Accessibility links

Ресей украиналықтарды соттауға кірісті


Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Ресей түрмесінде отыр.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Ресей түрмесінде отыр.

Ресей соты украиналық ұшқышты соттамақ. Одан бөлек, Мәскеу Украина ішкі істер министрі мен облыс губернаторын тұтқындау керек дейді. Екі ел арасын осы жағдайлар одан бетер ашып барады.

Украина мен Ресей арасында қақтығыс шығыс Украина қалаларындағы соғыс пен БАҚ арасындағы ақпараттық майданнан аса жайылып, әлеуметтік желілердегі жанжал мен банктер арасындағы араздыққа ұласты. Енді бұл кикілжіңге Ресей соттары да килігіп отыр.

«КӘДІМГІ АДАМ ҰРЛАУ»

Дәлелдері жеткіліксіз соттың әділ өтуі кәдік. Бірақ ресейлік заңгерлер украиналықтарға қарсы іс қозғап отыр. Шілденің 6-сы күні Мәскеу соты Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваковқа сырттай үкім шығарды.

Аваковке «кісі өлтіруді ұйымдастырған, журналистерге кедергі жасаған және басқа да қылмыстарға қатысы бар» деген айып тағылды. Мәскеу соты Днепропетровск губернаторы Игорь Коломойскийге де осы айдың басында осындай айыптар таққан еді.

Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбат берген құқық қорғаушы, Мәскеудегі Хелсинкий комитетінің мүшесі Валерий Борщев «Осындай ойдан шығарылған айыптаулар - үлкен ақпараттық кампанияның бір бөлігі. Бұл хикаяның бәрі - адамдарды адастырудың қамы, Ресейдің әдейі жасап отырған пропагандасы» дейді.

Украина ұшқышы Надежда Савченко.

Украина ұшқышы Надежда Савченко.

Бірақ украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға қатысты жағдай бұдан бөлек. 33 жастағы Савченко маусым айында шығыс Украинадағы Луганск маңында тұтқынға түсті. Содан соң оның ресейлік Воронеж қаласының түрмесінен бір-ақ шыққаны анықталды.

Ресейлік тергеушілер «ол өзін босқын ретінде таныстырып, ешбір құжатсыз Ресей шекарасынан өтіп кетті» дейді. Ал Савченконың туыстары мен Украина сыртқы істер министрлігі «Ресей тарапы оны күшпен алып кетті» деп отыр.

Борщев «Савченкоға қатысты жағдайды пропаганда дей алмаймыз, бұл - болған оқиға және қауіпті құбылыс. Әрине, оны күшпен басқа елге алып кетуге ешқандай заң рұқсат етпейді. Бұл - кәдімгі адам ұрлау. Мұны солай түсіну керек. Көптеген адамдар бұл жағдайды талқылап жатыр. Бөгде елдің азаматын алып келіп, басқа елде соттағалы жатыр. Менің ойымша, бұл - мүлдем заңсыз әрекет» дейді.

Савченкоға маусымның ортасында «Луганск облысында опат болған ресейлік екі журналистің қазасына қатысты бар» деген айып тағылды.

«ҚҰЛ ЕМЕСПІН»

Шілденің 9-ы күні Ресей тергеу комитетінің баспасөз-хатшысы Владимир Маркин осындай айыптың әлі талай адамға тағылуы мүмкін екенін тұспалдады. Ол «Украина аумағындағы әскери қылмысқа қатысы бар адамдардың жауапқа тартылатынын бірнеше мәрте айтқанбыз» деді.

Савченконың ресейлік сот тағайындаған қорғаушысы Николай Шульженконың айтуынша, «Ұшқыш қыз екі ай қамауда отырады. Ары қарай не болары белгісіз». Мұны ол шілденің 9-ы күні хабарлады. Айтуынша, «тергеу мерзімі екі айға созылады, жағдайға байланысты ұзаруы да мүмкін».

Надежда Савченко (сол жақта) ұшақ ішінде отыр.

Надежда Савченко (сол жақта) ұшақ ішінде отыр.

Савченконың отбасы оны дипломатиялық жолмен босатып алуды көздейді. Украина сыртқы істер министрлігі және президент Петр Порошенко Савченкоға қарсы әрекеттерді айыптап, оның «Ресей түрмесінде отырғаны үшін (Ресей тарапы) түсініктеме берсін және дереу босатсын» деген мәлімдеме жасады.

«Шульженконы адвокат қып Ресей тағайындады» дейді Надежданың сіңлісі Вера Савченко. Азаттықтың Украин қызметіне сұхбат берген қыз «Бұдан артық бассыздық бола ма - Украина офицерін заңсыз ұрлап әкетеді де, оған ресейлік қорғаушы тағайындайды. Бұдан қандай нәтиже шығады деп ойлайсыз? Мен Воронежге Украина елшісі және дипломаттарымен бірге барамын деп үміттенемін» деді.

Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Савченко емес. Украина режиссері Олег Сенцовты мамыр айында Қырымда тұтқынға алып, тергеушілер «террорлық актілерге қатысы бар» деген айып тақты. Қазір ол Мәскеуде қамауда отыр.

Оқи отырыңыз: Қырым белсенділері Ресей түрмесінен шыға ала ма?

Шілденің 7-сі күні өткен сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. «Мені Украина азаматтығынан айырғысы келетін әрекеттерге қарсымын. Бұрын да Украина азаматы болғанмын, қазір де солай қала береді» деді Сенцов. Ол «Мен Қырымның Ресей құрамына қосылғанын мойындамаймын, сондықтан Ресей Федерациясы мен Қырымның заңсыз билігі шығарған кез келген шешімді бос сөз, құр сандырақ деп санаймын. Мен жермен бірге сатылатын басыбайлы құл емеспін» деп мәлімдеді.

АҚЫРЫ НЕМЕН ТЫНАДЫ?

Ресейлік оппозиционер Леонид Развозжаевты Ресей қауіпсіздік күштері 2012 жылы қазан айында Киевте тұтқындаған еді. Қазір «Солшыл майдан» жетекшісі Сергей Удальцовпен бірге «Ресей президенті Владимир Путинді биліктен тайдырмақ болды» деген айыппен сотталып жатыр. Прокуратура олардың әрқайсысын сегіз жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Мәскеу соты ғимаратының алдында плакатқа жазылған оппозиция жетекшілері Сергей Удальцов пен Леонид Развозжаевті босату туралы талап.

Мәскеу соты ғимаратының алдында плакатқа жазылған оппозиция жетекшілері Сергей Удальцов пен Леонид Развозжаевті босату туралы талап.

Шілденің 8-і күні адам құқығы жөніндегі Еуропа соты Развозжаевтың шағымын қарауға келісті. Оппозиционер «мені Украинада заңсыз тұтқындап, Ресейге еркімнен тыс күштеп әкелді» деп шағым түсірген.

Ресейлік құқық қорғаушы Борщев Савченконы соттайды дегенге сенбейді. «Оны әлдебір ойын, келіссөздерге кепіл тұтқын етіп апарады. Оны айырбас жасау үшін ұстап отыр деп ойлаймын» дейді ол.

Украиналық құқық қорғаушы Андрей Диденко Савченконың Ресейдегі тағдырына алаңдап, «айыпты мойындату үшін оны азаптай ма» деп қорқады. Дегенмен «Қаһарман қыздың тағдыры соншалық насырға ұласа қоймас, отанына аман-есен оралар деп үміттенемін» дейді құқық қорғаушы.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG