Accessibility links

«Сыңараяқ Ахмет» ИМ-нің Ресейдегі үгітшісі ме?


«Сыңараяқ Ахмет» пен оның «командасы» ИМ қатарына «қосқандардың» ішінде Ресей студенті Варвара Караулова (суретте) бар. Ол Түркияда қолға түсіп, Ресейге қайтарылды.

«Сыңараяқ Ахмет» пен оның «командасы» ИМ қатарына «қосқандардың» ішінде Ресей студенті Варвара Караулова (суретте) бар. Ол Түркияда қолға түсіп, Ресейге қайтарылды.

Ресей қауіпсіздік қызметтері ел азаматтарын «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылуға шақырып келген «негізгі үгітшіні» таптық дейді.

Ресей қауіпсіздік қызметтері осы елдің азаматтарын «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымына қосылуға шақырып келген «негізгі үгітшіні» анықтадық деп мәлімдеді. Мұндай ақпаратты елдегі қауіпсіздік қызметімен байланысы бар Life News агенттігі жариялады.

Тамыздың 4-і және 7-сі күндері тараған ақпараттар бойынша, Ресей азаматтарын ИМ-ге қосылуға үгіттеушінің лақап аты - «Сыңараяқ Ахмет». Life News пен «Кавказский узел» жариялаған сол деректерге қарағанда, «күдікті этникалық шешен болуы мүмкін, бұрын ол ИМ басып алған аймақтардан түсірілген орыстілді насихат видеоларына шығып тұрған».

Life News дерегі бойынша, «Сыңараяқ Ахметке» бағынышты екі адам – 23 жастағы шешенстандық Якуб Ибрагимов және Дағыстанның Махачкала қаласының тумасы Абдулла Абдуллаев (лақап аты - Өзбек) Түркияда ұсталған. Бірақ «Ахметтің» өзі әлі еркіндікте жүр.

Ресей мен Түркияның қауіпсіздік күштері іздестіріп жатқандықтан, «Сыңараяқ Ахметтің» шын аты-жөні аталмайды және Шешенстанның қай аймағында туғаны да айтылмайды. Дегенмен дереккөз оның іс-әрекеті жайлы ақпараттар берген.

«Сыңараяқ Ахмет» Мәскеу, Санкт-Петербург және Солтүстік Кавказ тұрғындарын содырлар жасағына қосылуға үгіттеп көндіріп, оларды Түркия арқылы Сирияға жіберіп отыру ісін атқаруға жауапты тұлға болған.

«Сыңараяқ Ахмет» пен оның «командасы» ИМ қатарына «қосқандардың» ішінде Ресей студенттері Варвара Караулова мен Марьям Исмаилова бар. Караулова Түркияда қолға түсіп, Ресейге қайтарылды. Оған прокурорлар ешқандай айып тақпады. Исмаилова әлі бостандықта жүр.

Life News Ресейдің құқық қорғау мекемесінің аты-жөнін атамаған өкілінің сөзін келтірген. Ол Түркия мен Ресей полициясының ресейлік азаматтарды ИМ-ге қосылуға үгіттеп көндіріп, оларды тасымалдау «арналарын» анықтағанын айтқан. «Жоспарға сай, олар алдымен интернет арқылы жұмыс істеген, одан соң Стамбулда кездесіп отырған».

Бұдан кейін «Сыңараяқ Ахмет» пен оған бағынышты топ бірнеше күн ішінде жалған құжаттар жасап, Түркия-Сирия шекарасы арқылы «жаңа жауынгерлерді» тиісті жерге жеткізетін болған.

Шілденің 28-і күні Түркия және Әзербайжан ақпарат құралдары Түркия билігінің «ИМ мүшесі деген күдікпен» үш адамды ұстағанын жазған еді. Сол дерек бойынша, ол адамдардың бірі Абдулла Абдуллаев екені хабарланған. Ол өзін «Стамбул әмірі» деп таныстырған.

Түркиялық БАҚ «Әзербайжан азаматы» деп атаған Абдуллаев пен Life News жазған «дағыстандық Абдуллаев» екеуі бір адам ба, жоқ па – ол жағы белгісіз. Ал «Сыңараяқ Ахметке» қатысты мәліметтер аз. Бірақ бұл лақап есім шешенстандық бір содырды еске түсіреді.

«Ахмет Шишани» деген атпен танымал Ахмед Чатаевты «Жалғыз қолды Ахмет» деп те атайды. Ол Сирияда 2014 жылдың соңы не 2015 жылдың басында ИМ-нің солтүстіккавказдық өкілдерімен бірге пайда болды. Чатаев бұрын Австрияда босқын мәртебесін алған болатын.

2012 жылы оны Грузия қарулы күштері Лопота шатқалында, грузин арнайы жасағы мен содырлар жасағы қақтығысқан кезде ұстаған еді. Кейін сот оны «айыпсыз» деп тауып, Чатаев босап шықты. «Жалғыз қолды Ахмет» атануының себебі - бір қолынан айырылған (қорғаушылары «Ресей билігі азаптап, қолына зақым келді» десе, Ресей өкілдері «Шешенстандағы соғыс кезінде жарақат алған» дейді).

Түркиядағы кавказ диаспорасының аты-жөнін айтпаған өкілі «Кавказский узел» сайтына тамыздың 7-сі күні «Стамбулдағы содырлар басшысы - 2012 жылы Лопота шатқалында қолға түсіп, аяғынан айрылған адам» деген мәлімет айтқан. Дереккөз «қарулы топ Сирияға бармақ болған» дейді. Алайда Анкарадағы Ресей консулдығының өкілі «Кавказский узел» сайтына «Түркия үкіметінің ресейлік азаматтарды ұстамағанын» айтқан.

Чатаев Life News сипаттаған күмәнді тұлға болсын немесе болмасын, оның Еуропа мен Солтүстік Кавказдағы байланыстарын және Сирия мен Ирактағы орыс тілді ықпалды тұлғалармен қарым-қатынасын ескере отырып, оның ИМ тобына жұртты шақырумен айналысуы әбден мүмкін.

Осы жылдың басында Чатаевпен бірге ИМ видеосына түскен этникалық қарашай «Әбу Жиһад» Furat media сайты арқылы ресейліктерді жасаққа қосылуға үгіттейді. Чатаевтың Сирияда не Түркияда екені белгісіз – ол бірнеше айдан бері ИМ видеоларынан көрінбей кетті.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG