Accessibility links

Дума телеарналарды алалайтын заң жобасын мақұлдады


"Дождь" телеарнасының құрылтайшысы және бас директоры Наталья Синдеева. Мәскеу, 4 ақпан 2014 жыл.
"Дождь" телеарнасының құрылтайшысы және бас директоры Наталья Синдеева. Мәскеу, 4 ақпан 2014 жыл.

Ресей думасы кабель және спутник телеарналарына жарнама беруге тыйым салатын заң жобасын мақұлдап, жұртты таң-тамаша қалдырды. Бұл заң әсіресе тәуелсіз телеарналарға ауыр соққы болып тиді.

Дума депутаттары мақұлдаған кабель және спутник телеарналарынан жарнама беруге тыйым салатын заң күшіне енсе, Ресейдегі көптеген шағын, тәуелсіз телеарналар жабылып қалуы мүмкін.

Осы заңның арқасында мемлекеттің қарамағындағы ірі телеарналар жарнама нарығында толық үстемдік құратын болады.

Даулы заң жобасы Ресей парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік думада екі сессиядан, үш оқылымнан жеделтеде өтіп, өткен аптада мақұлданды.

Жарнама беруге тыйым салынған телеарналардың қатарына «ұлттық, міндетті әрі жалпы халыққа арналған» арналар ғана кірмейді, мұның үстіне бұлар кәдімгі эфирлік арналар болуы керек. Бұл категорияға осы күні Ресей телевизиясын жаулап алған мемлекет бақылауындағы телеарналар ғана кіреді.

АШЫҚ ХАТ

Жаңа ережені қолдайтындардың айтуынша, бұл заң «телевизия нарығындағы әділетсіздікті тоқтатуға септігін тигізеді». Ақылы телеарналар жазылушылар есебінен де, жарнамадан да ақша табатын болса, тегін эфирлік арналар тек жарнамаға тәуелді.

15 ақылы телеарнаның басшылары, соның ішінде оппозицияға бүйрегі бұратын «Дождь» телеарнасының басшысы Наталья Синдеева да бар, үкіметке ашық хат жазып, «бұл заң елдегі кабель және спутник телеарналарының тең жартысын құрдымға жібереді» деп дабыл қақты.

"Дождь" телеарнасын қолдау акциясына келген әйел. Москва, 8 февраля 2014 года.
"Дождь" телеарнасын қолдау акциясына келген әйел. Москва, 8 февраля 2014 года.

Хат авторлары «Жарнама нарығынан шеттетілген жағдайда 150-ге жуық тақырыптық арналар құрдымға кетуге шақ қалады. Телевизия қызметіне ақыны көбейткен жағдайда, тұтынушылардың наразылығы туындауы мүмкін» деп жазды.

Хатқа қол қоюшылар, «жаңа заң ақылы телеарналарға жарнама беріп жүрген шағын және орта бизнес өкілдеріне де зиян келтіреді» деп ескерткен. Себебі «тек ірі бизнес өкілдерінің ғана федералдық телеарналарға жарнама беруге мүмкіндігі бар».

«ТӘУЕЛСІЗ ТЕЛЕАРНАЛАРДЫ ТҰНШЫҚТЫРУ»

Сарапшылардың айтуынша, «Ресейде соңғы жылдары көбейіп бара жатқан ақылы телеарналарға жазылу және олардың қызметіне ақы төлеу мәселесін реттейтін уақыт келді». Бірақ олар «жарнамаға тыйым - бұл саланы тәртіпке келтірудің оңтайлы жолы емес» дейді.

«Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында телесыншы Александр Мельман «Ақылы телеарналардың бірыңғай ақы төлеу жүйесі қалыптаспаған. Сондықтан, бұл саланы реттеу қажет-ақ. Бірақ бұған коммерциялық жарнаманың не қатысы бар екенін білмеймін. Менің білуімше, біздің елде әлі нарықтық экономика жұмыс істеп тұр. Демек телеарналардың бұл әдіспен де табыс табуына қақысы бар. Бұл – қалыпты жағдай» деді.

"Комсомольская правда" газетінің телесыншысы Александр Мельман.
"Комсомольская правда" газетінің телесыншысы Александр Мельман.

Мельманның айтуынша, бұл заң «Дождь» сияқты тәуелсіз телеарналардың жарнаманың көмегімен күш алуына жол бермеу, ал мемлекеттік телеарналардың тележарнама нарығындағы монополиясын сақтап қалу мақсатында қабылданып отыр».

Ресейдің коммуникациялық агенттіктер қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, елдегі телевизия жарнамасы нарығының 97 пайызы тәуелсіз арналарға тиесілі. Өткен жылы олар бұдан 4 миллиард 400 мың доллар табыс тапқан.

Жаңа заңның қабылдануы бүкіл Ресейде наразылық туғызды, осы аптада бұл қатарға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да қосылды.

7 шілде күні ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Дунья Миятович «Мұндай заң қабылданған жағдайда бұл түзетулер жарнаманың арқасында күнелтіп отырған шағын және орта көлемді телеарналарды негізгі табыс көзінен айырады. Бұл Ресейдегі ақпараттық плюрализмді және ақпараттың еркін таралуын шектей түседі» деді.

ЕҚЫҰ Ресей президенті Владимир Путинді «тым қатал әрі қисынсыз заң жобасына» вето қоюға шақырды.

(Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG