Accessibility links

Санкциядан соң Кремльдің назары Азияға ауды


Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитінде отыр. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитінде отыр. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Қыркүйектің 11-і күні Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті басталды. Ұйымға төрағалық ету құқығы Батыс елдерімен араздасып қалған Ресейге берілмек.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер - Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері қатысуымен өтетін саммит басталды.

АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАҢА МҮШЕЛЕР МӘСЕЛЕСІ

Жиын Кремльдің Украина дағдарысына байланысты Батыс елдерімен қарым-қатынасы нашарлаған кезеңге сәйкес келді. Мәскеу енді Азиядағы саясатына баса назар аудара бастаған сияқты.

Душанбеге Иран мен Монғолия басшылары да барды. Олар саммит кезінде ШЫҰ-ға мүше елдер лидерлерімен кездесулер өткізеді.

Бұл екі ел Пәкістан, Үндістан және Ауғанстан сияқты ШЫҰ-да бақылаушы мәребесіне ие.

Биылғы саммитте қаралауы тиіс мәселенің бірі - Ауғанстаннан халықаралық әскер кеткеннен кейінгі (осы жылдың аяғында) аймақтық қауіпсіздік.

Саммит қарсаңында Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков "Мәскеудің биыл ШЫҰ аясында Ауғанстан жөнінде конференция өткізуді ұсынатынын" айтқан еді.

Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе - ұйымға жаңа мүшелер қабылдау.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қыркүйектің 10-ы күні "саммитте мүшелікке өтудің құқықтық, әкімшілік және қаржылық талаптары қаралатынын" мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, "ұйымның төрағалық қызметі Ресейге өткен соң ШЫҰ-ға жаңа мүшелер қабылдануы мүмкін". Ресей осы саммитте ұйымның төрағалығын қабылдап алмақ және Кремль бұл қызметті бір жыл бойы атқарады.

Ушаковтың айтуынша, "Ұйымға мүшелікке өтуге ниет білдірген елдердің әуелгісі - Үндістан мен Пәкістан. ШЫҰ-ға мүше болғысы келетін Иранның өтініші олардан гөрі ұзағырақ қаралуы мүмкін" ".

Оның сөзіне қарағанда, "Иранның мүше болуына қатысты шешім шығару процесі бұл елге салынған БҰҰ санкцияларына байланысты созылып кетуі ықтимал".

Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин саммит кезінде Монғолия басшысы Цахиагийн Элбэгдоржбен үшжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Қаралатын тақырыптардың ішінде үш елді жалғайтын теміржол және аймақтық энергетикалық жүйе құру мәселелері де бар.

Путин Иран президенті Хассан Роуханимен кездесуді де жоспарлап отыр. Олар екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқыламақ.

ҰЙЫМНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Ресей саммит соңында Тәжікстаннан ШЫҰ-ға төрағалық қызметін қабылдап алмақ. Ресей ұйымның келесі жылғы саммитін Уфа қаласында өткізуді жоспарлап отыр.

Ресей сыртқы істер министрі Лавров Ресей басылымдарына берген сұхбатында "ШЫҰ аймағындағы қауіпсіздік мәселелері маңызды болып қала беретінін, Ресей өзінің төрағалық құқығын экономикалық, қаржылық, энергетикалық және азық-түлік салаларындағы қауіпсіздік мәселелерін үйлестіруге пайдаланатынын" айтқан.

Ресей Батыс елдерінің өзіне қарсы салған санкцияларына "жауап" ретінде бұл елдерден кейбір азық-түлік түрлерін импорттауға тыйым салған еді. АҚШ және ЕО-мен қарым-қатынасы нашарлаған Мәскеу Орталық Азиядағы пост-советтік республикалармен байланысты нығайтуға тырысып отыр.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ШЫҰ саммитінде жүр. Бішкек, 2013 жылдың қыркүйегі.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ШЫҰ саммитінде жүр. Бішкек, 2013 жылдың қыркүйегі.

Бірақ Ресейдің Украинаның Қырым түбегін қосып алуы Орталық Азиядағы Қазақстанның алаңдаушылығын туғызған еді. Астана Кремль бұл тәсілін бұрынғы СССР-дің басқа аумақтарында да қолдануы мүмкін деп сескенеді.

ШЫҰ 1996 жылы Қытай-ТМД шекарасындағы өзара сенімді нығайту мақсатында құрылған еді. Әуелде ұйымға кірген бес ел шекара бойындағы әскерді азайту туралы келісімдер жасасқан.

Кейінірек бұл ұйымның жұмысы экономикалық ынтымақтасыққа ойысты. Қытай бұл өзгерісті Орталық Азия елдерімен экономикалық қатынастарын нығайтуға тиімді пайдаланды.

2001 жылы ШЫҰ-ға Өзбекстан қосылды. Бұл кезде Ресей Солтүстік Кавказдағы және Қырғызстандағы исламшыл содырлармен күресіп жатқан. Өзбекстан да Орталық Азиядағы исламшыл содырлармен күресін осы кезде күшейткен болатын.

ШЫҰ 2001 жылғы саммитінде ресми түрде терроризм және экстремизммен күресетін ұйым ретінде қайта құрылды.

Беларусь, Шри-Ланка және Түркия қазір бұл ұйымда диалог бойынша серіктестер болып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG