Accessibility links

Мұнайдың арзандауы кімге – пайда, кімге – зиян?


Наджафтағы Ирак мұнай өңдеу зауытының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)
Наджафтағы Ирак мұнай өңдеу зауытының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)

Маусым айынан бері мұнай 20 пайыз арзандады. Мұның Ресей, Иран сияқты мұнай экспорттаушы елдерге үлкен проблемаға айналатын түрі бар. Бағаның бұлайша құлдырауының астарында не жатыр?

Мұнай бағасы кенеттен күрт құлдырай бастады. Маусым айында ғана баррелі 110 доллар болған Brent маркалы мұнайдың бағасы қазанның 13-і күні 88 доллардан да төмендеді (қазанның 15-і күні 83,35 долларға құлдырады). Мұның табысы тек мұнай сатудан түсетін елдерге әжептәуір экономикалық проблемалар тудыратын түрі бар. Енді мұнай бағасының арзандауына қатысты негізгі сұрақтарға жауап берелік.

БАҒА НЕГЕ ҚҰЛДЫРАП БАРАДЫ?

Әлемдік нарықта мұнайдың 20 пайызға арзандауының екі себебі бар.

Біріншіден, кейінгі үш жыл ішінде АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі күрт ұлғайды. АҚШ қазір күніне 1 миллион баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында АҚШ биыл алдыңғы орыннан Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елге айналды.

Бұған қоса, ОПЕК-ке мүше елдер мен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың «тақтатас» өндірісі қосылып, нарыққа шамадан көп шикізат шығатын болды. Осыдан келіп өндірушілер арасында бәсеке күшейді, тұтынушыға талас басталды, баға төмендеді.

Печора теңізіндегі Ресейдің Приразломное мұнай платформасы.(Көрнекі сурет)
Печора теңізіндегі Ресейдің Приразломное мұнай платформасы.(Көрнекі сурет)

Екінші себеп – сұраныс азайды. Әлемде экономикалық өсім бәсеңдегендіктен, тұтынушылар тартыншақтап тапсырыс бере бастады.

Экономикалық өсімнің баяулауы әсіресе Еуропада қатты байқалады. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметіне қарағанда, еуроаймақтағы баяу экономикалық өсім алдыңғы екі жылдық рецессияның орнын толтыра алмай жатыр.

Қытайдың да қарқыны тоқыраңқырап қалған. ХВҚ-ның болжамына қарағанда, Пекин биыл 7,5 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізе алмайды.

ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ ЗИЯН КӨП КЕЛЕДІ?

Бұдан экономикалық өсімі мұнай бағасына тәуелді елдер көп зардап шегеді.

Экономикасы мұнайға тәуелді елдердің бірі – Ресей. Сарапшылардың айтуынша, Ресей бюджетін толтыру үшін мұнай бағасы барреліне 104 доллардан төмендемеуі керек. Ал қазір Ресей көмірсутегі шикізатын 92 доллардан сатып отыр.

АҚШ-тың Bloomberg қаржылық ақпарат агенттігінің есептеуінше, бір баррель мұнайдың бағасы 90 доллар шамасында болған жағдайда, Ресейдегі бюджет дефициті жалпы ішкі өнімнің 1,2 пайызы болады. Егер баға тағы 10 долларға құлдыраса (80 долларға түссе - ред.), онда бюджет дефициті екі есе өсіп, 2,4 пайыз болады.

2000-2011 жылдар аралығында Ресейдің қаржы министрі болған Алексей Кудрин The Los Angeles Times басылымына берген сұхбатында «Ресей экономикасына ең ауыр соққы мұнайдың арзандауы болады» деді.

Ресей үкіметінің шенеуніктері бюджет шығынына қатысты жоспарларын қайта қарайтындарын айтып үлгерді. Қаржы министрі Антон Силуанов қазанның 7-сі күні «Батыс санкциялары мен мұнайдың арзандауы кесірінен Кремльдің алдағы алты жылда қорғаныс саласына 576 миллиард доллар жұмсау жөніндегі бағдарламасын жүзеге асыра алмаймыз» деп мәлімдеді.

Мұнай арзандаған соң «санкциялар кесірінен Батыстың қаржы нарығынан ажырап қалған мемлекеттік банктер мен компанияларға Мәскеу қалай көмектеседі?» деген сауал туды. Өйткені, Ресей бюджетінің жартысы мұнайдан түседі.

Мұнайдың арзандауынан жапа шегетін және бір ел – Иран. Мұнда бюджетті толтыру үшін мұнайдың бағасы 140 доллардан төмен болмауы керек.

Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге қайта қатыса бастағалы Батыс мемлекеттері бұл елге салған санкциялардың біразын уақытша тоқтатты. Соның арқасында Иран мұнай саудасын еселеп, экономикасына жан бітірді. Халықаралық валюта қоры бұл елде экономикалық өсім биыл 1,5 пайыз, келесі жылы 2,3 пайыз болады деп болжап отыр.

Алайда бағаның құлдырауына байланысты Иран экономикасына жаңа капитал әкелуі тиіс мұнай саудасы біраз баяулап қалды.

Мұнайдың арзандауынан Ирак та жапа шеккелі тұр. Экономиканы құлдыратпай ұстап тұру үшін бұл ел мұнайдың әр баррелін 106 долларға сатуы керек. Ел аумағының үштен бірін «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары басып алғалы Ирак үкіметі қорғанысқа қыруар ақша жұмсап жатыр. Мұнай бағасының арзандауы олардың қорғаныс қабілетін бұрынғыдан да нашарлатып жіберуі мүмкін.

Бағаның құлдырауы экономикасы мұнайға тәуелді кейбір елдерге зиянға шықса да, әлем экономикасының өсіміне септесуі мүмкін.
Бағаның құлдырауы экономикасы мұнайға тәуелді кейбір елдерге зиянға шықса да, әлем экономикасының өсіміне септесуі мүмкін.

Мұнай өндіруші елдің бірі - Сауд Арабиясы. Бірақ бұл ел бағаның құлдырауына аса қатты алаңдап отырмаған сыңайлы. Сауд Арабиясына бюджетті қаржымен толық қамтамасыз ету үшін мұнай баррелін 80 доллардан сатса да болады. Оның үстіне мұнай қоры көп болғандықтан, олар шикізатты ұзақ уақыт арзанға сатып отыра алады. Бұрындары Эр-Рияд бағаны көтеру үшін өндіріс көлемін азайту әдісін қолданатын. Қазір олар нарықтағы үлесін сол қалпы сақтап отыруды жөн көретін сияқты

Дегенмен Сауд Арабиясына ОПЕК-тің басқа мүшелері ықпал етуі мүмкін. Мұнай қоры аз мемлекеттер оны арзанға сатқысы келмейді. Сондықтан олар көпшілік дауыспен Сауд Арабиясын мұнай өндірісін азайтуға көндіруге тырысады. Экономикасы тоқырап тұрған Венесуэла өткен аптада ОПЕК елдеріне мұнай өндірісін шектеуді, сол арқылы оның бір баррелінің бағасын 100 доллардан түсірмеуді ұсынды.

Ұйым мүшелері қарашаның 27-сі күні Вена қаласында (Австрия) кездеседі. Әлемдегі мұнай қорының үштен бірін иеленіп отырған бұл елдердің қандай ұйғарымға келетіні әзірге белгісіз.

МҰНАЙДЫҢ АРЗАНДАУЫ КІМГЕ ПАЙДАЛЫ?

Көмірсутегі шикізатының арзандауы бюджеті шикізат саудасына тәуелді елдердің табысын ортайтатыны рас. Бірақ мұнай бағасының төмендеуі әлемдегі жалпы ішкі өнімнің артуына мүмкіндік береді. Лондонда орналасқан Capital Economics қаржылық консалтинг компаниясының болжамына қарасақ, мұнай бағасының 10 долларға арзандауы әлемдегі жалпы ішкі өнім көлемін 0,5 пайызға арттырады. АҚШ-тағы Mesirow Financial орталығының бас экономисі Дайана Суонк:

- Мұнай бағасының арзандауы кейбір елдердің экономикасына пайдалы, оны біз қазірдің өзінде байқап отырмыз, - дейді.

Экономикасында өсім байқалатын АҚШ, Қытай, Үндістан сияқты елдер бағаның бұлай құбылуынан пайда көрмек. Мұнайдың арзандауы қалт-құлт етіп тұрған еуро аймағын рецессиядан сақтап қалуға мүмкіндік бермек.

Бірақ бұл елдер пайдаға бата қалмайды. Себебі, қазір жалпы әлемдік экономиканың дамуы баяулаған. Бұл олардың экспорт өнімдеріне деген сұранысты азайтып отыр.

Қазанның 7-сі күні Халықаралық валюта қоры ғаламдық экономиканың өсіміне қатысты болжамын өзгертті. Биыл шілде айында ХВҚ мамандары әлемдік экономиканы 4 пайызға өседі деп болжаған еді. Олар енді биылғы әлемдік экономика өсіміне қатысты болжамды межені 3,8 пайызға төмендетіп отыр. Оған себеп – еуроаймақтағы және бірқатар дамушы елдердегі экономикалық өсімнің бәсеңдеуі.

БАҒА ҚАЙДА БАРАДЫ?

Әлемдік экономика өсімі қайта жеделдеген жағдайда мұнайға деген сұраныстың артатыны анық. Алайда тақтатас мұнайы өндірісінің ұлғаюы, дамыған елдердегі отынды тиімді жұмсау технологиясының дамуы мұнайдың қайта қымбаттамауына әсер етуі де мүмкін.

Бірақ мұнай бағасы бұдан ары да құлдырай берсе, шикізатты тақтатас қатпарынан өндірушілердің қарқыны бәсеңдеуі ғажап емес. Кей сарапшылардың айтуынша, баға 90 доллардан төмендеген жағдайда, тақтатас мұнайын өндіру тиімді болмай қалады. Себебі, оның өзіндік құны 80-85 доллар шамасында.

Алайда оның өзі қатып қалған ереже емес сияқты. Себебі, тақтатас мұнайы нарығы – көп зерттелмеген жаңа сала. Оның үстіне, әр ұңғыдан әркелкі көлемде мұнай шығуы мүмкін. Chatham House зерттеу орталығының сарапшысы Джон Митчел:

- Тақтатас мұнайы мен газы ұзақ уақыт үздіксіз бұрғылау арқылы өндіріледі, әр ұңғының «өмірі» тым қысқа, аз уақыттан кейін ол жердегі шикізат таусылып қалады. Экономикалық жағдайға байланысты бес жылдың ішінде өндіріс көлемі де әркелкі болуы мүмкін. Ақша төленіп жатса, олар ұңғылауды жалғастыра береді, ал ақша төленбесе жұмыс тоқтап қалады. Сондықтан әр өндіруші өнімінің өзіндік құны да әркелкі болады, - дейді.

Мұнай 1980 жылдардан бастап тұрақты түрде қымбаттап, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы қарсаңында баррелі 147 долларға жетті. Әлемдік экономика қалпына келе бастаған 2011 жылдан бері бұл шикізат қайта қымбаттап, баррель бағасы 100-ден 120 долларға дейін көтерілді. Енді маусымнан бері қайта арзандап барады.

Митчелдің ойынша, қымбат мұнай бағасы келмеске кетті, бұдан ары үкіметтер мұнайдан түсетін табыстың қысқаратынына дағдылануы керек.

- Ұзақ мерзімге болжам жасау қиын. Мұнай өндірудің жаңа технологиялары пайда болып, өндіріс көлемінің ұлғайғанын, оны сатып алатын елдердің энергетика саласын тиімді етуге инвестиция салып, реттеу шараларын жасап жатқанын ескерсек, мұнай бағасы болашақта қымбаттай береді деп айта алмаймын, - дейді Джон Митчел.

Оның болжамына қарағанда, мұнай бағасы 80-100 доллар аралығында тұрақтауы мүмкін, бірақ бағаның нақты қандай болатынын тап басып айту қиын.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG