Accessibility links

Путин: Сирия президенті Асадқа баспана беруіміз мүмкін


Ресей президенті Владимир Путин мен Сирия президенті Башар Асад. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Сирия президенті Башар Асад. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Путин Сирия президенті Башар Асад елінен кетуге мәжбүр болса оны Ресейде паналатуы мүмкін екенін мәлімдеді

Владимир Путин "Ресей мемлекеті Сирия президенті Башар Асадқа егер ол елін тастап кетуге мәжбүр болған жағдайда саяси баспана беруі мүмкін" деп мәлімдеді. Ресей президенті немістің Bild басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Путин сұхбатында "Ресейде Асадқа саяси баспана бергеннен Эдвард Сноуденге баспана берген ілдеқайда қиын болды" деген.

"ӘУЕЛІ - САЙЛАУ, СОСЫН КӨРЕ ЖАТАРМЫЗ"

Алайда оның сөзінше, "Сирия қақтығысына қатысушы тараптар өткен жылы мақұлдаған бейбіт келісім жоспары бойынша Ресей үкіметі Асадқа Сирияда өтпелі үкімет құру үшін баспана бергелі жатыр деуге әлі ерте".

Путин "Әуелі Сирия халқы дауыс беру құқығына ие болуы тиіс. Егер Асад сайлауда жеңіліп, елден кетуге мәжбүр болған жағдайда, оны көре жатармыз" деген.

Путин Асад Сириядағы қақтығыс кезінде "біраз қателік жасады" деп ойлайтынын айтқан. Бірақ ол "сырт жақтан қару-жарақ, қаржы және жасақпен қолдау көрсетілмегенде Сирияда қақтығыс мұндай ауқымды болмас еді" деді.

Ресейдің Сириядағы әскери базасындағы әскери ұшақтары. Латакия, 16 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейдің Сириядағы әскери базасындағы әскери ұшақтары. Латакия, 16 желтоқсан 2015 жыл.

Путин Ресейдің Асадты "Сирияны басқарылмайтын мемлекет болудан, ыдырап кетуден сақтау үшін қолдап отырғанын" айтты.

"Біз Сирияның Ирак немесе Ливия сияқты құрып кеткенін қаламаймыз. Египетке қараңызшы, президенті Ас-Сиси төтенше жағдай төнгенде жауапкершілік пен билікті қолына алды. Бұл үшін оған құрмет көрсетілу керек" деді Путин.

ИРАН-САУД АРАБИЯСЫ ҚАҚТЫҒЫСЫНА ПІКІРІ

Ресей президенті бұған қоса, Сауд Арабиясы мен Иран арасында өткен аптада ушыққан араздық Таяу Шығыстағы сүнниттер мен шииттер (ислам дінінің ағымдары - ред.) қақтығысын қоздырып кеткені, оның Сирияда бейбіт келісімге келуді қиындататынын айтты.

"Бұл оқиға аймақтағы үлкен қақтығысқа әкеліп соқтыра ма, жоқ па - оны білмеймін. Мен бұл мәселеде сөйлеспеуді, тіпті ойланбауды қалайтын едім" деген Ресей президенті.

Сауд Арабиясы қаңтардың 2-і күні шиит діни тұлғасы шейх Нимр әл-Нимрге өлім жазасын орындаған еді. Әл-Нимрдің қазасынан соң Тегерандағы Сауд Арабиясы елшілігі мен елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында саудиялық консулдыққа шабуылдар жасалды. 3 қаңтар күні Сауд Арабиясы Иранмен дипломатиялық қатынастарын үзген. Кейін Бахрейн мен Судан да осындай шешім қабылдаған. Ал Біріккен Араб Әмірліктері Иранмен байланысы барынша шектелетінін мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. Мексика, 18 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. Мексика, 18 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Сириядағы азамат соғысы 2011 жылы басталған еді. Мәскеу елдегі өтпелі кезеңде Башар Асадтың билікте қалғанын қолдайды. Ал Батыс елдері Асадтың билікте қалғанына қарсы болып келеді.

Сирия президенті Башар Асад 20 қазан күні Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинге әскери қолдауы үшін алғыс айтқан еді. Ресей Сирияда 2015 жылғы 30 қыркүйектен бері "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) содырларына қарсы әуе операцияларын Латакия провинциясындағы үкіметтік Базел әл-Асад базасынан жүргізіп жатыр. Кейбір бақылаушылар Ресей Асадқа қарсы көтерілісшілерді бомбалап жатыр деп Кремльді айыптайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG