Accessibility links

Ресей Қытайға газ құбырын тартуға кірісті


"Газпром" басшысы Алексей Миллер. (Көрнекі сурет)

"Газпром" басшысы Алексей Миллер. (Көрнекі сурет)

Қаржыдан тапшылық көріп отырған «Газпром» Қытайға құбыр салуға кірісті. Бұл құбырды салу үшін «Газпром» «Роснефть» компаниясымен таласып келеді.

Ресейдің «Газпром» компаниясы қыркүйектің 1-і күні негізінен Қытай нарығына шикізат тасымалдайтын «Сібір күші» («Сила Сибири») атты магистральдық газ құбырының құрылысын бастады. Газ монополисі жобаны қаржыландыруға қиналса да, Ресейдің мемлекеттік ірі мұнай компаниясы «Роснефтьпен» құбыр салуға таласып, бәсекелестің алдын орау үшін іске кірісіп те кетті.

«Газпром» бұл жобаны іске асыру үшін ондаған жылдар бойы келіссөз жүргізіп келіп, биыл Ресейден Қытайға газ тасымалдау шартын бекітуге қол жеткізді. Биыл мамыр айында ресейлік газ монополисі мен Қытайдың CNPC мемлекеттік мұнай-газ компаниясы келісімшартқа қол қойды. Ол келісім бойынша Ресей Қытайға 30 жыл бойы жыл сайын 38 миллиард текше метр газ тасымалдайды.

«ГАЗПРОМНЫҢ» МАҚСАТЫ НЕ?

Келісім-шартқа қол қойылған кезде «Газпром» басқарма төрағасы Алексей Миллер мәлімдегендей, жобаның жалпы құны 400 миллиард доллар болмақ. Бірақ газдың экспорт құны әлі күнге белгісіз – шартта көрсетілген бағамен есептегенде, тасымал уақыты мен мөлшерін санай келгенде, Қытай 1 мың текше метр газға 350 доллар төлейтін болады.

"Сібір күші" газ құбырының "Газпром" сайтындағы картасы.

"Сібір күші" газ құбырының "Газпром" сайтындағы картасы.

Жоба бойынша, «Сібір күші» газ құбыры Якутиядағы Чаянды мұнай-газ кен орнынан Хабаровск арқылы Владивостокқа тартылады. Благовещенск ауданы тұсынан Қытайға апаратын тармағы салынады. «Сібір күшіне» Иркутск облысындағы Ковыкты газ кен орнын қосу да жоспарланған.

Газ құбырының жалпы жобалық қуаты - жылына 61 миллиард текше метр газ айдау. Қытай әзірше жыл сайын тек 38 миллиард текше метр газ алмақ.

Газ құбырының қуаты осынша зор екені таңғалдырады. Бірақ Қытай тек 38 миллиард текше метр газ алатынын айтып отыр.

«Инвесткафе» компаниясының сарапшысы Григорий Бирг: «Газ құбырының қуаты осынша зор екені таңғалдырады. Бірақ Қытай тек 38 миллиард текше метр газ алатынын айтып отыр. Құбыр болашақта қосымша келісім-шарттар жасалады деген есеппен салынатын тәрізді. Бірақ қазір ондай қосымша келісімдер туралы нақты ештеңе айтылмайды. Қытай нарығы өсіп келеді. Оның үстіне Еуропаның Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылғысы келетінін ескерсек, жаңа нарық іздеу әрекетін құптаймыз. «Сібір күшінің» газы тек Қытайға кетпейді, құбыр Қиыр Шығыс аудандарына газ жеткізуді де мақсат етеді. Құбыр Қиыр Шығыстағы сұйытылған газ әзірлейтін «Газпром» жобасымен салынған зауытты да шикізатпен қамтамасыз етпек» дейді.

Сарапшылар болашақта «Газпромның» (әсіресе, Қытайға) газ тасымалын ұлғайтатынына күмәнданбайды. «Райффайзенбанк» сарапшысы Андрей Полищук те солай ойлайды. «Газпром» газ тасымалын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның үстіне Қытай да газ тұтынуды көбейтеді. Сондықтан Мәскеу болашақта Пекиннің сенімді газ жеткізушісіне айналады» дейді сарапшы.

«Сібір күшінің» бастапқы құны (құбырдың өзі мен оған қажетті инфрақұрылым) 55 миллиард долларға бағаланған еді, бірақ кейін инвестиция мөлшері қайта қаралды. Мәселен, шілде айында Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі Сергей Иванов 60-70 миллиард доллар деген соманы атады.

«РОСНЕФТЬ» ТЕ ҮЛЕС АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Келісім-шартқа сәйкес, қытай тарапы «Газпромға» алдын ала төлем ретінде 25 миллиард доллар аударады, ол ақша газ құбырын салуға жұмсалады. Андрей Полищуктің жобалауынша, қалған қаржыны «Газпром» өзі құяды.

Қытайдан алған 25 миллиард доллармен «Газпром» өзінің операциялық инвестицияларын жабады да, шетелден осы жоба үшін қарыз алмайды.

«Менің ойымша, Қытайдан алған 25 миллиард доллармен «Газпром» өзінің операциялық инвестицияларын жабады да, шетелден осы жоба үшін қарыз алмайды. Егер әлдебір шетін жағдай болса, «Газпром» (басқа жобаларға салған қаржысын азайтса да) осы жобаны өз есебінен қаржыландырады» дейді ол.

«Инвесткафе» компаниясының өкілі Григорий Биргтің пікірі басқаша. Ол «Газпром» барлық қаржы көздерін пайдалануға тырысады – өз қаражатын да құяды, шетелден де қарыз алады» дейді. Оның айтуынша, «Қазір ресейлік мұнай-газ компанияларының халықаралық нарық капиталын пайдалануы біршама шектелді. Сондықтан бұл жобаны мемлекет тікелей қаржыландыруы мүмкін немесе қаржы жағынан үлес қосып, компанияның оны іске асыруына көмектеседі» дейді.

Қазір «Газпром» газ экспорттау құқығы бар монополист компания ретінде жаңа құбыр құрылысын жалғыз бастап отыр. Бірақ бұл құрылысқа араласуға Ресейдің ірі мұнай компаниясы «Роснефть» өкілдері де ынталы. «Сібір күшімен» газ тасымалдау құқығын алу үшін «Роснефть» соттасуға да даяр.

«Инвесткафе» сарапшысы Григорий Бирг «компанияның талабы қисынды» дейді. Оның айтуынша, «Роснефть» компаниясы «Сібір күші» жобасын іске асыруға қатысқысы келеді, себебі газ құбыры оның кен орындарының қасынан өтеді, ол жерлерде газ ресурстары бар. Әрине, компания осы газ кендерін пайдаланып пайда табуға ұмтылады, ал елдің энергетикалық секторын дамыту үшін мұнай мен газ ресурстарының барынша тиімді пайдаланылғаны дұрыс. Құбыр құрылысына басқа компанияларды қатыстыруға кедергі жоқ. «Газпром» не тасымалды төлеуді, не құбырды салуға кететін шығынның бір бөлігін көтеруді талап етсе болады».

Жобаны мемлекет тікелей қаржыландыруы мүмкін немесе қаржы жағынан үлес қосып, компанияның оны іске асыруына көмектеседі.

«Райффайзенбанк» сарапшысы Андрей Полищук те осы болжаммен келіседі. Оның пікірінше, «Роснефть» талабы ерте ме, кеш пе – қанағаттандырылады. Тіпті газ экспортындағы «Газпромның» монополиялық құқығы жойылуы да мүмкін».

«Роснефть» пен тәуелсіз газ өндірушілер шығыс құбыры бойынша газ экспорттауға қол жеткізеді. Бірақ оның қандай жолмен жүзеге асатыны белгісіз. Мүмкін, «Роснефть» өз газын Қытай құбырына тікелей жеткізер немесе «Газпром» «Роснефть» компаниясынан газды экспорт нетбэгіне (экспорттық алым мен тасымалдау құнын алып тастағаннан кейінгі бағасына) жақын бағамен сатып алады» дейді ол.

«Газпром» жобасы бойынша, бір тармағы Қытайға тартылатын «Сібір күші» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың соңында аяқталады, сол кезде Якутиядағы Чаянды кен орны да іске қосылуы мүмкін.

«Газпромның» хабарлауынша, Ресей газы Қытай тұтынушыларына 2019 жылы беріле бастайды.

Азаттық тілшісі Иван Трефиловтың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG