Accessibility links

Рубльдің 20 жылдағы құлдырау тарихы


Валюта бағамы көрсетілген табло. Мәскеу, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Валюта бағамы көрсетілген табло. Мәскеу, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Мұнай бағасының арзандауынан және Батыс санкциялары кесірінен Ресей рублі құнсызданып барады. Бұл жайт ресейліктерді үрейлендіріп отыр. Бірақ рубль бұған дейін мұндай валюта дағдарысының талайын басынан өткерген.

Осы аптада Ресей рублінің АҚШ долларына шаққандағы бағамы күрт құлдырап, бір доллар 50 рубльден асып кетті. Бұл оқиға ресейліктер соңғы ширек ғасырда бірнеше мәрте басынан өткерген валюта дағдарыстарын еске түсірді.

1998 жылы тамыздың 17-сі күні Ресей үкіметі ішкі қарыздарға байланысты дефолт жариялап, ұлттық валютаны бір күнде төрт есеге арзандатып жіберген еді. Содан бергі рубльдің қатты құлдырауы желтоқсанның 1-і күні болды.

Борис Ельцин тұсында Ресей қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған Сергей Алексашенко «валюта нарығындағы қазіргі дүрбелең елдің жаңа тарихындағы сол бір алмағайып кезеңді еске түсіретінін» айтып, «Ол жолы психология қатты әсер етіп кеткен еді - қарапайым азаматтар мен бизнес өкілдері ұлттық валютаға сенбеді, олар рубльді тастай қашуға әзір болды. Мұндай сезім дүрбелеңге ұласқанда, Орталық банкке девальвациядан қашып құтылу өте қиынға соғады» дейді.

Дегенмен, Ресей үшін валюта дүрбелеңі таңсық нәрсе емес. Соңғы ширек ғасырда Ресей мұндай дағдарысты бірнеше мәрте басынан өткерген.

Рубльдің құнсыздануына қатысты Мәскеуде жүргізілген сауалнама:

СССР-ДІҢ КҮЙРЕУІ

Совет Одағының соңғы жылдарында үкімет тұралаған экономиканы түзей алмай, монетарлық саясатын сан мәрте құбылтты, ал ол ел ішінде дүрбелең тудырды.

1991 жылы қаңтарда СССР президенті Михаил Горбачев көлеңкелі экономикадағы валюта сатуды тоқтату үшін 50 және 100 рубльдік банкноттарды айналымнан алып тастау туралы жарлық шығарды. Совет азаматтарына ескі ақшадан құтылуға бар-жоғы үш күн уақыт берілді. Нөпір халыққа қызмет көрсете алмай банктер әбігерге түссе, бұлайша шұғыл шешім шығарғаны үшін халық үкіметке наразы болды.

Совет Одағының мемлекеттік банктері шетелдіктер мен шетелге шығатын азаматтарға долларды «туристік бағамен» (1 доллар 6 мен 27 рубль аралығында болған – ред.) сатып келген болатын.

1991 жылдың соңына дейін рубль арзандай берді де, доллар ресейліктердің сүйікті валютасына айналды. Сол жылы желтоқсанның басында бір доллардың құны 100 рубльге жетті. Сол айда Совет Одағы да тарап кетті.

ШҰҒЫЛ РЕФОРМА

Совет Одағы ыдырағаннен кейін Ресейде Борис Ельцин үкіметі шұғыл реформа жүргізді. Бірнеше жылдың ішінде рубльдің жылдам құнсызданғаны сондай, халықтың осы валютамен жиған ақшасы тиын-тебенге айналды.

Ресей рублі.

Ресей рублі.

1994 жылы қаңтар айында рубльдің құнсыздануын тоқтату үшін Ресей үкіметі ел ішінде АҚШ долларымен және басқа да шетелдік валютамен тауар саудалауға тыйым салды.

Сол жылы қазан айында рубль бір-ақ күннің ішінде 27 пайызға арзандап сала берді. Бұл күн «қаралы сейсенбі» аталып кетті. Содан кейін ғана Орталық банк рубльді құтқару шараларын шұғыл қолға алды. Ресей үкіметі 1998 жылғы қаңтарда ұлттық валютасын нығайтып, рубльдің соңындағы үш нөлді алып тастады. Яғни 6 мың рубль болып тұрған 1 доллар 6 рубль болды.

ТАМЫЗ ДҮРБЕЛЕҢІ

1998 жылы тамыз айында Ресей дефолт жариялап, көптеген банктері банкротқа ұшырады, ал халықтың жиған ақшасы тағы құнсызданып кетті. Тамыздағы девальвация аса ауыр қаржы дағдарысына ұласып, бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде доллар бағамы 6-дан 16-ға қымбаттады, ақырында бір доллардың бағасы 24 рубльге жетіп тұрақтады. Бір жыл ішіндегі инфляция деңгейі 84 пайызға шарықтап, Ресейдің жалпы ішкі өнімі көлемі 4,9 пайызға төмендеді.

Экономикалық дағдарысқа ұшыраған ел үшін жақсы жаңалық – ішкі өнімге деген сұраныс артты, себебі сырттан келетін тауар көз ілеспес жылдамдықпен қымбаттап кетті. Бұл импорт көлемін күрт азайтты.

«ҰЛЫ ДЕПРЕССИЯ»

Бұдан кейін мұнай бағасы біртіндеп қымбаттап, Ресей экономикасы 10 жыл бойы үздіксіз өсумен болды. Алайда 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде энергоресурстар қайта арзандап, бұл Ресей экономикасына да, рубльге де ауыр соққы болып тиді. Сол жылы тамыздың басында бір АҚШ доллары 23,4 рубль болып тұрса, 2009 жылдың қаңтар айында Ресей ақшасы 35 пайызға бірден арзандады.

Ресей үкіметі бұл дағдарыстан шығу үшін сырттан қарыз алып, валютаны біртіндеп арзандататын «бақылаудағы девальвацияны» жүзеге асырды. Сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Владимир Путин «бұл саясат ресейліктердің жиған ақшасын кәдеге жаратып үлгеруіне мүмкіндік береді» деді.

«СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ АВАНТЮРАЛАР»

Кезінде Ресей қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған Сергей Алексашенконың айтуынша, «рубльдің бұл жолғы құнсыздануына мұнай бағасының арзандауы және Кремльдің Украина дағдарысына байланысты әрекеттері, соның ішінде Қырымды аннексиялауы және Батыс санкциялары себеп болып отыр».

Экономист Сергей Гуриев.

Экономист Сергей Гуриев.

Ресейлік белгілі экономист, «Сбербанктің» бақылау кеңесінің бұрынғы мүшесі Сергей Гуриев бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, реформалардың тоқырауы және сыбайлас жемқорлықтың өршуі жағдайды одан сайын ушықтырып отыр.

- Рубль екі құбылыстың – мұнай бағасының және капиталдың сыртқа кетуінің көрсеткіші қызметін атқарады. Мұнай бағасы арзандап барады, бірақ бұл біздің ішімізде болып жатқан нәрсе емес. Алайда капиталдың сыртқа кетуі, керісінше Ресейге мүлде аз келуі – өзіміз қолдан жасаған жағдай. Бұл сыртқы саясаттағы көзсіздігіміздің және санкциялардың кесірі. Оның үстіне, реформалар баяу жүріп жатыр, бұл инвесторлардың Ресей экономикасы өседі деген сенімін азайтады. Егер Ресей жақсырақ саясат, бұдан дұрысырақ сыртқы саясат жүргізгенде рубльдің қуаты да қазіргіден мығым болар еді, – дейді сарапшы.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG