Accessibility links

Дерипасканың дауы Ельцин дәуірінің құпияларын ашуы мүмкін


"РУСАЛ" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олег Дерипаска (сол жақта) мен "СУАЛ-Холдинг" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Виктор Вексельберг Ресей президентімен кездесуде отыр. Мәскеу, Кремль.

"РУСАЛ" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олег Дерипаска (сол жақта) мен "СУАЛ-Холдинг" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Виктор Вексельберг Ресей президентімен кездесуде отыр. Мәскеу, Кремль.

Financial Times шілденің 7-сі Ресей олигархы Дерипасканың үстінен қозғалған іс жайлы мақала басты. Сарапшылар іс ары қарай тергелсе, 1990 жылдардағы оның карьерасы мен биліктегі байланыстары жайлы барлық мәліметтер жарыққа шығады дейді.

Financial Times («Файнэншл таймс») ақпараты бойынша, алюминий бизнесімен айналысып, миллиардерге айналған Ресейдегі ең бай бизнесмендердің бірі Олег Дерипаско Лондон жоғарғы сотының алдында жауап бермекші.

«ЕЖЕЛГІ ДАУ»

Басылымның жазуынша, сот отырысы шілденің 9-ына белгіленген. Дерипасканың үстінен арыз берген адам - Өзбекстаннан шыққан бизнесмен Михаил Черной. Арыз берушінің айтуынша, ол 1990 жылы Совет Одағы құлаған соң, Дерипасканың Ресейде «алюминий империясын» құруына ықпал еткен және оның бизнестегі әріптесі болған.
Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев (ортада) пен "РУСАЛ" АҚ бас директоры Олег Дерипаска (сол жақта) "РУСАЛ" Саяногорск алюминий зауытында. Ресей, Хакасия, Саяногорск қаласы, 11 наурыз 2011 жыл.

Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев (ортада) пен "РУСАЛ" АҚ бас директоры Олег Дерипаска (сол жақта) "РУСАЛ" Саяногорск алюминий зауытында. Ресей, Хакасия, Саяногорск қаласы, 11 наурыз 2011 жыл.


Бұл істің қозғалуына 1990 жылдардағы «алюминий қақтығысы» түрткі болғанға ұқсайды. Ол кезде ұйымдасқан қылмыстық топтар мен тағы басқа ықпалды бизнесмендер Ресей алюминий зауыттарына иелік ету үшін бір-бірімен таласып жатқан.

Financial Times (FT) басылымының жазуынша, бұл істің кейбір эпизодтары өте қауіпті. Сондықтан да Эндрю Смит есімді сот кейбір куәлардың қауіпсіздігі үшін оларға бүркеме есіммен сөйлеуге рұқсат еткен. Тіпті кейбіреулерін жеке әрі құпия түрде тыңдауға мәжбүр болған.

Михаил Чернойдың мәлімдеуінше, Дерипаска екеуі «Сибал» алюминий компаниясына ақша салған. Уақыт өте келе «Сибалды» «Русал» фирмасына айналдыру үшін «Сибнефт» компаниясымен біріктірген.

Чернойдың айтуынша ол Дерипаскамен 2001 жылдың наурызында Лондонда кездесіп, екеуі екі құжатқа қол қойған. Келісім бойынша Дерипаска «Сибалдағы» акциясы үшін оған 250 миллион доллар ақша төлеуге және акцияның 20 пайызын Чернойдың атына аударуға міндетті болған. Черней сол келісім-шартта көрсетілген үлесті ала алмай жүргенін айтыпты.

Мақала авторы «Дерипаска бұл мәліметтердің бәрін жоққа шығарады» деп жазған. Керісінше ол «бизнеске «қорған» болған Чернойға мәжбүрлі түрде ақша төлеп отыруға амалсыз келістім» деп мәлімдеген.

«ЕЛЬЦИН ДӘУІРІНДЕ ДҮРІЛДЕГЕН ДЕРИПАСКА»

Мақалада Чернойдың «1990 жылдары Ельцин басқарған тұста менің биліктегі таныстарым мен көмегім болмағанда, Дерипаска өз бетінше мұндай биікке көтеріліп, алюминий өндірісінің қожасына айналмас еді» деген сөзі де берілген.
Ресей президенті Борис Ельцин (сол жақта) ақын Белла Ахмадулинаны (оң жақта) «Отан алдындағы қызметі үшін» III дәрежелі орденімен марапаттап тұр. 4 тамыз 1997 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Борис Ельцин (сол жақта) ақын Белла Ахмадулинаны (оң жақта) «Отан алдындағы қызметі үшін» III дәрежелі орденімен марапаттап тұр. 4 тамыз 1997 жыл. (Көрнекі сурет)


Егер осы жолы Черной жеңетін болса, бұл іс бойынша тағы бір тексеру басталмақ. Бірақ ол кезде талап етілетін қаржы көлемі 1 миллиад доллардан асады.

Автордың зерттеуінше, миллиардер кезінде Ельцин отбасымен тығыз қарым-қатынаста болған. Енді ол Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путинмен де сондай байланыс орнатуға әрекеттеніп жатыр.

FT «Бұл іс Совет Одағы ыдырап, Ресейдің ірі зауыттары су тегін сатылып жатқан 1990 жылдардағы Дерипасканың өсу карьерасы мен биліктегі байланыстары жайлы барлық мәліметтерді жарыққа шығаруы мүмкін» деп жазады.

Шетелдік басылым Дерипасканың өмірбаянына қысқаша тоқталып, алюминий өндірісінің қожасына қалай айналғаны жайлы аз-кем деректер беріп өткен.

2008 жылы Forbes журналы Дерипасканы «28 миллиард доллар ақшасы бар. Әлемдегі ең бай тоғыз адамның бірі» деп бағалаған.

«ИНТЕРНЕТ СОТ»

Басылымның жазуынша, Черной 1991-ші жылы Ресейден Израильге көшіп кеткен. Ол осы іс бойынша Лондонның жоғарғы сотына 2006, 2008 жылдары екі рет шағым түсірген. «Ресейге барса қуғындалып, қамалуы мүмкін» деп, оның арызын Лондон соты қарауға келіскен. Бірақ Черной Лондон мен Еуропа одағының территориясына кіре алмайды. Себебі Испан үкіметі оны «қаржылық алаяқтық жасады» деп айыптап, тұтқындауға ордер берген. Енді ол Израильде отырып, сотқа интернет арқылы куәлік береді.

Мақалада «Дерипаска Лондондағы сотқа өзі келеді және оған көмек ретінде «Челси» футбол командасының иесі Роман Абрамович куәлік береді» деген де деректер бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG