Accessibility links

ЕАЭО Армения мен Қырғызстанды қабылдамақ


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Армения президенті Серж Саркисян Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында отыр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Армения президенті Серж Саркисян Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында отыр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Қазанның 10-ы күні Армения мен Қырғызстан Еуразия одағына кіруі мүмкін. Арменияны одаққа Таулы Қарабақсыз қабылдау жоспарланған, ал Қырғызстан президенті Минскіге Бакиевке бола барғысы келмеген.

Кейінгі күндері Армения мен Қырғызстанның ресми тұлғалары өз елдерінің қазанның 10-ы күні Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіретінін мәлімдеп жатыр. Бұл күні Минскіде Ресей, Қазақстан және Беларусь құрған, келесі жылдың басында күшіне енетін ЕАЭО саммиті өтеді. Одақты кейбір сарапшылар «Путин басқарған Ресейдің қол астында болатын, Совет Одағын қайта жаңғырту жобасы» деп атайды. ЕАЭО басшылары бұл пікірмен келіспейді.

Бір қызығы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Арменияны ЕАЭО-ға қабылдар кезде Әзербайжанның Таулы Қарабақ проблемасы жөніндегі позициясын ескеру керек» деген сөзіне Армения шамданған еді.

АРМЕНИЯ ЖӘНЕ ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ ШЕКАРАСЫ

Қазанның 8-і күні Тбилисиде, Грузия президенті Георгий Маргвелашвилимен өткен ресми кездесуінде Арменияның ұлттық құрылтайы төрағасы Галуст Саакян «Армения Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өту жолын таңдады» деп мәлімдеді.

Ал Грузия сыртқы саясат стратегиясында Еуропа Одағымен (ЕО) жақындасу курсын ұстанады. Маусым айының аяғында Грузия ЕО-мен сауда-саттықты терең әрі кең ауқымда дамыту туралы ассоциация келісімге қол қойған.

Таулы Қарабақ картасы.

Таулы Қарабақ картасы.

Арменияның ЕАЭО-ға қосылу процесі аяқталғанын өткен аптада «Ресей шақырады!» форумында Ресей президенті Владимир Путин де айтқан. «Қырғызстанмен де қызу диалог жүргізіліп жатыр» деген ол «болашақта бұл бірлестікке мүше елдер қатары көбейе түсетініне сенімдімін» деп мәлімдеген еді.

Ресей, Беларусь және Қазақстан басшылары ЕАЭО туралы келісімге мамырдың 29-ы күні Астана қаласында қол қойған. Ол кезде президент Назарбаев «Армения Еуразия экономикалық одағына Таулы Қарабақ аймағынсыз, БҰҰ мойындаған шекара аясында ғана кіре алады» деп мәлімдеген. Оның бұл мәлімдемесін Армения қатты сынап, ал Әзербайжан қызу қолдаған.

- Әзербайжандағы тағы бір жолдастың шамына тимес үшін сіздер Еуразия одағына да ДСҰ-ға (Дүниежүзілік сауда ұйымы) кірген сияқты БҰҰ мойындаған шекара шегінде кіруге тиіссіздер. Біз Әзербайжан президентінен Арменияның ДСҰ-ға «Ұйым ережелері Арменияның БҰҰ мойындаған халықаралық шекарасындағы территориясына ғана таралады» деген ескертумен кіргені туралы хат алдық. Мұны талқылап, ескеру керек, - деп мәлімдеген Назарбаев.

Назарбаевтың бұл сөздері Арменияда көпке дейін ЕАЭО-ның «рөлі мен орны» туралы пікірталастарға себеп болды. Саяси ғылымдар докторы әрі Кавказ институты директорының орынбасары Сергей Синасянның Азаттық тілшісіне айтуынша, Армения Еуразия экономикалық одағына Таулы Қарабақ аймағынсыз, халықаралық ұйымдар мойындаған шекара аясында кірмек.

Солдан оңға қарай: Армения, Ресей, Қазақстан, Беларусь және Қырғызстан президенттері. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Солдан оңға қарай: Армения, Ресей, Қазақстан, Беларусь және Қырғызстан президенттері. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

- Армения Республикасының халықаралық тұрғыдан мойындалған шекарасына Таулы Қарабақ аймағы кірмейді. Армения билігі мен Таулы Қарабақта тұратын армян халқының пікірінше, Таулы Қарабақ республикасы - мойындалмаған мемлекеттік құрылым. Әскери-саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда, Таулы Қарабақ пен Армения - бір ел екені даусыз. Тіпті Еуразия одағына кіргеннен кейін де Армения мен Таулы Қарабақ арасында әлдебір әскери, саяси, гуманитарлық немесе басқаша интеграциялық шекара болуы мүмкін емес, - дейді Сергей Минасян.

Оның пікірінше, Армения Еуразия экономикалық одағына бір жағынан саяси есеппен, яғни ең басты әскери-саяси одақтасы Ресейдің мүддесін ескеріп кірмек. Ал екінші жағынан, еуразиялық нарықтағы энергетикалық ресурстар, әскери мақсаттағы өнімдер мен өзге тауарлар алу үшін Арменияға жеңілдіктер берілуі мүмкін деп үміттенеді.

Бірақ Сергей Минасянның айтуынша, Арменияның географиялық орналасу ерекшелігі мен ЕАЭО елдерімен құрлық арқылы өтетін ортақ шекарасы жоқ екенін ескере отырып, Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өту туралы келісімге қол қойған соң Арменияға 4-5 жылға дейін өтпелі кезең беріледі.

АТАМБАЕВ БАКИЕВҚА БОЛА БАРҒЫСЫ КЕЛМЕГЕН

Еуразия экономикалық одағына Армениямен қатар Қырғызстан да қосылуы мүмкін. Жергілікті баспасөздің жазуынша, Қырғызстан Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағына бір келісімге қол қою арқылы кіруден үміттенеді. Осы аптада Қырғызстан парламенті ел заңдарын ұйым талаптарына сәйкестендіру туралы заң жобаларын алғашқы оқылымда мақұлдады. Бірақ жаңа нарықтардың ашылуы қарсаңында кейбір тауарлардың бағасы қымбаттап кетті.

Елдер одақ, қауымдастыққа бірігіп жатады. Біз үшін Еуразия кеңістігінде бұдан басқа балама жоқ. Бірыңғай экономикалық кеңістікке сондықтан кірмекпіз.

Қырғыз парламентінің депутаттары бұл оқиғаны әрқилы бағалайды. Олардың кейбірі Еуразия экономикалық одағына мүшеліктен Қырғызстанның экономикасы мен саясаты зиян ғана шегеді деп санайды. парламент депутаты Құрманбек Диханбаев:

- Одаққа кіру мәселесі жеткілікті талқыланған жоқ. Үкімет мәселенің саяси жағын талқылап, одаққа кірудің жағымды тұстарын ғана мәлімдегенімен, экономикалық тиімділігі, яғни кіріс-шығысқа қатысты мәселелері талқыланбады, - деп мәлімдеді.

Тағы бір депутат Асылбек Жиенбеков ЕАЭО-ға кіруді «әбден ойланып шешілген саналы қажеттілік» деп атайды.

- Елдер одақ, қауымдастыққа бірігіп жатады. Біз үшін Еуразия кеңістігінде бұдан басқа балама жоқ. Бірыңғай экономикалық кеңістікке сондықтан кірмекпіз. Әрине, ұйымға мүшеліктің Қырғызстан үшін зардаптары болады . Бірақ ең бастысы, қарабайыр экономикадан өндірістік экономикаға көшу үшін алдымыздан жаңа нарықтар ашылады, - дейді Асылбек Жиенбеков.

Қазанның 10-ы күні Минск қаласында ЕАЭО басшылары мен Армения, Қырғызстан президенттерінің кездесуі жоспарланған. Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың Минскіге келу-келмеуі соңғы күндерге дейін белгісіз болды. Беларусь жағы «ауыр қылмыстар жасаған» деп айыпталып, өмір бойы түрмеге кесілген Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті беруден бас тартқан соң Бішкек пен Минск арасы біраз нашарлаған еді. Азаттықтың Қырғыз редакциясының жазуынша, президент Атамбаев сөйтсе де Минскіге бармақ болып отыр.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG