Ресейде мемлекеттік банк директорлары кеңесін мемлекет қауіпсіздігі саласы шенділерінің баласы басқаруы - қалыпты жайт. Ол балардың көбі ондай лауазымға тағайындалғанда 30-ға да толмаған. Олар ата-анасының қызметіне мұрагер болып қана қоймайды, кез-келген лауазымға ие бола алады. Ең қауіптісі сол - көп ұзамай Ресейдің негізгі ресустары бес-жеті отбасының ғана иелігіне өтеді» дейді Навальный.

НАҒАШЫСЫНЫҢ АТЫНА ЖАЗЫЛҒАН КАТЕРИНА

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Катерина Тихонова Путиннің қызы ма, ол Кирилл Шамаловқа тұрмысқа шыққан ба?" деген сауалға: «Бізде сіздің хатыңызда көрсетілген Тихонова ханым мен басқа да тұлғалардың жеке өмірі, отбасы жағдайы, туыстық қатынасы, ғылыми немесе оқу саласындағы қызметі, қандай да бір жобаларға қатыстылығы туралы мәлімет жоқ. Соңғы кезде Владимир Путиннің отбасына, оның қыздарына қатысты таралып кеткен дақпырт көп. Жарияланған ақпараттарда шындық күлкі шақыратындай аз» деп жауап берген.

2000 жылы әкесі Ресей президенті болған кезде Катерина ел назарына аса көп ілікпеді. 2011 жылы Владимир Путин ресейлік телеканалға берген сұхбатында қызының Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетінде жапон тілі мен тарихы мамандығы бойынша оқығанын айтқан. Оның оқу бітіргеНнен кейінгі өмірі жайлы ақпарат блогер Олег Кашин биыл қаңтарда президент қызының Мәскеу университетінде Тихонова деген фамилиямен жұмыс істейтіні туралы жазған кезде ғана белгілі болды. Бұл – оның арғы нағашы атасының аты (Катеринаның әжесінің аты-жөні Екатерина Тихоновна Шкребнева). Тихонова Путиннің қызы екенін «Газпромбанктегі» Андрей Акимовтан басқа МГУ-дің академиялық ортасындағы дереккөздер де айтқан.

Мәскеу университетінің ресми сайтында Катерина Тихонованың МГУ-дің механика-математика факультетіне «бекітілгені» жазылған. 2011 жылдан бері ол - математика пәні оқулықтары мен алтыға таяу ғылыми еңбектің авторлық ұжымының мүшесі. Ол ғылыми еңбектердің көбі космостық медицинаға, салмақсыздықтың адам ағзасына әсеріне арналған. Оның басым көбінің бірлескен авторы ретінде университет ректоры Виктор Садовничийдің аты аталады. Ол Тихоноваға қатысты сұраққа жауап беруден бас тартты, ал университет ұжымы оны «талантты зерттеуші» деп бағалап, хат жазды. Онда университет қызметкерлерінің жеке өмірі туралы ақпарат берілмейтіні де айтылған.

Тихонова 2013 жылы мамырда МГУ-мен байланысты коммерциялық емес ұлттық интеллектуалдық даму қорының директоры, ал кейін ұлттық интеллектуалдық резерв орталығының жетекшісі болды. Екі ұйым да жас ғалымдарға қолдау көрсететін «Иннопрактика» жобасын жүзеге асырады. Жобаның кеңесшілері мен қызметкерлерінің қатарында – Путинмен ГДР-дегі қызметінен бері тығыз байланысы бар бұрынғы КГБ офицерлері Сергей Чемезов пен Николай Токарев бар. Дрезденде олар Путиннің отбасымен көрші тұрған. Қазір Сергей Чемезов мемлекеттік «Ростех» корпорациясын, ал Токарев «Транснефть» концернін басқарады. Бұдан бөлек «Иннопрактиканың» алқа кеңесінің құрамына «Роснефть» бастығы Игорь Сечин мен «Газпромбанк» басқарма бастығы Андрей Акимов кіреді. Акимов өзінің Тихонованың Путиннің қызы екенін білгенін айтады. «Бірақ біз ешкімнің отбасылық байланысына қарамастан МГУ-дің инновациялық жобаларын қолдау туралы шешім қабылдадық» дейді ол. Банкирдің пікірінше, Тихонова бұл жобада аса бір артықшылықтарға ие емес, ал МГУ-ді реконструкциялау жобасын онда президент қызының жұмыс істейтініне қарамастан өзі қолдаған. «Иннопрактикадағы» атақаратын міндеті туралы Тихонованың өзі жақында «Интерфакске» берген интервьюінде айтқан.

Ресейдегі ресми дерек көздердің бірі Тихонова басқаратын ұлттық интеллектуалдық даму қоры 2013 жылдан бері «Роснефть», «Росатом» және «Транснефть» мемлекеттік компанияларымен жалпы сомасы 182 миллион рубльге келісім-шарт жасаған. 10 келісімшарттың 8-і тендерсіз жасалған. Олардың көбі МГУ шеңберінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. «Роснефть» өкілі университеттің құны 530 миллион рубль тұратын 17 жобасымен әріптестік жасап жатқандарын растады.

Катерина Тихонова биылғы наурызда МГУ проректорының орынбасары болып тағайындалған. Оның бұл қызметіне ақы төленетін-төленбейтіні белгісіз. Университет ректоры Садовничийдің бұйрығы оқу орнының сайтына ілінген. Ал Тихонова МГУ-дің ғылыми кеңесі мүшесі болғанымен, оның аты-жөні университет қызметкерлерінің ресми тізімінде жоқ.

Катерина Тихонова рок-н-ролл билеп жүр. Краков, 12 сәуір 2014 жыл.

Катерина Тихонова рок-н-ролл билеп жүр. Краков, 12 сәуір 2014 жыл.

Катерина Тихонованың қызметі тек Мәскеу университетімен ғана байланысты емес. Ол бірнеше жыл бойы акробатикалық рок-н-роллмен айналысады. 2013 жылы ол өзінің бидегі серіктесімен Швейцариядағы әлем чемпионатында 5-орын алды. Қазір Тихонова бүкілресейлік акробатикалық рок-н-ролл федерациясының екі ұйымдастыру комитетінің төрайымы. Федерация құрылтайшылары - президенттің маңындағы адамдардың ішінара немесе толық бақылауындағы «Сибур», «Новатек» және «Газпромбанк» компаниялары. Олардың арасында Геннадий Тимченко, Кирилл Шамалов пен оның үлкен ағасы Юрий де бар. «Сибур» компаниясының өкілі фирманың алуан спорт түрлерін, соның ішінде ресейлік хоккей, футбол клубтарын, «Формула-1» командасын және баскетбол федерациясын белсенді түрде қолдайтынын айтты.

Катерина Тихонова мен Кирилл Шамаловтың байланысы туралы биылғы жылдың басында РБК ТВ хабарында және Олег Кашиннің блогында айтылды. Олардың мәліметінше жастар Швейцарияға бірге барған. Сол сапарда Тихонова өзін Шамаловтың әйелі ретінде таныстырған.

Францияда бұл жас бизнесменге Биарицтегі генерал МакКроски атындағы авенюде орналасқан 2000 шаршы метрлік жер учаскесімен бірге ауданы 300 шаршы метр болатын үй тиесілі. «1950 жылы салынған үйдің қазіргі бағасы 3 миллион 500 мың еуро» дейді оны жеті жыл бұрын жөндеуден өткізген сәулетші Пьер Фурро. Ашық қолданыстағы құжаттар вилланың бұрынғы қожайыны Геннадий Тимченко болғанын көрсетеді. 2007 жылы Тимченко мен оның әйелі Елена Ермакова үй сатып алу үшін SCI Atlantic компаниясын тіркеткен. 2012 жылы қарашаның 15-і күні бұл фирманың Тимченкоға тиесілі үлесі Кирилл Шамаловтың атына аударылған. Бірақ келісім құны аталмайды. Көршілері де жас жұбайларды Биаррицте көрмегендерін айтады. Геннадий Тимченконың өкілі Биаррицтегі үй туралы комментарийден бас тартып, сауда-саттықтың «нарықтық бағамен» жасалғанын ғана айтты.

Бұл үй Шамаловтың өсіп бара жатқан активтерінің бір бөлігі ғана. 2008 жылы ол газ және мұнай-химия саласындағы «Сибур» холдингінің басқармасы құрамына кірді. Шамалов «Сибурдың» 4,3 пайыз акциясын иеленді, кейін тағы сол Тимченкодан 17 пайызын сатып алды. Былтыр «Сибур» ағымдағы 361 миллиард рубль пайдасы мен 25 миллиард рубль таза пайдасы туралы хабарлады. «Сибурдың» Кирилл Шамаловқа тиесілі 21 пайыз акциясы құнын қаржы сарапшылары 2 миллиард доллар деп бағалайды. Компанияның Шамалов иеленген үлесінің бағасы да ашып айтылмайды. «Сибур» өкілі компанияның «оның менеджерлері мен директорлары кеңесінің жеке өмірі туралы комментарий бермейтінін» мәлімеді.

Ресей элитасының жас буынымен салыстырғанда Владимир Путиннің өзі жарияланған табысы мен дүние-мүлкі бойынша орта таптың қоңырқалта адамы ғана. Оған тиесілі пәтердің бірі - Мәскеуде, екіншісі - Санкт-Петербургте. Декларцияда шетелдегі мүлкі туралы айтылмаған. Президенттің баспасөз хатшысы БАҚ өкілдерінің Қара теңіздің жағалауындағы «Путиннің сарайы» деп жариялаған мәліметтерінің бәрін талай мәрте жоққа шығарған. Былтыр Reuters агенттігі бұл объектінің құрылысын Путиннің күйеубаласы саналған Кирилдің әкесі Николай Шамаловтың жартылай қаржыландырғанын жазған болатын.

ПУТИННІҢ БИОМЕДИК ҚЫЗЫ

Владимир Путиннің үлкен қызы Мария сіңілісіне қарағанда көптің көзінен тасалау жағдайда өмір сүріп жатыр. Reuters агенттігі Марияның соңғы кезде түскен бірде-бір суретін таба алмады.

1985 жылы сәуірдің 28-і күні дүниеге келген Мария Петербург университетінде биологияны және Мәскеу мемлекеттік университетінде медицинаны оқыған.

Владимир Путин мен оның бұрынғы әйелі Людмиланың қыздары Мариямен түскен суреті. Ленинград, 1985 жылдың көктемі.

Владимир Путин мен оның бұрынғы әйелі Людмиланың қыздары Мариямен түскен суреті. Ленинград, 1985 жылдың көктемі.

Ресей және Батыс баспасөзінің ақпараты бойынша, ол нидерландтық бизнесмен Йоритт Йоост Фаассенге тұрмысқа шыққан. Кейбір мәліметтер оның Нидерландта тұрғанын көрсеткенімен, бұл мәліметті тексеру мүмкін емес.

Биыл Путин екі қызының да Мәскеуде тұратынын айтқан.

Фаассен фамилиясын иеленген Мария осы атпен биомедицина саласында карьера жасап жүр. Ғылыми жарияланымдарына қарағанда ол эндокринология жүйесін зерттеумен айналысады.

Оның аты МГУ қызметкерлері туралы мәліметтер мен олардың еңбектері жарияланған «Истина» сайтында аталады.

Мария - ғылым кандидаты. Мәскеудегі эндокринологиялық дерттерге ұшыраған балаларға қайырымдылық көмек көрсететін «Альфа-Эндо» эндокринологиялық ғылыми орталығымен әріптестік байланыс орнатқан.

Reuters-тің хатына берген жауабында Мария орталық туралы сауалдарды оның басшылығына жолдау керек екенін ғана хабарлаған. Ол тұрмысқа қашан шыққаны, оның карьерасына әкесінің әсері туралы сауалдарға жауап бермеген.

«Альфа-Эндо» орталығын АҚШ, Ұлыбритания мен Кипрде филиалдары бар ірі ресейлік «Альфа-Банк» қаржыландырады. Банктің ірі акционері болып банк саласында, энергетика мен телекоммуникациялық бизнесте мүддесі бар миллиардер Михаил Фридман саналады. «Альфа-Банктің» өкілі жобаны толығымен « Альфа-групп» қаржыландыратынын ғана мәлімдеген. Бұл жобаның басқа қатысушылары белгісіз.

Марияның жұбайы Путиннің төңірегіндегілермен тығыз байланыстағы «Газпромбанкте» жұмыс істеген. Йоритт Йоост Фаассен осы жылғы тамызға дейін «МЭФ аудит» консалтингтік тобы сайтында төраға орынбасары ретінде көрсетілген. Оның есімі қазір бұл сайтта жоқ және ол өзіне қойылған сауалдарға да жауап қатпады.

РЕСЕЙ ЭЛИТАСЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ЕКІНШІ БУЫНЫ

Борис Ковальчук. Ресей Банкінің ірі акционері және Владимир Путинмен бірге «Озера» саяжай кооперативінің негізін салған Юрий Ковальчуктің ұлы. 1977 жылы туған. Борис Ковальчук - «ИнтерРАО» холдингінің бас директоры. Ол Reuters-тің комментарий беру туралы өтінішіне жауап берген жоқ.

Юрий Шамалов. Путиннің ескі досы Николай Шамаловтың үлкен ұлы, Кирилл Шамаловтың ағасы. Юрий Шамалов – «Газпромбанк» директорлар кеңесі төрағасы орынбасары, Ресейдің ірі зейнетақы қоры - «Газфондтың» президенті. «Газфонд» бұған қоса, «Газпромбанктің» ірі акционері. Ол да қойылған сұрақтарға жауап берген жоқ.

Игорь Ротенберг. 42 жаста. Оған Путинмен дзюдомен бірге айналысқан әкесі Аркадий Ротенбергтің біраз активтері берілген. Үлкен Ротенберг Путин билік вертикалін құра бастаған тұста миллиардерге айналды. Игорь Ротенбергке сатылған активтердің 79 пайызын «Газпром-Бурение» компаниясының акциясы, 28 пайызын «Мостотрест» құрылыс фирмасының акциясы, 33 пайызын жылжымайтын мүлік келісімдерімен айналысатын «ТПС» холдингі акциясы құрайды.

Reuters агенттігіне жазбаша жауабында Игорь Ротенберг «Әрине әкемнің арқасында мен жақсы бастапқы позицияға ие болдым. Қазір тәуелсіз бизнесменмін және өз активтерімді рыноктағы бәскелестік күреспен арттырып келемін» деп жауап берген.

Роман Ротенберг. Игорьдің 1981 жылы туған кіші інісі. Путин тәрізді хоккей ойнағанды ұнатады. Финляндияда хоккейді дамытумен айналысқан, президенті Тимченко болып саналатын петербургтік СКА хоккей клубының вице-президенті. 2010 жылдан бері «Газпромбанктің» вице-президенті.

Иван Сечин. «Роснефть» мемлекеттік компаниясының бастығы Игорь Сечиннің ұлы. Қаңтар айында Путин оған «ұзақ уақыт бойы елдің мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесі үшін» мемлекеттік марапатын берген. БАҚ мәлімттерінше, Иван Сечиннің жасы 25-те. Марапаттауды «Роснефть» компаниясының бөлімшелерінің бірінде бастықтың орынбасары болып жұмыс істеген бір жылдан соң алған. Reuters сауалдарына жауап бермеген.

Андрей Муров. 1970 жылы туған. Бұрынғы КГБ генералы Евгений Муровтың ұлы. Евгений Муров 2001 жылдан бері Путинді, басқа да жоғары лауазымды шенуніктерді, үкімет ғимаратын күзетумен айналысатын федералдық күзет қызметін басқарады. Ресейдің ең басты электр тасымалдаушысы «Федеральная сетевая компания Единой энергетической системы» мемлекеттік компаниясының басқарма төрағасы. Компания акциялары Лондондағы биржа қорында сатылады. Ол да Reuters сауалдарына жауап берген жоқ.

Кіші Сергей Иванов. Бұрынғы КГБ генералы, президент әкімшілігінің бастығы Сергей Ивановтың ұлы. 35 жастағы Иванов «Газпромбанк» директоры, Ресей рыногындағы ірі сақтандыру компанияларының бірі «Согаз» компаниясының басқарма төрағасы. Былтыр кіші Иванов әкесінің лауазымының оның «Газпромбанктегі» қызметін қиындататынын ғана айтқан. Басқа комментарий беруден баст тартты.

Дмитрий Патрушев. 38 жаста. Ресей қауіпсіздігі кеңесінің бастығы Николай Патрушевтің ұлы. 2010 жылдан бері Ресейдің ірі мемлекеттік банктерінің бірі - «Сельхозбанк» бастығы. Ол да өзіне қатысты сауалдарға жауап берген жоқ.

Глеб Франк. Бұрынғы көлік министрі Сергей Франктің ұлы. 2010 жылы Путиннің ескі досы Геннадий Тимченконың қызы Ксенияға үйленген. Бір жылдан соң 32 жастағы Франк иесінің бірі Тимченко саналатын ірі құрылыс компаниясы «Стройтрансгаз» директорлар кеңесінің құрамына кіргізілген. Сонымен қатар Франк Тимченконың акциясын сатып алу арқылы балық өсірумен айналысатын «Русская Аквакультура» компаниясынлдағы үлесін де арттырған. Биылғы маусым айында бұл компанияның құны 26 миллион долларға бағаланған. Франктің маңындағылардың айтуынша, акциялар рыноктағы бағамен сатып алынған. Бірақ Глеб Франктің ақшаны қайдан алғаны туралы дереккөз мәлімет бермеді.

P.S. «Газпромбанк» баспасөз қызметі «Андрей Акимов Reuters агенттігіне Катерина Тихонованы Путиннің қызы деп айтпаған» деген мәлімдеме таратты. Онда «Акимов мырза ондай мәлімдеме жасамаған. Акимов сондай салмақты агенттік (Reuters-ті айтады - ред.) журналистерінің оның сөздерін бұрмалағанына таңғалды» деп жазылған. Бұл туралы РБК хабарлады. Ал Reuters агенттігі РБК-ға «Газпромбанк» басқармасының басшысы Андрей Акимовтың айтқан сөздерінің жазбасы бар екенін, сондықтан мақалада қате кетуі мүмкін емес екенін» мәлімдеген.

«РИА Новости» Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың «Reuters мәліметтерін теріске шығарамын. Акимовтың өз аузымен айтқан сөзімен терістеймін. Reuters Акимовтың әлдебір азаматшаны «Путиннің қызы» дегенін хабарлаған. Мен бұл ақпаратты Акимовтың өз сөзімен теріске шығарамын... Ал Путиннің қыздары туралы айтсақ, менде ондай ақпараттар (Путиннің қыздары туралы - ред.) жоқ, менде ондай ақпараттар болуы да тиіс емес, өйткені ол қызметтік міндеттеріме кірмейді» деген сөздерін таратты.

Мақаланы аударған - Сәния Тойкен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG