Accessibility links

Академик Сахаровтың ізгілік реформасы


Советтік диссидент және адам құқығын қорғаушы Андрей Сахаров. Мәскеу, 1989 жыл.
Советтік диссидент және адам құқығын қорғаушы Андрей Сахаров. Мәскеу, 1989 жыл.

Советтік диссидент және адам құқығын қорғаушы Андрей Сахаров Совет Одағының құлауына екі жыл қалғанда – 1989 жылы желтоқсанның 14-і күні 68 жасында өмірден өтті. Ол сол бір кезеңде тірі болғанда оқиғалар басқаша өрбір ме еді.

Михаил Горбачевтің қайта құру реформасы Борис Ельциннің орындалмаған арманына ұласып, ақыры Владимир Путиннің авторитарлық контрреволюциясы пайда болды. Ал физик, адам құқығын қорғаушы, 1975 жылы Нобель сыйлығын алған Андрей Сахаровтың өмірі «жүзеге аспаған» болжамдар тудырды.

«Сахаровтың идеялары жарым-жартылай орындалған күннің өзінде біз мүлдем басқа елде, басқа жағдайда өмір сүрген болар едік» дейді ресейлік саясаттанушы Валерий Хомяков.

Диссидент, кейін Чехословакия президенті болған Вацлав Гавел 1990 жылы америкалық телеарнадан сөйлеген сөзінде: «Совет Одағы үшін Сахаровтың өлгені – нағыз трагедия. Ол тірі болғанда президент болатын еді. Қазіргі Совет Одағын біріктіретін адам жалғыз сол еді» деді.

Бұл – Чехословакия тарихында «барқыт төңкеріс» аталған оқиғадан кейін бірнеше айдан соң айтылған сөз. Біраз уақыттан соң СССР құлап, республикалар өз тәуелсіздігін жариялайды. Қазіргі Ресей президенті Путин ол кезеңді «20-ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат» деп сипаттайды.

ҒАЛЫМ АТАҒЫН ДИССИДЕНТКЕ АЙЫРБАСТАУ

Сахаровтың өмір жолы ешкімге ұқсамайды. Ол қырғи-қабақ соғыстың бастапқы кезінде көзге түсті, Совет Одағының өте құпия жобасы – сутегі бомбасын жасауға қатысты. 1950 жылдар мен 1960 жылдардың басында Совет Одағының бар марапатын жинады – үш рет социалистік еңбек ері атанды, төрт рет Ленин орденін алды, Сталин атындағы сыйлық пен Ленин атындағы сыйлықты иеленді.

Андрей Сахаров.
Андрей Сахаров.

Сахаров 1953 жылы 32 жасында СССР ғылым академиясының құрамына кірген ең жас ғалым болды. Мансаптағы ең үлкен табысына қол жеткізгенде көптеген саяси бюро мүшелеріне қарағанда қаржысы мен беделі артық еді.

Бірақ Сахаровтың диссиденттік өмірі де сутегі бомбасын жасау кезінен басталады. «Сол кезде бәрін көріп, біліп жүрдім. Өзімнің де жауапты екенімді сезіндім, бірақ бұзылған жүйеге сырттай бақылаушы ретінде қарадым» деп жазды ол 1974 жылы шығармалар жинағының кіріспесіне.Басқа елдегі ғалымдар тәрізді Сахаров та жасалған ядролық сынақтардың экологиялық салдарына алаңдады.

Никита Хрущевтің үкіметімен дауласып, техникалық тұрғыда сынақ жасаудың қажет емес екенін дәлелдеген кезде Сахаров қарудың саяси мақсатқа қолданылғанын түсінеді. Ол 1963 жылы ядролық сынаққа тыйым салу шартын қабылдауға ықпал етті. Бұл шарт атмосфера, ғарыш кеңістігі мен су астында ядролық сынақ жасауға тыйым салады. Зымыранға қарсы жүйеге тыйым салуды талап еткен алғашқы советтік ғалымдардың бірі болды. Бұлталап 1972 жылы зымыранға қарсы қорғаныс жөніндегі шартты қабылдау арқылы орындалды. 1964 жылы Хрущев биліктен кетіп, режим біршама либералданған кезде Сахаров пікірін ашық айта бастады.

Леонид Брежнев диктатор Иосиф Сталиннің атақ-даңқын қайтадан қалпына келтіррмек болғанда Сахаров оған қарсы шықты, көптеген ар-ұждан тұтқындарын қолдады.

«1966 жылы Сталин культі туралы ұжымдық хат жазып, оны Совет Одағы коммунистік партиясының 23-сьезіне жолдағандардың бірі болдым. Солайша жеке тағдырым алғаш рет сол адамдардың тағдырымен байланысты. Олар аз, бірақ ар-ұяты зор адамдар тобы еді, кейін оларды «билікпен келіспеушілер» деп атады» деп жазады Сахаров.

Сахаров 1968 жылы «Прогресс, бейбіт өмір сүру және зияткерлік еркіндік туралы ойлар» аталатын алғашқы манифесін жариялап, елінде және халықаралық деңгейде танымал болды.

Бұрынғы советтік диссидент Вячеслав Бахмин университетте физика мамандығын оқып жүргенде сол кітапшамен танысқанын айтады. «Үкімет атақ-даңқын аямаған, үш мәрте социалистік еңбек ері болған адам үшін бұл ерлік еді... Ондай ерлікке барғандар Совет Одағында жоқ шығар. Сондай деңгейге жеткенде шындықты айтты, демек жеке пайдасынан ақиқатты артық қойды» дейді ол.

Елена Боннэр, Сафинар Джемилева, Мұстафа Джемилев, Андрей Сахаров.
Елена Боннэр, Сафинар Джемилева, Мұстафа Джемилев, Андрей Сахаров.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ

Сахаровтың кітабы шетелде жарияланған кезде мемлекет оны барлық құпия жобалардан шығарып тастады. Солайша ол диссидентке айналды, Совет Одағын сөз бостандығына шақырды, саяси тұтқындарды босатып, сот процестерін ашық өткізуді және этникалық аз халықтардың құқығын қорғауды талап етті.

Мемлекеттік сыйлықтан жинаған қаржысының бәрін қайырымдылық мақсатқа жұмсады. Кейін оған өкінгенін айтады, «ол ақшаны саяси тұтқындар мен басқа диссиденттердің отбасына көмектесуге жұмсауым керек еді» дейді.

Сол кезеңде Сахаров 1917 жылы большевиктер жасаған төңкерістен бастап 1930 жылдары сталиндік террордан жапа шеккен жекелеген адамдардың құқығын қорғауға көңіл бөледі.

«Диссиденттік қозғалыс тоталитарлық жүйенің барлық негізіне қарсы шықты. Ең алдымен тарихшы әрі әлеуметтанушы Ханна Арендт «адамгершілігі бар адамды жойып, заңды тұлғаны құрту» деп атаған құбылысты талқандауға тырысты» дейді Мэриленд университетінің салыстырмалы саясаттану профессоры, бұрын Румынияда коммунизм қылмысын зерттеу жөніндегі институт директоры болған Владимир Тисманеану. «СССР кезінде басқаша ойлағандар – моральдық және заңдық құқығын қорғағысы келгендер. Бұндай адамдар үшін Андрей Сахаров парадигмалық символ болды».

Ресейлік саясаттанушы Марк Урнов Сахаровтың мақсаты түбегейлі басқа болғанын, оның мемлекетті, қоғамды ізгілендіруге ұмтылғанын айтады. Советтік көзқарас бойынша бұл «басқаша ойлау» саналатын. Ресей тарихына көз жүгіртсек, сан ғасырдан бері мемлекеттің мүддесі әркез адам құқығын жоққа шығарады. Сахаров оны «адамгершілікке жатпайтын әрекет, елдің сәтті дамуына басты кедергі» деп атады.

«56 жыл бойы біздің мемлекет көптеген сұмдықты, азап пен қорлықты бастан өткерді, миллиондаған тамаша адамдар (моральдық және интеллектуалдық тұрғыда) опат болды, биліктің екіжүзділігі мен бос сөзінен қиянат көріп келеміз. Сол кезеңде қалыптасқан атмосферадан іштей әлі арылған жоқпыз» деп жазды Сахаров 1975 жылы.

Сахаров 1970 жылы Калуга қаласында саяси сотқа қарсылық белгісі ретінде сот залының сыртында тұрғанда диссидент Елена Боннэрді жолықтырады. Олар 1972 жылы үйленді, екеуінің жеке және саяси қарым-қатынастары өмір бойы сақталады.

Андрей Сахаров мен Елена Боннэр. 1975 жыл.
Андрей Сахаров мен Елена Боннэр. 1975 жыл.

«Ең бастысы, Андрей Сахаров екеуінің арасында бір-біріне деген шынайы махаббат болды» деді Сахаровтың қамқорлығында болған физик және диссидент Сергей Ковалев 2011 жылы Боннэр дүние салған кезде. «Сахаров іштей ешкімге тәуелсіз адам еді. Ол әртүрлі пікірді тыңдай алатын, ең алдымен Боннэрдің сөзіне құлақ асатын. Оның пікірін өзгертіп, сөзіңізге иландыра аласыз. Бірақ ешқашанда оған тұтастай ықпал ете алмайсыз. Боннэр оны ұқты, сондықтан өзара түсіністікте өмір сүрді».

1970 жылы Сахаров пен басқа екі диссидент адам құқығы жөніндегі комитет құрды, бүкіл ел бойынша адам құқығы мәселелерін бақылап, есеп әзірледі. «Солайша қазіргі советтік қоғамның ең ұятты шындығы – заңсыздық және негізгі адам құқын қорғағысы келетін жандарды қудалау екенін аштым» деп жазды Сахаров.

Ол 1975 жылы «мемлекеттік билікті асыра қолдану және адамгершілік құндылықтың барлық нысанын жоюға» табанды қарсылық көрсеткені үшін және заң үстемдік ететін үкімет құру турады идеясы» үшін Нобель сыйлығын алады. Бір жылдан соң КГБ жабық отырысында оның басшысы Юрий Андропов Сахаровты «елдегі №1 жау» деп атады.

Сахаров 1980 жылы Ауғанстанға басып кіруге қарсы шыққанда үкіметтің шыдамы таусылады. Совет Одағы берген барлық атақ-даңқын тартып алып, жабық қала Горькийге (қазіргі Нижний Новгород) жер аударды. Күні-түні КГБ қарауында болған Сахаров Боннэрден басқа ешкіммен байланыса алмайды.

Сол кезеңде Горбачев билігін нығайтып, Совет Одағында реформа жасай бастады, ал Сахаров ел арасында және халықаралық тұрғыда советтік қысымның символына айналды.

ГОРБАЧЕВПЕН ТІЛ ТАБЫСУ

1986 жылы желтоқсанның 19-ы күні Горбачев Сахаровты шақырып алып, айдаудан азат екенін, «патриоттық жұмыстарын» Мәскеуде жалғастыра алатынын айтады.

СССР халық депутаты, академик Андрей Сахаров (сол жақта). Мәскеу, 1989 жыл.
СССР халық депутаты, академик Андрей Сахаров (сол жақта). Мәскеу, 1989 жыл.

Сахаров Горбачевтің басқа саяси тұтқындар туралы сөйлеген сөзін пайдаланып, Анатолий Марченконың 90 күн бойы аштық жариялап, 10 күн бұрын түрмеде өлгенін ескертеді. «Горбачев демократиялық зиялы қауыммен одақ құруы керектігін түсінді. Оларды жариялылық жасаудың сенімді екеніне сендіргісі келді, сол үшін Андрей Сахаров қажет болды» дейді Тисманеану.

Бірнеше ай бұрын Чернобыль АЭС-інде апат болып, совет қоғамы дүрлігіп тұрған кезде Горбачевтің реформасы қажетті екенін түсіндіру үшін Сахаровқа толық бостандық берілді. 1988 жылы Горбачев халық депутаттарының съезі атты мүлдем жаңа мекеме құру туралы жоспарын айтқанда сілкініс болды.

1988 жылы Мәскеуде болған сайлауды демократиялық деп атауға келмес, бірақ совет қоғамында талай ондаған жылдан соң алғаш рет бірнеше үміткері бар сайлау өтті. Соның нәтижесінде саяси көзқарасы әртүрлі, тіпті коммунизмге қарсы депутаттар билікке келді.

Әріптестерінің көбін таңқалдырып, денсаулығы нашарлап кеткеніне қарамастан Сахаров та сайлауға түсіп, мандат алды, ғылым академиясының өкілі ретінде сайланды.

«Сахаров өз деңгейіндегі адамның кейін елде орын алған үдерістерге ықпал етіп, оны тездете алатынын білгендіктен үкімет құрамына қосылды. Оның биік трибунадан айтқан сөздерін Ресей мен шетелде ондаған миллион адам тыңдады, басқа ешкім дәл солай айта алмас еді» дейді бұрынғы диссидент Бахмин.

Сарапшы Урновтың айтуынша, «съезд үкіметпен байланыстың стилін қалыптастырды. Горбачев пен коммунистерге қарсы тұрған Сахаров мұзжарғыш қызметін атқарды».

Ал Тисманеану «Сахаров ондаған жылдар бойы мылқау болып келгендердің даусына айналды» дейді.

«ТІРІ БОЛСА, ПРЕЗИДЕНТ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ»

Сахарвтың басты талабы СССР конститутциясындағы 6-бапты өзгерту еді. Олкоммунистік партияның билікте жалғыз болуына құқық беретін. Съезд трибунасынан сөйлеген Сахаров өзінің саяси бағдарламасын ұсынды.

«Билікке қатысты декларация жобасын ұсынамын және оны қабылдауды сұраймын. Билік туралы декларация. Халықтық үкімет қағидаларын ескере отырып, халық депутаттары съезі: 1. СССР конституциясының 6-бабының күшін жоятынын мәлімдейді; 2. СССР заңын қабылдау – СССР халық депутаттары съезінің айрықша құқығы» деді Сахаров.

Совет Одағы республикалары аумағында СССР заңдары ең жоғары заң шығару мекемесі бекіткен соң ғана құқықтық мәртебеге ие болатын. Сталин мен Брежневтен кейінгі Совет Одағы бұндай талапты қабылдай алмайтын еді.

Коммунистік партияның монополиялық дәуірін аяқтау 1990 жылы наурыз айында жүзеге асты. Съездсаяси партиялардың бәрі тең деп жариялап, көппартиялық демократияға жол ашты. Алайда ол кезде Сахаров қайтыс болып кеткен еді.

Андрей Сахаров 1989 жылы желтоқсанның 14-і күні 68 жасында жүрек ұстамасынан көз жұмды. Ол съезд алдында тағы бір сөйлеуге дайындалып жүрген еді. (Екі аптадан соң, желтоқсанның 29-ы күні Вацлав Гавел Чехословакияның тұңғыш еркін сайланған президенті болды). Жүздеген мың совет азаматы Сахаровпен келіп қоштасты. Горбачев пен советтік политбюро өкілдері оның табытына құрмет көрсетті.

Адамдарды сөзіне иландыра алатын және популист депутат, Ресей советтік республикасының төрағасы, кейін Ресейдің бірінші президенті болған Борис Ельцин Совет Одағына қарсы оппозицияны күшейтті.

Андрей Сахаров. 1975 жыл.
Андрей Сахаров. 1975 жыл.

«Ельцин демократияландырудың негізгі мәселелерін институционалдық жоба ретінде қарастырмады» дейді Тисманеану. Оның пікірінше Ельцин билікке ұмтылды және Горбачевпен бақталас болды. «Андрей Сахаров пен оның қасындағы біраз адам бұрынғы тәртіпке қайта оралмас үшін институционалдық кепілдік керек екенін түсінді» дейді ол.

Әрине, Совет Одағы – азапты тарихты бастан өткерген үлкен әрі күрделі ел. Чехословакия, Польша және басқа советтік елдермен салыстырып, «былай болуы мүмкін еді» деу қиын.

«Менің ойымша, Сахаров тірі болғанда 1991 жылы президент болуы мүмкін еді. Бірақ жолымыз болмады. Ол 1989 жылы дүние салды, оның орнын басатын ондай беделі мен абыройы бар ешкім шықпады» деді бұрынғы диссидент Валентин Гефтер.

«Тоталитарлық жүйе мен марксистік режимнің дерадикалдануын көптеген жылдар бойы зерттеген кезде білгенім – жеке тұлғаның рөлі. Қарапайым мысал – Горбачев болмаса, жариялылық жоқ. Сахаров болмаса, бұрынғы Совет Одағында адам құқымен күресу аса қиын болатын еді» дейді Тисманеану.

Сахаров 1975 жылы Нобель сыйлығын алған кезде «әр кезде және қазір де адам рухының жасырын күшіне сенемін» деген.

Роберт Карлсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG