Accessibility links

«Ресей «бұзылған» Батысқа іштарлықпен қарайды»


Мәскеудегі АҚШ елшілігі алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған ресейліктер. (Көрнекі сурет)

Мәскеудегі АҚШ елшілігі алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған ресейліктер. (Көрнекі сурет)

Әлеуметтанушылар Ресейдегі Батысқа қарсы көңіл-күйдің шырқау шегіне жеткенін айтады. Мәселен, АҚШ-ты ресейліктердің 81 пайызы жек көреді.

25 жыл бойы Ресейдегі қоғамдық пікірді бақылап келе жатқан әлеуметтанушылар бұл елдегі Батысты жек көрудің «тарихи максимумға» жеткенін айтады. Юрий Левада атындағы әлеуметтік зерттеулер орталығының дерегіне қарағанда, ресейліктердің 81 пайызы АҚШ-ты жақтырмайды. Сауалнама биыл қаңтардың соңында жүргізілген.

Бұған дейінгі «максимумдар» 66 және 67 пайыз болған еді. 66 пайыз - 2003 жылдың көктемінде жүргізілген сауалнама бойынша шыққан нәтиже, 2008 жылы АҚШ-ты ресейліктердің 67 пайызы жек көретін болып шыққан. Ал өткен жылдың басында Ресей азаматтарының 46 пайызы «Американы ұнатпаймын» деп жауап берген екен.

Ресейліктердің Еуропа Одағына деген көзқарасы да нашарлаған: бір жыл бұрын ЕО-ны респонденттердің 34 пайызы жақтырмаса, қазір бұл көрсеткіш 71 пайызға жеткен.

Бұдан бөлек, ресейліктердің Украинаға деген көзқарасы да өзгерген. Бір жыл бұрын бұл елді ұнатпайтындар респондеттердің 26 пайызы болса, қазір бұл көрсеткіш 64 пайызға жеткен. Дегенмен сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы «Батыспен қарым-қатынасты жақсартқан дұрыс» деп есептейді.

Әлеуметтік зерттеулер орталығының директоры Лев Гудков «халықтың көбі Ресейдің агрессиялық сыртқы саясаты өзіне соққы болып тиіп жатқанын түсінген кезде қоғамдық көңіл-күй өзгеруі мүмкін» дейді.

Әлеуметтанушының пікірі бойынша, «Батысқа қарсы көңіл-күйдің күшеюіне ресейлік БАҚ-тың Украинадағы жағдайды сипаттау кезінде жүргізген үгіт-насихаты себеп болып отыр».

Адамдар Ресейдің Украинаны соғысқа арандатып отырғанын түсініп қана қоймай, оны дұрыс деп санайды.

- Бұрын мұндай болмаған. Бұл - соңғы айларда БАҚ жүргізген өте агрессивті насихат науқанының нәтижесі. Бір қарағанда, бұл науқан Украинаның ЕО-мен бірігуіне қарсы жасалып жатқанымен, демократиялық, құқықтық мемлекет деген ұғымдарды қолдайтын тәрізді. Алайда шын мәнінде, бұл науқанның бір ұшы ресейлік демократиялық қозғалысқа да тиіп жатыр. Насихаттың көздегені де сол болатын, - дейді әлеуметтанушы.

Лев Гудковтің пікірінше, «мұндай насихаттың мақсаты - құқықтық қоғам туралы түсініктер мен құндылықтарды, билік бөлінісін, демократияны жарамсыз етіп көрсету».

- Бұл насихат кампаниясының мақсаты - демократиялық құндылықтарды жарамсыз етіп көрсету және «Батыс іріп-шіріген, моральдық тұрғыда азғындаған, христиандық дәстүрден ауытқыған, енді Ресейді әлсіретіп, қорламақ» деп сендіру. Осылайша жау бейнесін жасап шыққан ресейлік БАҚ Кеңес Одағы құлағаннан кейін өзін қор сезініп отырған қоғамды билік төңірегіне топтастырды. Мұндай қоғам қызғаныштан, көре алмаушылықтан «жауды» мансұқтай да бастайды. Сондықтан да соңғы жылдары Кремль жүргізген үгіт-насихат жемісін молынан беріп жатыр, - дейді Гудков.

– Бірақ адамдар тек АҚШ-ты ғана емес, Еуропа Одағын да ұнатпайды. Бұл күтпеген жағдай ма? Әлде заңдылық па?

Қазір қоғамның билікті бақылайтын ешбір тетік, тежегіші жоқ.

- Америкаға қарсы өшпенділік басымырақ, себебі АҚШ Батыс құндылықтарының шоғырланған ордасы. Мұнда демократия, гүлдену, күш-қуат, адам құқығын сақтау – бәрі бар. Совет Одағы тарихында АҚШ оның басты қарсыласы, оппоненті болды, советтік элита АҚШ-пен бәсекелесті. 1929 жылы пайда болған «Американы қуып жетіп, басып озу» деген ұранды Хрущев те қайталады. Адамжегіш Эллочка мисс Вандербильтпен қалай бәсекелессе, СССР да Америкамен солай бой таластырып, дамуын АҚШ-пен салыстырып отырды. Ал Еуропа Одағы (ЕО) бұл тұрғыдан алғанда – Батыстың әлсіз көшірмесі іспетті, сондықтан оған деген өшпенділік әлсіздеу. Дегенмен дәл қазір ЕО-ға деген жеккөрініш те шырқау шегіне жеткен. Ондай бұрын болмаған. Қазір теледидарды өшіріп тастаса, үш айдан соң бәрі қалпына келер еді. Себебі ресейліктер Батыстың тартымды екенін, өркениеттік тұрғыда жақсы дамығанын біледі. Батыстағыдай өмірден олар бас тартқысы келмейді. Екінші жағынан осындай қызғаныш Батысты жек көруге де итермелейді.

– Қалай ойлайсыз, мұндай көңіл-күй несімен қауіпті?

– Кез келген қысым агрессияға жол ашады, сондықтан да Ресей билігінің соқыр тәуекелге бел бууы, ұятсыздығы пен арсыздығы, өз позициясын қорғау үшін елді бүкіл әлеммен соғысатындай күйге жеткізуі – өте қауіпті жағдай. Қазір қоғамның билікті бақылайтын ешбір тетік, тежегіші жоқ. Қоғам үнсіз жапа шегіп, төзуге мәжбүр, іштей келіспесе де, бұл саясаттан шошынса да, үнсіз шыдайды. Қоғам сондай саясатқа жол беріп отыр, тіпті кейде оған үлес қосып отыр деуге де болады. Оны Шешенстандағы, Кавказдағы қылмыстық соғыстар кезінде көрдік, оны қазір Донбаста жүріп жатқан соғыстан да байқап отырмыз. Бұл расымен де үлкен соғысқа ұласуы мүмкін.

– Қазір жағдайдың жақсаратын белгілері бар ма? Цифрларға қарасақ, көптеген адамдар Батыс елдерімен байланысты жақсарту керек деген пікір айтып жүр.

Кремль саясатының зияны білінгенде, ол саясаттың «жұрттың қалтасына түскені» сезілгенде ғана ресейліктер естерін жияды.

– Жұрттың қызғанышы мен ашу-ызасына қарамастан, Батыс дамудың үлгісі болып қала береді, бұл нәрсе өзгермейді. Бірақ көптеген ресейліктердің экономикалық мүддесіне қауіп төнген сәтте Батыспен қарым-қатынас бірден қалпына келеді деп ойлаймын. Ресейліктер қазіргі саясаттың қателігі туралы моральдық түсінігін өзгертеді деп ойламаймын. Бірақ Кремль саясатының зияны білінгенде, ол саясаттың «жұрттың қалтасына түскені» сезілгенде ғана ресейліктер естерін жияды. Солайша халық ақылға келе бастайды, бірақ бұл - баяу жүретін, ұзақ процесс.

– Бірақ сіздер ұсынған дерекке қарағанда, адамдар себеп пен салдардың байланысын байқай бастаған тәрізді. Олар экономикалық жағдай мен өздерінің жеке өмірі неліктен нашарлағанын түсініп келе жатыр ма?

– Өте баяу түсініп келеді. Басында олар бұл жерде жеке өмірлерімен қандай да бір байланыс болады деп ойлаған жоқ. Батыстың санкциясы мен ұстанымына кекесінмен қарады. Қазір саналы түрде ойлану белгілері бар. Бұл - өте баяу әрі күрделі процесс. Бірақ кейбір адамдар Ресейдің Украинаны соғысқа арандатып отырғанын түсініп қана қоймай, оны дұрыс деп санайды – ұлы Ресей державасының мәртебесін нығайту үшін, оның беделін сақтау үшін солай істеу керек деп ойлайды. Жұрт сол үшін біраз уақыт жапа шеге тұруға даяр.

(Наталья Джанполадованың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG