Accessibility links

«Ресейдегі үлкен саяси дағдарыстың басы»


Петербургтегі антикоррупциялық шеру. 26 наурыз 2017 жыл.
Петербургтегі антикоррупциялық шеру. 26 наурыз 2017 жыл.

Наурыздың 26-сы күні Ресей қалаларында ондаған мың адам наразылық шерулеріне шықты. Мәскеудің өзінде ғана мыңнан аса адамды полиция ұсталды. Осы қаланың Тверь аудандық соты Коррупциямен күрес қорының құрылтайшысы Алексей Навальныйды шеру ұйымдастырып, полицияға бағынбағаны үшін 15 тәулікке қамап, 20 мың рубль айып салды.

Алексей Навальный Мәскеудегі мыңнан аса адаммен бірге биліктегі жемқорлыққа қарсы «Он нам не Димон» атты рұқсат етілмеген митинг кезінде полиция қолына түскен. Биліктің ресми рұқсатын алмаған мұндай наразылық шаралары наурыздың 26-сы күні Ресейдің көп аймағында өтті, аймақтағы қалаларда да ондаған белсендіні полиция ұстаған. «Агора» халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының заңгері Алексей Глухов «көп жағдайда шерушілерді күш қолдану арқылы ұстаған» дейді.

Навальныйдың ұсталуы.
Навальныйдың ұсталуы.

Алексей Глухов: – Менің ойымша, рұқсат етілсе де, рұқсат етілмесе де, бейбіт шараға қатысқан адамдарды қамауға алудың өзі – азаматтық құқықтарды өрескел бұзу. Көп жағдайда адамдарды күш қолдану арқылы ұстаған. Кейбіреулерін қолынан, аяғынан ұстап, сүйреген. Бүкіл ел аумағында қанша адамның қамалғанын айту қиын. Мәскеуде мыңнан астам адам ұсталды дейді. Аймақтарда ондаған кісі қамалған. Краснодарда, Екатеринбургте қамалғандар бар. Чебоксарыда қамалғандар жоқ, тек 16 жасқа толмағандарды шартты түрде ұстап, тез арада қайта босатып жіберген. Балаларының тәрбиесіне дұрыс қарамағаны үшін олардың ата-аналарына шара қолданады. Өйткені, Ресей заңдары бойынша кәмелетке толмағандар қоғамдық шараларға қатыса алмайды, қатысқан күнде оның жанында заңды өкілдері болуы керек. Мәскеуде, Нижний Новгородта да кәмелет жасына толмағандар көп ұсталған, - дейді ол.

Азаттық: – Бақылаушылардың көбі наразылықтың Кавказ аймағын да қамтығаны таңғалдырған. 150-ге жуық адам қатысқан Махачкаладағы наразылық кезінде полицияның шерушілерді ұстауы басқа қалалардағыдан басқаша болды ма?

Мәскеудегі шеру.
Мәскеудегі шеру.

Алексей Глухов: – Жоқ. Онда жүзден аса адам ұсталған. Кейбіреуіне 19.3 және 20.2 баптар бойынша (Ресей әкімшілік кодексі – ред.) хаттама толтырылған. Кавказ үшін бұл таңсық емес. Онда ерекше сот тәжірибе қалыптасқан. Тек оларда бұрын мұндай көп адамды рәсімдеп көрген емес. Бұл – полиция қызметкерлері үшін де, сот үшін де үлкен сынақ болып тұр. Осынша көп хаттаманы қалай қарап шығады? 20-баптың 2-тармағы бойынша 10 тәулікке тұтқындау көзделген. Оның үстіне, іс хаттама түскеннен соң бір тәулік ішінде қаралуы керек. Махачкаланың соттарында 100 адамның ісін қарау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Демек, онда әділ емес шешімдер шығуы мүмкін, - дейді заңгер Алексей Глухов.

Бақылаушылардың көбі жексенбіде бүкіл Ресей аумағын қамтыған жаппай наразылық шараларын «ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға» деп атады. Мәселен, саясаткер Владимир Милов мұны «біздің ішкі саяси жағдайымыздағы үлкен бетбұрыс» деп сипаттады. Оның айтуынша, халық «ұры биліктің ондаған жыл әрекетсіздігінен» шаршаған. Шолушы Александр Морозовтың айтуынша, «80 қалада өткен наразылық шарасы Ресейдің саяси тарихына кіреді», әрі Ресейде «азаматтық құқықтардың сақталуын, саяси талап қоя алатын адамдардың жаңа топтары пайда болды».

Шеруге келген Мәскеу жастары.
Шеруге келген Мәскеу жастары.

«Адамдардың жаңа тобы» дегені – ең алдымен жастар, солардың арасында кәмелетке толмағандар өте көп. Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институты профессоры, саясаттанушы Валерий Соловейдің ойынша, «бұл – Ресейде оқиғалар радикалдық жолмен дамитынының бір көрінісі».

Валерий Соловей: – Өткен жылғы қазан айынан бері мен «2017 жылы Ресейде үлкен өзгерістер болады» дегенді айтып келемін. Бұл өзгерістер саяси дағдарыс арқылы жүзеге асады. Қазір сол саяси дағдарыстың алғашқы кезеңі, яғни алғашқы қысым болып жатыр. Себебі ол бірнеше толқын арқылы жүреді. Меніңше, сәуірден бастап-ақ саяси және азаматтық белсенділерді қудалау басталады. Қазірдің өзінде мыңдаған белсендімен бірге шерулерден тікелей трансляция жүргізген Коррупцияға қарсы қордың 17 қызметкері ұсталды.

Азаттық: – «Болотный ісінің» жаңа бір түрі ме?

Валерий Соловей: – Иә, бірақ бұл жолы оның ауқымы кең әрі құқықтық жағы нашар болады.

Азаттық: – Осыншама көп жастардың наразылық шарасына қатысуына не себеп болды деп ойлайсыз?

Валерий Соловей: – Бұл айтпаса да түсінікті. Мұндай жағдайлардың көбінде бір ғана ортақ себеп болады: жастардың болашағы жоқ, әрі олар билікке де сенбейді. Жастар көшеге шықса, демек оқиға радикалды жолмен жүреді деген сөз. Саяси дағдарыстардың, соның ішінде революциялық оқиғалардың бәрінде жастар қозғаушы күш, авангард рөлін атқарады. Ресейде жастардың көтерілуі жағдайдың радикалды бағытқа ойысқанын аңғартады. Бұл – анық белгі.

Азаттық: – Тіпті Кавказ жұртының наразылық танытуы сізді таңғалдырған жоқ па?

Валерий Соловей: – Бұл жалпыұлттық саяси дағдардыстың басталғанын айғақтайды. Қазір бірінші кезеңі басталды. Бұдан да ауқымды екінші кезең күзде болады.

Валерий Соловей.
Валерий Соловей.

Азаттық: – Ресей үкіметінің бұл құлшынысты бейбіт наразылық шеңберінде ұстап қала алатын механизмдері бар ма?

Валерий Соловей: – Мүмкіндіктері бар, бірақ бұл үшін саясатты өзгерту керек. Билік бұған барады деп ойламаймын. Меніңше, билік өзіне таныс «гайканы қатты бұрау» әдісін қолданады. Гайка мен оның бұрандасын тот басып кеткендіктен, ол күл-парша болады.

Коррупциямен күрес қоры наурыздың басында Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевтің декларацияға енбеген жылжымайтын мүлкі туралы зерттеуінің нәтижесін жариялады. Оған «жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін» деген Медведевтің өзі де, оның көмекшілері де жауап бермегендіктен, Навальный наурыздың 26-сы күні бүкіл ел аумағында наразылық шараларын өткізуді ұсынды. Жексенбіде жемқорлыққа қарсы шаралар Ресейдің ондаған қаласында өтті. Оларға ондаған мың адам қатысты. Мәскеудегі рұқсат етілмеген шара көшеде серуендеу формасында өтті. Түрлі мәліметтер бойынша, оған 8 мыңнан 20 мыңға дейін адам қатысқан.

Светлана Павлованың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG