Accessibility links

Мәскеудің Қырым татарларына қатысты «тактикасы»


Қырым татарлары мешітте намаз оқып тұр. Қырым, Симферополь, 7 наурыз 2014 жыл.

Қырым татарлары мешітте намаз оқып тұр. Қырым, Симферополь, 7 наурыз 2014 жыл.

Қырым татарлары Ресей аннексиясына қарсылық білдіріп келеді. Кремль оларды «көндіруге» Татарстан шенеуніктерін жұмсап отыр. Шенеуніктер Ресейге қосылу тиімді екенін дәлелдеуге тырысып жатыр.

Мамырдың 18-і күні Татарстан астанасы Қазан қаласында бір топ белсенді мен жергілікті тұрғындар жиналып, 1944 жылы Сталиннің Қырым татарларын депортациялағанына 70 жыл толуына байланысты еске алу шарасын өткізеді. Сол жылы Қызыл армия 200 мыңнан астам Қырым татарын мал таситын вагондарға мінгізіп, Ресей мен Орталық Азияның қиыр түкпіріне жер аударған.

Бірақ Қазандағы белсенділер өткізетін шараға Татарстанның ресейшіл билік өкілдері қатыспайды.

Татарстан астанасында өтетін шағын шара екі татар қауымдастығы арасындағы қарым-қатынастың күрделі екенін көрсетеді. Мәскеу Қазандағы ресейшіл шенеуніктерді Қырым татарларының аннексияға қарсылығын басуға пайдаланып отыр.

Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Жемилев мамырдың 5-і күні Киевте өткізген баспасөз мәслихатында: «Ресей қазір Қырым татарларын өз жағына шығаруға тырысып жатыр, бірақ ол әрекеті нәтиже бермеді. Сондықтан да олар Қырымға Қазан татарларын әкелді. Қырымдағы Қазан татарларының басшысы Рустам Тимергалиев – Кремльдің өкілі, Қырым премьер-министрінің орынбасары» деді.

«БӨЛІП АЛ ДА, БИЛЕЙ БЕР»

Азаттыққа сұхбат берген Жемилев «бізді екіге бөлуге тырысады» дейді. Оның айтуынша, Татарстандағы билік «Ресейде бәрі жақсы, Қырым татарлары үшін Ресей құрамына қосылу тиімді» деген идеяны насихаттайды.

Қазандағы саясаттанушы Рашид Ахметов: «Кремль «бөліп ал да, билей бер» стратегиясын жүзеге асыру үшін Қазан татарларын пайдаланады» дейді.

Аннексия жасағанға дейін де Мәскеу Қырым татарларының ынтымағын бұзу үшін Татарстан шенеуніктерін пайдаланып келді. Ал Қырым татарлары Киевпен бір болуды қалап, «еуропалық интеграция азшылық ретінде құқығымызды қорғауға мүмкіндік береді» деп үміттенді.

Наурыз айының басында Татарстанның ресейшіл президенті Рустам Минниханов Қырымға екі рет келіп, Қырым татарларын Кремльдің «ізгі ниетінен» құлағдар етті. Минниханов Қырым татарлары Меджлисі өкілдерімен жолықты. Бұл соңғы 20 жылдағы екі татар қауымы арасындағы алғашқы ресми кездесу болды.

Мәскеу сол кезде «Қырымда татар тіліне ресми мәртебе беретінін, үкіметтегі татар өкілдеріне квота тағайындайтынын, Меджлисті заңды түрде мойындайтынын» айтып, Қырым татарларының көңілін жібітпек болды. Кейін одан нәтиже шықпайтынын ұқты.

Қырымда Татарстан өнерпаздарының фольклорлық концерті қойылған кезде оған Қырым татарлары аз жиналды. Ресейлік әскери базада өткен шарада залдың жартысы ғана толды.

ВИДЕО: Қазан татарларының Қырымдағы концерті

Миннихановпен кездесуден соң бірнеше күн өткенде Меджлис Қырым тәуелсіздігіне қатысты референдумға бойкот жариялауға шақырды. Солайша Қырым татарлары Ресейге қосылуға үзілді-кесілді қарсы екендерін білдірді.

«БАТЫС ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ»

Ресей түбекті аннексиялағалы Қырым татарлары қауымдастығы мен қазіргі Қырым билігінің қарым-қатынасы нашарлады. Осы айда облыс прокуроры «Меджлисті экстремистік ұйым ретінде жабамыз» деп қорқытты. Қырым татарлары лидері Жемилевке Ресейге (Қырымға – ред.) кіруге 5 жылға тыйым салынды.

Қырымның қазіргі билігі Қырым татарларын мамырдың 18-і күні өтетін еске алу шарасы кезінде саяси мәлімдеме жасаудан аулақ болуға шақырды.

Мамырдың 13-і күні Қазан қаласында сөйлеген Қырым парламенті жетекшісі Владимир Константинов: «Меджлис бұрыннан Ресейге қарсылық танытып келеді, қазір оны Киев арқылы Батыс қаржыландырып отыр» деп мәлімдеді.

Ал Мәскеу Қырымға әкелген Татарстан шенеуніктері: «Ежелгі Қырым татарларының астанасы Бақшарасай ауданын дамытамыз» дейді.

Қырымдағы Татарстанның ресми өкілі, Қырым премьерінің орынбасары Рустам Тимергалиевтің әкесі Ильмир Тимергалиев: «Татарстан мұнай компаниясының сарапшылары тұрғындардың ауызсу мәселесін шешуге көмектесіп жатыр. Татарстаннан екі сарапшы ғалым Бақшасарайға келді. Олар су шығатын жерлерді анықтап жатыр. Сарапшылар «Татнефть» мұнай компаниясы геолог-барлаушыларымен бірге жұмыс істейді. Скалисте (Скалистое – ред.) ауылында су жоқ, олар соны табады» деді Азаттыққа.
Қырым татарлары Киевтен келген Мұстафа Жемилевті Қырымның әкімшілік шекарасында қарсы алып тұр. Бірақ Ресей әскері оны елге кіргізбеді. 3 мамыр 2014 жыл.

Қырым татарлары Киевтен келген Мұстафа Жемилевті Қырымның әкімшілік шекарасында қарсы алып тұр. Бірақ Ресей әскері оны елге кіргізбеді. 3 мамыр 2014 жыл.

​Әлемдегі татар қауымдастықтары Қазан мен Қырым татарларын бір-біріне қарсы қойған Мәскеудің қитұрқы әдісіне алаңдайды. Польшадағы татар мәдени орталығының төрағасы Ежи Шахуневич Еуропарламенттен Брюссельде тәуелсіз татар өкілдігін құруды сұрады.

Оның пікірінше, Татарстан үкіметі мен оның өкілетті органы – Дүниежүзілік татар конгресі «Ресейдің бақылауымен әрекет етеді». Ол Азаттыққа мамырдың 7-сі күні берген сұхбатында «Татарлар мен Еуропа арасында байланыс орнатуды ұсынып отырмыз. Румын татарлары, Қырым татарлары - барлық татарлар осы өкілдіктің құрамына кіреді. Сондықтан әлемдегі барлық татар қауымдастықтары бір-екіден адам жіберсе, сонда олар татарлардың көзқарасын білдіріп отыратын еді» деді.

Қырым татарларының жетекшісі Жемилев Татарстандағы ресейшіл билік пен татар халқын бөліп қарайтынын айтады. Ол Азаттыққа сәуір айында берген сұхбатында: «Татарстан билігі мен татар халқының позициясы бір деп ойламаймыз. Татарстан билігі - Кремльдің бір бұтағы, әйтпесе олар билікте отырмайды» деген еді.

АДАМГЕРШІЛІК ҮЛГІСІ

15-ғасырда Алтын Орда ыдыраған соң татарлар бірнеше қауымға бөлініп кетті. Олар 20-ғасырдың басында байланысын күшейтуге әрекет жасады. Бірақ 1917 жылы большевиктер төңкерісінен кейін Совет Одағы әр этникалық топтың тұрғылықты жерінде оқшау отырғанын қалады. Одан бөлек, Мәскеу оларды бір-біріне айдап салды. Мысалы, Қырым татарларының жартысы қаза тапқан 1944 жылғы депортация кезінде олар қамалған лагерьлерге Қазан татарлары басшылық жасады.

Бірақ Қазандағы сарапшы Ахметовтың айтуынша, екі топ арасында бауырластық қарым-қатынас сақталып қалған. «Ештеңеге қарамастан, көптеген Қазан татарлары Қырым татарларын қолдайды. Тіпті олар қырымдықтарға позициясын өзгертпейтін адамгершілік үлгісі ретінде қарайды» дейді Ахметов.

ВИДЕО: Қырым татарларының 1944 жылғы депортацияны еске алу шарасы

Жемилевке де «адамгершілік үлгісі» ретінде қарауға болады. 1943 жылы дүниеге келген ол алты айлық сәби кезінде отбасымен бірге депортацияға ұшырап, Өзбекстанға жіберілген. 18 жасынан бастап Жемилев Қырым татарларының атынан сөйлеп келеді. Ол 1966-1986 жылдары советтік жүйеге қарсы әрекеті үшін алты рет тұтқындалды. Жемилев 1989 жылы Қырымға оралды.

Мамырдың 18-і күні депортация құрбандарын еске алатын Қазан (Татарстан) белсенділері арасында жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де бар. Олар сәуір айында Жемилевті Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынған еді.

(Алсу Курмашева мен Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG