Accessibility links

Түркия-Ресей жанжалында Орталық Азия кімге жақтасады?


Түркия-Ресей қатынастары бұзылғалы жағдайды жіті бақылауға көшкен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Түркия-Ресей қатынастары бұзылғалы жағдайды жіті бақылауға көшкен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәскеу мен Анкараның арасындағы ұшақ құлатылғаннан кейін туған араздықтың басылатын түрі байқалмайды. Бұл жанжал екі елмен де жақсы қарым-қатынас орнатқан мемлекеттерге қиын соғатыны белгілі еді. Ол елдердің басшылары аңдап сөйлеуге, тіпті қысылтаяңда таңдау жасауға мәжбүр болып жатыр.

Ресей мен Түркияның біреуіне жақтасқан көңіл-күйді Орталық Азия елдері мен Әзербайжаннан анық байқауға болады. Азаттық радиосының Түркімен қызметі сарапшылармен пікірталас өткізіп, Ресей-Түркия жанжалының ортасында дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға тырысып жатқан түркі елдерінің жай-күйін талқылады.

Пікірталасты Азаттық радиосы Түркімен қызметі директоры Мұхаммад Тахир жүргізді. Сұхбатқа Мәскеудегі Ауғанстан мәселелері орталығы және Ресей халықаралық қатынастар кеңесі сарапшысы Никита Мендкович, Стамбулдағы Сехир университетінің халықаралық қатынастар профессоры Вугар Иманбейли қатысты.

Әңгіме басталғанда-ақ сарапшылар бұл жанжалда бұрынғы Совет Одағы құрамында болған түркітілдес мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Өзбекстанға дипломатиялық тепе-теңдік сақтау қиын болатынын айтты.

Иманбейлидің сөзінше, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан «өз позицияларын ішке бүгіп, бұл конфликтіден аулақ тұруға тырысады, себебі олар Ресеймен де, Түркиямен де жақсы қарым-қатынас орнатқан».

«НАЗАРБАЕВ РЕСЕЙГЕ ОЙЫСТЫ»

Бірақ кейбір елдер екі жақтың біріне көбірек жақтасатынын білдіріп жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. Астана, 15 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. Астана, 15 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәселен, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ұшақ Түркияның әуе кеңістігін бұзса да, бұзбаса да Анкараның оны атып түсіргені дұрыс болмады» дегенге саятын пікір білдірді. Назарбаев қарашаның 30-ы күнгі сөзінде "Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, Түркияға қарсы ұшқан жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған" деп мәлімдеді. Оның бұл сөзі Ресей президенті Владимир Путиннің «Ресей ұшағы Түркияға қауіп төндірген жоқ» деген пікірін қайталайды.

Қазақстан президенті ​тепе-теңдікті сақтау үшін «Қанша қиын болса да, біріккен комиссия құрып, тез арада тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, жазасын беріп, қателерді мойындап, байланысты қайта орнату қажет. Достарымыз Ресей мен Түркияға осыны ұсынамыз» деді.

Сарапшы Мендкович Назарбаевтың бұл сөзіне қатысты «Басқа біраз елдің қатарында Қазақстан да бұған өкініш білдірді, әрі олар жанжалды әуелі Түркия жағы реттеуге тырысуы керек деп санайды. Назарбаевтың мұндай пікір айтуының да себебі сол» дейді.

«ӘЛИЕВ ТҮРКИЯНЫ ЖАҚТАДЫ»

Түркия премер-министрі Ахмет Давутоглу Назарбаевтың осы мәлімдесінен бірнеше күн өткенде Каспий теңізінің екінші жағалауына - Әзербайжан астанасы Бакуге барды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. (Көрнекі сурет)
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 4-і күні университет студенттері алдында сөйлеген Ахмет Давутоглу: «Түркия мен Әзербайжан әрдайым бірін-бірі қолдап келген, бұдан ары да қолдай береді» деді.

Сол күні Ахмет Давутолгу Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Басқосуда Әзербайжан президенті Түркия премьерінің пікірін қайталап, «Бұл саясат ешқашан өзгермейді. Бұл саясат әділдікке және біздің өткен тарихымызға негізделген» деп мәлімдеді.

ГАЗ ҚҰБЫРЫН САЛУ ЖЕДЕЛДЕЙДІ

Давутоглу келер қарсаңда Әзербайжан ресми тұлғалары «Транс-Анатолия» газ құбырын (TANAP) салуды жеделдететіндерін айтқан. Бірлесіп өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Ильхам Әлиев пен Ахмет Давутоглу бұл жаңалықты тағы да қайталады. TANAP газ құбыры арқылы Әзербайжан газы Еуропаға жеткізіледі, ал Түркия транзиттік ел ретінде одан өз үлесін алып отырады.

Әзербайжаннан Еуропаға Түркия арқылы тартылатын газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)
Әзербайжаннан Еуропаға Түркия арқылы тартылатын газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)

Түркия «Көгілдір ағын» құбыры арқылы Ресейден жылына 16 миллиард текше метр газ сатып алып келген, енді екі ел арасындағы жағдайдың ушығуы кесірінен бұл келісім бұзылуға шақ тұр. TANAP құбыры іске қосылған бастапқы кезеңде Түркия Әзербайжаннан 6 миллиард текше метр газ алып тұрмақ, әрі газ көлемі жыл сайын ұлғая бермек. Құбыр 2018 жылдың соңына дейін салынып бітеді деп жоспарланған.

Профессор Иманбейлидің айтуынша, Әзербайжан Түркияны ашық қолдағанымен, «Түркия мен Ресей арасының ушыққанын қаламайды, себебі бұл шиеленістен оның өзі де зардап шегеді». Түрік сарапшысының айтуынша, Ресей ұшағын құлатқан соң түрік басшылары «Путинмен арада ара ағайындық ету жөнінде Әзербайжан мен Қазақстанға қолқа салған».

«ЕАЭО МҮШЕЛЕРІНЕ ҚИЫН ТИЕДІ»

Ресейдің Түркияға салған санкциялары Қазақстан мен Қырғызстанға көп зардап келтіруі мүмкін. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше мемлекеттер – Қазақстан және Қырғызстанмен Түркия тауарларын Ресей аумағы арқылы тасымалдауды шектеу, тіпті тоқтату жайын талқылайтынын айтты.

Мендковичтің айтуынша, «[Орталық Азияға бет алған] түрік тауарлары көбіне Ресей жері арқылы өтеді. Сондықтан, әрине, одаққа (ЕАЭО) мүше елдер жағдайды талқылауы керек, себебі бұл – жаңа проблема. Жаңа жағдайға байланысты қалай жұмыс істейтіндерін барлығы білуі тиіс».

Қазақстан, Қырғызстан, Ресей тулары. (Көрнекі сурет)
Қазақстан, Қырғызстан, Ресей тулары. (Көрнекі сурет)

Сұхбат барысында «Егер таңдау жасау қажет болса, Орталық Азия елдері қандай негіздерге сүйенген болар еді?» деген мәселе де талқыланды.

Назарбаевтың позициясына Ресеймен арадағы 6 мың 800 километр шекараның ықпалы болатыны түсінікті. Ал Түркіменстан Түркиямен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан әрі Ресеймен сауда көлемі жыл санап кеміп барады.

Сұхбатқа қатысушылар «Ресей ақпарат құралдарының ықпалында отырған халықтар Мәскеудің пікіріне қарай ойысып кетпей ме?» деген мәселені де талқылады.

Иманбейлидің айтуынша, «Қазір 1990 жылдар емес - Совет Одағы құлағалы 25 жыл өтті. Орталық Азия елдері мен Әзербайжаннан Түркияға барып оқып, жұмыс істеп жатқандар көп, олар әлемде болып жатқан жайттарға түрік баспасөзі тұрғысынан қарайды».

please wait

No media source currently available

0:00 0:36:37 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG