Accessibility links

Ресей постсоветтік көршілерін «потемкиндік демократия» құруға шақырады


Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин. Женева, 1 шілде 2009 жыл.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин. Женева, 1 шілде 2009 жыл.

Орта Азия мемлекеттері басшыларын қазір ең алдымен Таяу Шығыстағы төңкерістердің аймақта қайталану ықтималдығы алаңдатады деп жазады CentralAsiaNewswire қыркүйектің 20-сы күнгі мақаласында.


Маусымның 14-інде Ташкентте кездескен Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Ресей президенті Дмитрий Медведев араб көктемінен төнетін қауіптің алдын алу үшін бірлескен қадам жасау қажеттігін айтқан.

Іле-шала Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының оныншы саммитінде де ұйым мүшелері қауіпсіздікті күшейту қажеттігін баса айтты. Қытай төрағасы Ху Цзинтао тіпті дағдарысқа дереу жауап қату шараларын жетілдіруді ұсынды.

МӘСКЕУДЕН НЕГЕ МАЗА КЕТТІ?

Автордың айтуынша, Мәскеу негізі бұл мәселеге жазғытұрымнан бері алаңдап отыр. Араб көктемінің Орталық Азия аймағына таралуы мәселесі сәуірдің 13-інде Ресей Думасындағы талқылауда сөз болды. Дума мүшелері мен сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин аймақ басшыларына араб елдерінің кебін кимеуі үшін дер кезінде жоғарыдан бастап реформалар жүргізуге шақырды.

Ресейге қажеті аймақтың тұрақтылығы болғандықтан, Григорий Карасин азаматтық қоғамды жоғары жақтан бастап құруға, ұлтаралық және дінаралық бейбітшілікті сақтауға, өмір сүру деңгейі мен білім беру жүйесін жақсартып, жастармен жұмыс істеуге шақырды.

Григорий Карасин аймақ елдері Ресейдің 2003-2005 жылдары түрлі-түсті төңкерістердің алдын алу үшін қолданған саясатын алға ұстап, Мәскеудің қазіргі тәжірибесінен, мысалы, билікшіл «оппозициялық партия» құру тәжірибесінен «үлгі алу керек» деп санайды. «Бұл іс жүзінде шынайы реформаларды болдырмауға және билікке көбірек тетік беру арқылы саяси жағдайды бақылап отыруға құрылған «потемкиндік демократияны» құруға бағытталған» дейді автор.

Бірақ Мәскеудің ұсыныстарына Орталық Азия мемлекеттері басшыларының ешқайсысы құлақ аспады. Қазақстан президенті
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ресей, Астрахан, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев ол ұсыныстарды референдум арқылы емес, едел-жедел сайлау өткізу арқылы бірден іске асырды. Себебі қазіргі жағдайда референдум өткізу тым қате болар еді.

Автор Қазақстанда бұған қоса бақталас кландар мен топтарды теңестіру ойыны жалғасып отырғанын, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев шет елде жемқорлықпен байланысты істің нысанасына алынғанын еске салады. Осындай кезде Назарбаевтың сайлаудан кейін парламент пен аймақтық билік тармақтарын күшейту ниетін білдіргені таң қалдырмайды.

«ПРЕЗИДЕНТТІК-ПАРЛАМЕНТТІК» ЖҮЙЕ

Қазақстанда жемқорлық деңгейі тым жоғары болғандықтан, Назарбаевтың жемқорлықты азайту туралы тапсырмасын жаңа үкіметтің орындауы қиын.

«Астана оған қоса билікшіл және оппозицияшыл партияны жоғарыдан құру реформасын қарастырып жатқан сияқты. Бұл жүйе Назарбаев биліктен кеткен уақытта жұмыс істей беретін «президенттік-парламенттік жүйе» болады-мыс. Осыдан соң Тимур Құлыбаев «оппозициялық партияны» басқарып, Карасин ұсынған потемкиндік демократияны орнатпақ» деген әңгіме тарағанын айтады басылым.

Бұл жоспар режим қарсыластарының ашуына тисе де, олар ешнәрсе істей алмайды. «Назарбаев реформасының мәні – билікті мұрагеріне оңай өткізіп беруге, мұрагер кім болса да, тұтас биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтпеуге саяды.

Назарбаев мұның орнына барынша жабық, бірақ президент пен парламенттің байланысы арқылы өзін-өзі қорғай алатын жүйе құратын сияқты» дейді автор.

Бірақ бұл шынайы реформа мен биліктің жауапкершілігі, заңның күші жоқ болғандықтан құрғақ қиял болып қалмақ. Іс жүзінде бұл Назарбаев биліктен кеткеннен соң жаңа авторитарлық биліктің орнауына я болмаса ұдайы саяси күрестің туындауына себеп болады.

Мұрагер мәселесі әлі күнге шешімін таппағандықтан және ешкім билеуші отбасының
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев (Назарбаевтың оң жағында тұр) шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысушылармен бірге. Астана. 18 мамыр 2011 жыл.

конституцияны өз қалауынша бұра беруін тоқтата алмайтындықтан, Назарбаев биліктен кетпейінше, бәлкім одан кейін де «жоғарыдан демократия орнайды немесе мемлекеттің келбеті өзгереді» дегенге сену қиын.

Басылымның жазуынша, Қазақстандағы осы және өзге де тенденциялар мұрагер мәселесінің шешілмегендігін, жымысқы экономикалық саясат бір ғана адамның «ақылымен» жүргізіліп отырғандығын көрсетеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ «ҚАМҚОРШЫЛАРЫ»

CentralAsiaNewswire басылымындағы мақала авторы Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ресейдің әлеуметтік желілер қызметіне түрлі кедергі келтіріп отырғандарын, ондай тосқауыл қоюдан Орталық Азиядағы басқа ел басшылар да үмітті екенін жазады. Таяуда өткен «Үлкен сегіздік» саммитінде Ресей өкілінің «Біз шектеулер қою арқылы аймақта режимдерді емес, «тұрақтылықты» қолдаймыз» деген сөзін мысалға келтіреді.

Орталық Азия елдерінде азаматтардың өмірін сәл ғана жақсартуда жоғарыдан қандай да бір реформа жасалса, бұқараны тізгіндеп отыру үшін қуғын-сүргін арқылы таразының екі басы теңестіріліп отырады. Бұл режимдер Мәскеу мен Бейжіңге арқа сүйейді, тіпті қажет болса әскери қолдауға да ие болады.

Ал Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда (Қазақстан және Ресеймен салыстырғанда) реформалар жүргізуге талпыныс жоқ. Бірақ бұл режимдердің өз ішінде билікке таласқан топтар бар екендігі анық деп жазады басылым.

Бұл режимдер төңкерісті былай қойғанда, қарапайым реформалар мен демократияны орнатудың өзі қауіп тудыратынын біледі. «Ол режимдер үшін демократия орнатудың немесе әскер арқылы қорғанудың айырмашылығы жоқ, себебі қай-қайсысы да түбінде билікті сақтай алмайды» деген ой айтады автор.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG