Accessibility links

ИМ-нен сақтанған Мәскеу мигранттарды тұтқындай бастады


Мәскеу полициясы мигранттарды ұстап жатыр. (Көрнекі сурет)
Мәскеу полициясы мигранттарды ұстап жатыр. (Көрнекі сурет)

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы ықпалынан қауіптенген Ресей полициясы осы аптада мұсылман мигранттарды тұтқындады. Тергеушілер «олар Сирияға ақша аударуы мүмкін» дейді.

Қазанның 28-і күні Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Мәскеуде «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымымен байланысы бар деген күдікпен ондаған ер адамды тұтқындады.

«ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІМЕН» КҮРЕС

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, олардың арасында Әзербайжанның алты азаматы «ИМ-ге көмектесті» деген күдікке ілінген. БАҚ дерегінше, олардың алтауы да - Мәскеудің орталығындағы көлік жөндеу бекетінде жұмыс істейтін азаматтар. ФСБ-нің баспасөзге жолдаған мәлімдемесінде «олар жалақыларының бір бөлігін Сирияға жөнелтіп отыруы мүмкін» және «басқа әзербайжан мигранттарын Сирияға баруға үгіттеді деген күдік бар» деп жазылған.

Биліктің бұл әрекетіне қарап Ресейдің ИМ ультра-радикалдық ұйымынан және басқа да экстремистік идеологиялардан қауіптенетінін байқауға болады.

Қазанның 29-ы күні «Вести» радиосына сұхбат берген Орталық Азия, Кавказ және Волга-Урал аймақтарын зерттеу орталығының директоры Семен Багдасаров «Ресей ИМ-мен күрес шараларын бастауы тиіс» екенін айтты.

- Полиция содырлардың Мәскеудегі сыбайластарын ғана емес, оларға қаржылай көмек көрсетіп, адамдарды Сирия мен Иракқа соғысқа баруға үгіттеушілерді де ұстай бастағаны оларға қарсы нақты шаралар жасауға әлдеқашан кірісуіміз керек болғанын көрсетеді, - дейді ол.

Қазанның 27-сі күні Ресей бас прокурорының кеңсесі «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ИМ-ге қатысы аккаунттарды жапқанын мәлімдеді. Мигранттарды тұтқындау - осы мәлімдемеден соң болған шаруа. Бұл әрекеттер Ресей билігінің экстремистерге қарсы шараларды қатайту ниеті бар екенін, ел ішінде оларға қарсы насихаттың да күшейетінін байқатады. Расымен де ИМ Ресейдің ішкі тыныштығына қауіп төндіре ме?

«Негізінен Кавказдың солтүстігінен шыққан Ресей азаматтары, оған қоса постсоветтік елдердің орыстілді тұрғындары 2012 жылдың соңынан бері Сирияда соғысып жатыр» деген дерек бар. Кавказдың теріскейінен шыққан содырлардың ИМ-мен бірігіп, Сирияда соғысып жүргені кейінгі айларда мәлім болған.

Youtube желісіндегі видеодан алынған скриншот. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының қара туын Ирак жерінде көтеріп тұрған содыр. (Көрнекі сурет)
Youtube желісіндегі видеодан алынған скриншот. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының қара туын Ирак жерінде көтеріп тұрған содыр. (Көрнекі сурет)

Мұнан соң «ИМ Ресейге қауіп төндіреді» деген пікірлер айтыла бастады. Бірақ Ресей ішінде діни экстремистер мен террор қаупі бұрыннан бар. ИМ пайда болғанға дейін де Ресей өз ішіндегі мұсылмандардың радикалдануынан қатты қауіптенетін. Әсіресе Солтүстік Кавказ сияқты аймақтар тұрғындары мен ислам дінін қабылдаған этникалық орыстарға күмән көп еді.

2013 жылдың желтоқсанында Волгоград вокзалында екі бірдей жарылыс болып, екі күн өткенде қалада тағы бір автобус жарылды. Бұл жарылыстарға Ресейден шыққан «Кавказ әмірлігі» содырлар ұйымы айыпты деп танылды.

Сонымен, кейінгі күндері Ресейдің ИМ-нен сақтана бастауына не түрткі болды? Багдасаров «Вести» радиосына берген сұхбатында мұның бір себебін тұспалдап, «қауіпсіздік қызметкерлерін Мәскеудегі еңбек мигранттары алаңдатып отыр» деді.

МИГРАНТТАР КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты постсоветтік елдерден Ресейге келген мұсылман мигранттарды ИМ өз қатарына тартуы мүмкін деген қауіп күшейіп тұр. Өткен жылы Мәскеуде көбейіп кеткен мигранттарға қарсы орыс ұлтшылдарының толқуы болған еді.

Багдасаров Орталық Азияның постсоветтік елдерінен келген мигрантқа виза беру талаптарын күшейтуді ұсынады. Оның сөзіне қарағанда, «осы аймақтан келген мигранттардан қауіп көбірек».

Семен Багдасаров.
Семен Багдасаров.

- Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Оңтүстік Кавказдағы Әзербайжан елдерінің азаматтары ИМ-ге қосылып, соғысқа қатысып жатыр. Кейін олар еліне оралған соң Ресейге келіп, сол істерімен қайта айналысуы мүмкін, - дейді ол.

Бір жағынан содырлар ұйымына жақын деген интернет сайттарды жауып, күдіктілерді тұтқындаған Ресей билігі қоғамға ИМ-ге қарсы белсенді күресіп жатқанын көрсеткісі келеді. Солайша Ресей ел ішіндегі террормен күресуге қабілетті екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін.

Бірақ ИМ-ді «сырттан келген қауіп» деп сипаттайтын Мәскеу Солтүстік Кавказ мәселесін бұған араластырғысы келмейді. Кремль ИМ-нің әлегіне АҚШ немесе басқа бір Батыс елдерін айыптауға бейім. Ресей АҚШ-ты «ИМ-ді құруға көмектесті» деп кінәлайды.

Ресей үкіметі мен қауіпсіздік қызметінің алаңдаушылығынан бөлек, ИМ қарапайым азаматтардың да көңілін күпті етіп қойды. Осы апта тараған дерекке қарағанда, ИМ содырлары Ресей азаматы Сергей Горбуновты Сирияда жүрген жерінен 2013 жылдың қазан айында қолға түсірген. Ол YouTube желісіне шыққан видеосында өзін босату үшін ИМ-нің құн сұрап отырғанын айтқан.

Горбуновты этникалық шешен, кейін ИМ-нің командирі болған Умар Шишани басқаратын «Жейш-әл-Мухаджирин уәл-Ансар» ұйымының содырлары тұтқынға алған. Шишани бұл топтан басқа жасаққа ауысқанда Горбуновты да ала кеткен. Тағы бір Ресей азаматы - Константин Журавлев (турист) Сириядағы «Лива әл-Таухид» ұйымы содырларының қолында тұтқында отыр.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG