Accessibility links

Ресейде Путиннің инаугурациясына қарсы митингілер өтті


Мәскеудегі "Миллиондар маршынан" көрініс. 6 мамыр 2012 жыл
Мәскеудегі "Миллиондар маршынан" көрініс. 6 мамыр 2012 жыл

Ресейдің астанасы мен бірқатар аймақтарындағы ірі қалаларында соңғы президенттік сайлаудың нәтижесіне және Владимир Путиннің инаугурациясына қарсылық көрсету шаралары басталды. Қоғамдық белсенділердің кейбіреуі қамауға алынды.

Мәскеуде келесі апта өтетін Ресей президенті инаугурациясының қарсаңында, мамырдың 6-сы күні "Миллиондар маршы" атты шеру ұйымдастырылып жатыр.
Қала әкімдігі шеруге шығушылардың Большая Якиманка көшесі мен Болотный алаңында наразылық шарасын өткізуіне келісім берген.

Шеру Калужский алаңында 15.30-да басталды. Мыңдаған демонстранттар "Путинсіз Ресей" және "Қайта сайлау" деп ұрандады. Шерушілер НТВ телеарнасына қаратып "Жалған сөйлеме!" деп те айғайлап жатты. Полиция алаңға шатыр әкелгені үшін бірнеше адамды қамауға алып та үлгерді.

Жергілікті уақыт бойынша кешкі 17.00-де шеруге 70 мыңға жуық адам қатысып жатыр деген деректер пайда бола бастады. Олардың ішінде белгілі адамдардан Илья Яшин, Алексей Навальный, Сергей Удальцов, Борис Немцов пен Георгий Явлинский көзге шалынған.
Большая Якиманкадан Болотный алаңына дейін созылған шеруден көрініс. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл
Большая Якиманкадан Болотный алаңына дейін созылған шеруден көрініс. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл

Кешкі 18.00-ге қарай демонстранттардың бір бөлігі полиция тізбегін бұзып өтіп, екі жақтың арасында теке-тірес туды. Навальный, Немцов пен Удальцов қамауға алынды.

Азаттық радиосының Орыс қызметінің хабарлауынша, әртүрлі аймақтардағы қоғамдық белсенділер өздерінің Мәскеудегі шеруге қосылуына жергілікті әкімдіктер кедергі келтіріп жатқанын айтқан. Владивосток пен Хабаровск қалаларында Мәскеудегі маршты қолдап акция ұйымдастырушылар қамауға алынды деген хабар түскен. Томскіде 150-ге тарта "Миллиондар маршын" қолдаушы қала орталығына жиналды.

Мәскеудегі оппозицияның бір бөлігі Манежный алаңында рұқсат етілмеген акция - азаматтық бас қосу өткізбекші. Сол жерде жергілікті ұлтшылдар да президент сайлауының қорытындысына қарсылық танытпақшы. Полиция рұқсатсыз өтетін акциялардың алдын алатынын мәлімдеді.
"Миллиондар маршынан" көрініс. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл
"Миллиондар маршынан" көрініс. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл

Жаңадан сайланған президент Владимир Путинді қолдайтын Жалпыресейлік халық майданы атты ұйым мүшелері де 6 мамыр күні Поклонная гора атты орында жеке акция жасап, ұйымдарының құрылғанына бір жыл толуын атап өтпекші. Мәскеу қалалық әкімдігі бұл акцияны өткізу бойынша келісім алудың қажеті жоқ деп хабарлады.

Мамырдың 7-сі күні Ресей президенті қызметіне ресми түрде кірісетін Владимир Путиннің үшінші мәрте президент болып сайлануы елде бұрын-соңды болмаған наразылық толқуын тудырған еді. Бұл наразылыққа былтырғы желтоқсан айында өткен парламент сайлауы түрткі болған. Сол кезде сайлау нәтижесіне наразылық танытқан оппозицияның Мәскеуде өткізген шерулеріне жүздеген мың адам қатысқан болатын.

Мәскеуде мамырдың 6-сы өткен шерудің Youtube сайтынан алынған видеосын мына жерден көре аласыз:

XS
SM
MD
LG